ТҮРКІСТАНДА МЕРЕКЕГЕ ОРАЙ ЕРЕКШЕ ҚАЖЕТТІЛІГІ БАР 200-ГЕ ЖУЫҚ БАЛАҒА ҚУАНЫШ ҚОРЖЫНДАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ

42

Бүгін 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар 200-ге жуық балаға арнайы қоржындар табысталып, мерекелік көңіл күй сыйланды.

Қаладағы Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма театрында өткен жиынға қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Элмира Бейсенова және балалар мен ата-аналары қатысты.

Игі шарада қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы құттықтау тілегін арнап, жылы лебізін білдірді.

—Бала жүрегі ана деп, ана жүрегі бала деп соғады. Қазақ қашанда баланы болашағым деп біліп, тәрбиесіне аса мән берген. Ұлтымыздың мәңгі өмір сүруі де балаларымызға байланысты. Бүгінгі балаларды қорғау күнінің де еліміздегі бала құқығының әрқашан бірінші орында қорғалатынын көрсетеді, — деген қала әкімінің орынбасары бүлдіршіндерге, қала басшысының мерекелік қоржынын табыстап, құттықтауын жеткізді.

Мерекелік жиын барысында бүлдіршіндерге арнайы дайындалған сахналық қойылым қойып, театр өнерпаздары ертегі ұсынды.

Қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Элмира Бейсенованың сөзінше, шаһарда жалпы 1600 ерекше қажеттілігі бар бала тұрады.

— Балаларға әлеуметтік көмектің барлық түрі көрсетіледі. Одан бөлек, ай сайын «Мейірімді жүрек» акциясы ұйымдастырылып, балалардың қоғаммен байланысуын қамтамасыз ету шаралары жүйелі өткізіледі, — дейді бөлім басшысы.