АУДАН ӘКІМІ ОРАНҒАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

330

Бүгін Сауран ауданының әкімі Ғ.Рысбеков 2022 жылдың 9 айы бойынша атқарылған жұмыстарымен және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыс жоспарлары туралы бекітілген кестеге сәйкес, Оранғай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін. Олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» деп тапсырма берген болатын.

Оранғай жұртымен кездескен аудан әкімі Ғани Құрмашұлы аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы және оның ішінде Оранғай ауылдық округі бойынша кеңінен тоқталып өтті. Бұған дейінгі өткен кездесулерде ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелердің басым бөлігінің шешілгенін айтып, алдағы уақытта шешімін табатын мәселелерді тілге тиек етті.

Еркін форматта өткен кездесу барысында тұрғындар тарапынан бірнеше сұрақтар қойылды. Атап айтсақ, Қошқорған елді мекеніне жарықтандыру мәселесі, ауылдық округте учаскелік полицейлердің тұрақтамайтынын, Бостандық елді мекеніндегі Мешіт көшесін асфальттау, көшелерге камера қою, тратуарлар салу, трансформаторлар орнату, ауыз су мәселелерін көтерді. Ауыл тұрғындарының көтерген мәселелері бойынша аудан әкімі Ғани Құрмашұлы заң аясында кезең-кезеңімен шешілетінін, бұл бойынша тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.

Кездесуден соң аудан әкімі жеке қабылдау өткізді. Оған ауыл тұрғындары Ю.Қасимов Қосқорған ауылында орналасқан скважиналарды ауыз суға пайдалану бойынша тазалап беруді сұраса, И.Турметов жеке тұрғын үйді стадион салу мақсатында ауыстыруын, Ж.Егембердиев Кентау-Түркістан жолы бойына камера қоюды, өздері пайдаланып отырған ауыз суға фильтр орнатып беруді сұрады.

Жеке қабылдауға келген өтініштер бойынша алдағы уақытта тиісті жұмыстар жүргізілетінін, бұл бойынша жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырма беріп, алдағы уақытта шешілетінін жеткізді.

Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі