ЕШКІМ ДЕ ҚАМҚОРЛЫҚСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Қазіргі таңда Шымкент қаласында 235 мыңға жуық әлеуметтік осал топтағы азамат тұрады. Биыл қалалық және республикалық бюджеттен осал санаттағы азаматтарды әлеуметтік қолдау, оңалту және жұмыспен қамту шараларын іске асыру үшін жалпы сомасы 43 192,0 млн. теңге бөлінді. Оның 3 703,5 млн. теңгесі республикалық бюджеттен, ал 39 489,2 млн. теңгесі жергілікті бюджеттен қарастырылған.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ж.Утебаеваның айтуынша, бұл қаражат ең алдымен ардагерлерді, аз қамтылған азаматтарды, көпбалалы аналарды, зейнеткерлерді, сондай-ақ әлеуметтік қызметке мұқтаж басқа да санаттағы азаматтарды қолдауға бағытталып отыр.
Қалада зейнеткерлер саны – 97 912 адамды құрайды. Олардың ішінде Ұлы Отан соғысының куәгерлері – 2 адам, тыл еңбеккерлері – 1 554, ал соғыс ардагерлеріне теңестірілген азаматтар саны – 2 147. Сонымен қатар, қалада 69 739 көпбалалы ана бар (2024 жылы – 66 985). Оның ішінде 14 153 ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған, ал 4-5 баласы бар аналар саны – 55 586.
Айта кетейік, өткен жылы қалалық бюджеттен «Әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру» функционалды тобы бойынша 38 миллиард 936 миллион 220 мың теңге қаралып, оның 37 миллиард 410 миллион 998 мың теңгесі игеріліп, жоспар 96,1 пайызға орындалған болатын. Ал, биыл осы әлеуметтік топтарды қолдауға 2 миллиард 718,6 млн. теңге қаржы қарастырылды. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 423,3 млн. теңгеге көп. Мұндай өсім әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік қолдау көлемінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Зейнет жасындағы азаматтардың денсаулығын нығайтып, өмір сапасын жақсарту мақсатында санаторлық-курорттық емдеуге 865 млн. теңге бөлінді. 2024 жылы бұл мақсатқа 660,9 млн. теңге бөлінген болатын. 2025 жылы 5 500 ардагер мен зейнеткерге шипажайларға жолдама беру жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 225 ардагер жолдама алды, олардың 165-і «Ақсу демі» шипажайына, 60-ы «Күлпаршын» шипажайына жіберілді. Ал, былтыр осындай жолдама алған азаматтар саны 5 000 адамды құрады.
Мерекелер мен атаулы күндерге орай зейнеткерлер мен әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарға бір реттік және ай сайынғы материалдық көмек көрсету де жоспарланған. Бұл мақсатта 2 635,8 млн. теңге бөлініп, қазіргі таңда оның 1 000,5 млн. теңгесі игерілді. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 1 623,8 млн. теңгені құраған болатын. Бұл – елдегі инфляциялық үдерістер мен әлеуметтік қажеттіліктердің артуына байланысты қаражат көлемінің ұлғайғанын білдіреді.
Зейнет жасындағы азаматтарға арнап қызмет көрсететін «Ізетті зейнеткер» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жұмысы да назардан тыс қалмаған. Аталған мекемеге 2025 жылға 268,7 млн. теңге бөлініп, бүгінгі күнге дейін оның 59,7 млн. теңгесі игерілді. Жыл басынан бері мұнда 558 зейнеткер мен ардагер емдік-сауықтыру шараларымен қамтылды.
Жоғарыда келтірілген мәліметтер Шымкент қаласы әкімдігінің әлеуметтік әл-ауқатты нығайтуға бағытталған нақты және жүйелі жұмыстарының айқын дәлелі болып табылады. Қаладағы ардагерлер, зейнеткерлер, көпбалалы аналар мен аз қамтылған азаматтарға жасалып жатқан мұндай қолдаулар олардың өмір сүру сапасын жақсартуға, қоғамдағы белсенділігін арттыруға және әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.
«ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ»