ҰЛАҒАТТЫ ҰЛДАР ӘЖЕ

230

Түйе шаруашылығы сырт көзге оп оңай-ақ көрінгенмен өзіндік қыр-сыры мол тіршілік. Ондай сөзді аталмыш кәсіптің басы-қасында болған кісінің айта қоймасы анық.

Осы маң-маң басқан, шудаларын шаң басқан түлік төресі жайлы материал іздеу мақсатында зейнеткерлікке дейін Отырардың Маяқұмында талай жыл зоотехник болып жұмыс істеген, бүгінде құрметті демалыста болса да түйе малын кәсіп етіп отырған жасы 75-тен асқан, өзін әлі тың сезінетін Балтабай ағаға жолықтық. О, кісі «шу» дегеннен жалпақ май табан жануардың шұбаты мен еті, жүнінің пайдасы, емдік қасиеттерін ұзағынан әңгімеледі. Керек деген жерін біздер қолымыздағы қағазға түсіріп бақтық. Сөйлеген сөздің қызығымен сыртта автокөліктің келгенін, одан түскен қонақтардың сыртқы қақпаны қаққанын да естімеппіз. Тек терезеден келген кісінің сұлбалары көрінгенде Мырзакеңнің «Апам келіп қалыпты ғой» деп орнынан атып тұрғанда, кәдімгі балаша жүгіріп ала жөнелгенде барып біздер өзге үйде отырғанымызды сезіндік. Бірақ қарияға кейуананы көргенде аяқ астынан жас жігітке тән күш-жігердің пайда болғанына таң қалдық.

Шәй үстінде тағы да таусылмас әңгіме басталды. Бұл жолғы тақырып өзгеше болды.Сөз арқауы жасы 93- тен асып ғасырға жуықтаған әжеміздің төңірегіне ауысты.

Ұлдар әжеміз 1929 жылы осы өңірде дүниеге келіпті. 17 жасында отағасы Жаппаров Өтебаймен отбасын құрып дүниеге 6 ұл, 3 қыз әкелген. Зейнеткерлік жасына дейін мал шаруашылығында еңбек еткен. Ұлы Отан соғысы жылдары Қызылқұмның арасында совхоздың қойын баққан. «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін!» деген ұран тасталғанда күндіз мал соңында жүрсе, түнде әскер үшін шұлық, қолғап тоқып, киіз басқан. Соғыстан кейінгі жылдары шаруашылықтың егін даласында өткен. Күйеуі Өтебай екеуі талай мәрте Социалистік жарыстың жеңімпазы атанады. Жыл сайын кеңшардың бағалы сыйлықтарымен марапатталып отырады. Ол кезде көпшіліктің қолы жете бермейтін радиоқабылдағыштың түр-түрі үйлерінің төрінде тұрды.

Автокөлік дегеннің қат кезі. Бір ауданның өзінде 3-4 -ақ жеңіл машина болатын. 1986 жылы мемлекет ерлі-зайыптылардың еңбегін ескеріп «Нива» автокөлігін сыйға береді.

Ұл-қыздары ерте есейіп жеке отбасылы болып, тұрмыс құрып кетсе дағы екеуінің балажандығы болар үлкен ұлының Меруертін, екінші ұлынан Ләззатын бауырына басқан. Бүгінде Отырар ауданындағы Көлқұдық елді мекенінде үшінші ұлы Базарбайдың қолында тұрады. Жалпы әжеміз 44 немере, 115 шөбере, 17 шөпшек көріп отырған кейуана екен. Сөздің реті келгенде әңгімені отбасы, ұрпақ тәрбиесіне бұрдық. Ол кісі: «Иә, кез келген тәрбие жанұядан басталады. Сәбиді әлдимен, үлкенін ертегімен ұйықтату керек. Үйде таңертеңнен бастап жақсы сөз айтуға тырысқан жөн. Ырыс та, несібе де сенің сөзіңе байланысты келеді. Жоқшылықты, жетіспеушілікті айтып отыра беру оларды қашырады. Қайта бәріне «Е, тәңірім бергеніңе шүкір» десе босағаңнан жақсылық кетпейді. Қайта бәрінің бақ-дәулеттің, береке ынтымақтың сол шаңыраққа үйір болары анық. Отбасында ер азаматтың рөлін жоғары қою керек. Ол кісіні әйел «ерім» деп сыйлаумен бірге семьяның қорғаушысы, бекінісі деп түсінгені абзал. Дастархан үстінде де күйеуінің мәртебесін көтеріп отыруды, дәрежесін асыруды әдетке айналдыру қажет. Бала-шағаны «Әкеңнен рұқсат сұра» деген сөзге үйреткен дұрыс. Сонда ер азамат өзін отбасының иесі екендігін, түзде жүргенде артында бала-шағасының барын қатты сезінетін болады. Жалпы әке рөлі күшеймей отбасындағы шаруаның оңалуы қиын-ақ. Кейде келіндерім өтірік шыны қайдам «Әже сіз әлі де сұлусыз» дейді, оларға «Бәрі аталарыңның арқасы» деп қоямын. Шынында да бүгінде екеуміздің сыйластығымыздың жемісін көріп жатырмын.

Екінші кезекте балаларды еңбекке дұрыс баулу керек. Бастысы бала кез-келген жұмыстың түрінен қорықпағаны керек. Қайта одан нәр алуы қажет. Біздер жас кезімізде құдықтың шыңырауынан қауғамен су тартып мал суардық, егіннің басына шығып масақ тердік , үлкендерге көмектестік. Жалпы айтқанда буынымыз еңбекпен қатайды. Мен сондықтан да «сұлумын»-деп езу тартты. Біздер отбасының әңгіме-дүкенін бұзбайық деп негізгі шаруамызды келесі жолға қалдырдық. Қариямен бірге ере келген немересі Жанболатқа әжесінің ғасырға толған мерекесіне біздерді шақыруды ұмытпауды тапсыра тұрып Ұлдар әжеге ұзақ ғұмыр, деннің саулығын тіледік.

О.ЖҰМАБЕКҰЛЫ.