БІР КІСІ ҚАЗҒАН ҚҰДЫҚТАН МЫҢ КІСІ СУ ІШЕДІ

240

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Шымкент қаласына келіп, «Тең қоғам» әлеуметтік қорғау орталығында мүмкіндігі шектеулі азаматтармен және ҮЕҰ жетекшілерімен кездесті. Министр халықтың алдында бір жарым сағатқа жуық уақыт тік тұрып, азаматтардың сауалдарына жауап берді. Жиын барысында әлеуметтік саладағы қордаланған проблемалар қозғалып, оның шешілу жолдары баяндалды.

Отбасының цифрлық картасы түзіледі

Мемлекет басшысы қыркүйек айындағы Жолдауда «2023 жылдан бастап отбасының цифрлық картасы және әлеуметтік әмиян сияқты тәсілдерді енгізу жоспарланып отыр. Осы бастамалар аясында мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары біріктіріледі. Оның бәрі барынша түсінікті, ең бастысы, нақты болады әрі алдын ала жасалады» деп тапсырма берген болатын. Тамара Дүйсенова аталмыш тапсырманың орындалу барысында тоқталды.
– Мемлекет басшысы, әуелі, отбасының цифрлық картасын түзуді тапсырды. Қазақстанның әр отбасы өзіне мемлекет тарапынан қандай кепілдендірілген көмек бар екенінен хабардар болып отырады. Яғни, белгіленген статусына қарай әлеуметтік көмекті алады және бұрынғыдай әр әлеуметтік органға жүгірмейді. Мәселен, көп балалы ана, зейнеткер болса, телефонына «Сіздің 1 жасқа толмаған балаңыз бар. Сіз балаңыз 1,5 жасқа толғанға дейін әлеуметтік жәрдемақы ала аласыз» деген сынды хабарлама келеді. Екіншіден, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды да әр мемлекеттік орган арасында әуреге салмау үшін бір терезе қағидаты бойынша құжатын рәсімдеу қолға алынбақ. Яғни, емханаға барғанда тиісті мәліметтерді алып, құжатын сол жерде рәсімдей алады. Үшіншіден, жастар мәселесі басты назарда тұр. Мәселен, өткен жылы Қазақстанда 450 мың бала дүниеге келді. Бұл шамамен бір облыс халқының санына пара-пар. 2003 жылдан бері туылған балалар қазіргі уақытта еңбекке қабілетті жасқа жетті. Бүгінде олар жұмыспен қамту, оқу мәселелерімен бетпе-бет кездесіп отыр. Осы мәселені шешу мақсатында Мемлекет басшысы Жолдауда жыл сайын мемлекет тарапынан 100 мың жасты субсидияланған жұмыс орындарына жұмылдыруды тапсырды, – деді министр.

Үйде де, түзде де бір арба

Министр кездесу барысында ресми баяндама жасамай, бірден азаматтардың көкейтесті сауалдарына жауап берді. Жиынды Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков жүргізіп отырды.
Жиын барысында ерекше жандар саладағы министрлік тарапынан өзгертулерді талап ететін өзекті мәселелерді қозғады. Әсіресе, мемлекеттік тапсырыс аясында берілетін әлеуметтік, медициналық заттар мен олардың сапасы, бейіні және қолдану ұзақтығына қатысты кереғар жағдайларды талқылады.

 

Алғашқы сауал қоларба жайында болды. Олардың айтуынша, мемлекет есебінен мүмкіндігі шектеулі жандарға қоларба 4-5 жыл мерзімге беріледі, ол аралықта арба тозып, қолдануға жарамсыз күйге түседі. Олар үй ішінде, серуенге, тіпті спортпен шұғылдануға да бір ғана арбаны қолданып жүргендерін ашына жеткізді.
– Өте өзекті мәселе. Бүгінге дейін Қазақстанның 6 өңірінде де осы сауал қойылды. Мемлекетіміздің экономикалық жағдайына қарай барынша қолайлы орта қалыптастыру мақсатында жұмыс істеп келеміз. Әзірге әр азаматқа серуенге, спортқа және үй ішіндегі қозғалысқа бөлек-бөлек қоларба алуға мүмкіндік болмай тұр. Сондықтан министрлік Ресей, Қытай, Германия еліндегі өндірушілермен байланысып, портал арқылы күнделікті қолдануға қолайлы, әмбебап әрі сапалы нұсқаларын ғана шығарып келеміз. Бүгінде елімізде де қоларба өндірушілері шығып жатыр. Біз олармен де байланысып, өз ұсынысымызды жеткіздік. Отандық өндірушілердің көмегімен бүгінде балаларға арналған қоларба шығарыла бастады. Сонымен қатар, қазіргі арбалардың дөңгелегін ауыстыруға ыңғайлы, яғни қыстық және жаздық үлгіге алмастыруға да болады. Ал алдағы уақытта қоларбаға тапсырыс бергенде азаматтардың жасын, дене бітімін, салмағын да ескеруді қолға алмақпыз. Сонымен қатар, мемлекет әмбебап қоларбаға қаржы бөлсе,
«Қазақстан халқына» қоры қажеттілігіне қарай спорттық немесе серуенге арналған қоларбамен қамтамасыз етсе деген ұсынысымызды жеткізіп, заңдылығын қарастырып жатырмыз, – деді
Тамара Босымбекқызы.
Сонымен қатар, Т.Дүйсенова келер жылдан бастап мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мемлекеттік тапсырыс аясын берілетін медициналық, әлеуметтік тауарлардың барлық түрі бойынша сараптау жұмыстары жүргізіліп, саны мен қолдану мерзіміне қатысты шешім қабылданатынын айтты.

Қызмет көрсеткен мерзімі еңбек өтіліне есептелмек

Тамара Дүйсенова, сондай-ақ, ерекше жандардың жеке көмекшілері мен оларға төленетін әлеуметтік төлем жайында да баяндады.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын жеке көмекшіге әлеуметтік көмекшінің орташа айлығы төленіп, одан міндетті зейнетақы жарнасы алынатын. Бұл қызмет олардың еңбек өтілі ретінде қабылданды. Арада біршама уақыт құжаттарға өзгерістер еніп, тек жәрдемақы төленіп келген. Енді осы жағдайды қайта қалпына келтіру қолға алынып отыр. Яғни, жеке көмекшінің қазіргі алып жүрген сомасына зейнетақы қорына аударылатын төлем қоса аударылады. Тиісінше, жеке көмекші зейнет жасына жеткен кезде қызмет көрсеткен мерзімі еңбек өтіліне қосылып, соған сәйкес зейнетақы ала алады, – деді министр.
Сондай-ақ, министрдің айтуынша, 2024 жылдан бастап жеке көмекшінің емдеу-сауықтыру орталығына төлейтін ақысының 70 пайызы мемлекет тарапынан қаралмақ. Яғни, емдеу-сауықтыру орталығына жолдама алған ерекше азаматпен бірге жеке көмекші де бара алады. Сонымен қатар, дербес мониторинг топтардың көмегімен емдеу-сауықтыру орталықтарының ерекше жандарға қолайлылығы зерделенбек. Яғни, ерекше жандардың еркін қозғалыс жасауына жайлы орта қалыптастырып, жағдай жасай алмайтын сауықтыру орталықтары мен шипажайлар анықталған жағдайда олардың қызметіне шектеу қойылады.

«Комиссия үшін ауруханаға жатудың пайдасы жоқ»

«АРДА» қоғамдық бірлестігінің өкілі медициналық-әлеуметтік сараптау комиссиясында аутизмге шалдыққан балалардың біріне қайта куәландыру мерзімі жоқ мүгедектік тобы белгіленсе, енді бірі әр 2-3 жыл сайын сараптамадан өтуге мәжбүр екенін айтты. «Диагнозы бір жандарға неге әр түрлі сараптама мерзімі бекітілген?» деген сауал қойды.

 

– Емделушілерге қойылған диагноз бір болғанымен, оларға бағытталған оңалту жұмыстары, емдеу барысы әртүрлі. Мәселен, 18 жастан асқан балаға көрсеткіштеріне қарай тек сауықтыру шаралары белгіленуі мүмкін. Ал өсіп келе жатқан балаға оның ағзасындағы өзгерістерді қадағалай отырып, емдеу шаралары тағайындалады. «Бұл дерт емделмейді» деп, тек белгілі бір мүгедектік тобын алу үшін ғана медициналық-әлеуметтік сараптау комиссиясынан өтетін кезде ауруханаға жатудың пайдасы жоқ. Дертінен түбегейлі айығып кетпесе де, ерекше балалардың денсаулығын қалыпты ұстап тұру үшін нозалогиясы бойынша белгіленген емді уақтылы, жауапкершілікпен алып отыру маңызды. Сондықтан медициналық-әлеуметтік сараптау комиссиясы тиісті ережеге сай сараптамадан өту уақытын белгілейді, – деп түсіндірді Тамара Дүйсенова.
Бүгінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың түйіні шешілмей жүрген тағы бір мәселесі — арнайы қоғамдық көлік. Еліміздің түкпір-түкпірінде «Инватакси» ғана қызмет көрсетіп келеді. Азаматтардың айтуынша, кейінгі уақытта бұл қызмет сапасы көңіл көншітпейді.
– Қоғамдық көліктің тапсырыс қабылдамауы, қызмет сапасының төмендегені өзге өңірлерде де жиі айтылып жүр. Бәсекелестік жоқ болған соң, қызмет сапасы да нашарлап кеткен. Қазіргі уақытта «Яндекс» компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұйыртса, келер жылы ерекше азаматтарымызды тасымалдауға Яндекс такси қызметі ұсынылмақ. Компания арнайы жабдықталған көліктерді жүйеге қосып, бағаны да қарапайым қатынас көлемінен асырмауды уәде етті. Бәсекелестік пайда болған соң, қызмет сапасы артады деген үміттеміз, — деді министр.
Айта кетейік, жиыннан соң Т.Дүйсенова «Тең қоғам» әлеуметтік қорғау орталығының тыныс-тіршілігімен танысып, ерекше жандармен пікір алмасты. Орталыққа келушілердің өз қолымен жасаған қолөнер бұйымдары мен еңбектерін тамашалап, мамандардың пікірін тыңдады.