ЖӘНІБЕК АҒЫБАЕВ АУРУХАНАДА ЕМДЕЛІП ЖАТҚАН БҮЛДІРШІНДЕРДІ МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАП БАРДЫ

123

Бүгін Келес аудандық орталық ауруханасындағы 50 бала аудан әкімінің атынан мерекелік сыйлықтар алды. Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев «Абай» Келес аудандық ауруханасында болып, ондағы емделіп жатқан бүлдіршіндерді 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап, сыйлықтарын үлестірді.

– Ең алдымен үйге жақындарыңызға оралу үшін тезірек сауығып кетуді тілеймін. Болашағымыздың берік тірегі — балғын балалардың мерекесін бүкіл әлем елдері тойлайды. Пәк күлкісі сыңғырлаған балалардың өмірін қорғау, оларға сапалы білім, саналы тәрбие беру, адамгершілікке, адалдыққа үйрету, бақытқа толы балалық шағын жарқын ету үшін үлес қосуға қоғамның әрбір азаматы мүдделі. Сіздерге зор денсаулық, қызықты мерекелік көңіл күй мен шынайы қуанышты сәттер тілеймін, — деді аудан басшысы.

Ем алып жатқан балалар үшін қонақтардың келуі тосын сый болды. Балаларға сыйлықтар таратылып, тілектер айтылды. Емделушілердің көңіл-күйі әп-сәтте көтеріле түсті. Ал жақсы көңіл-күй денсаулық кепілі екені сөзсіз.

Айта кетейік, Айта кетейік, Келес ауданында 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күнін мерекелеуге арналған ісшаралар жоспарына сәйкес «Алтын балалық шақ» онкүндігі басталды. «Алтын балалық шақ» декадасы 1-10 маусым аралығында өскелең ұрпақтың рухани және физикалық дамуына жәрдемдесуде қоғамның тұрақты назарын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылады.