ІСТІҢ КӨЗІН ТАПҚАНДАР ІЛГЕРІЛЕЙ ТҮСУДЕ
Қазақстан аграрлы мемлекет болғандықтан Иассы ауылдық округіндегі тұрғындардың дені жер емген диқандар. «Әттең тонның келтесі ай» дегендей жер тар. Кезінде ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен жерлерді қайтару қиындықпен жүзеге асуда. Жайылымдық жер күннен күнге тарылып барады. Иассы ауылдық округіндегі жалпы жер 65896 гектар. Оның 30373 гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Арнаулы жер қоры 4257 гектар болса, елді мекен жері 2505 гектарды құрайды. Ерекше қорғалатын жерлер 24046 гектар, су қорының жері 62 гектар, орман қорының жері 378 гектар. Оның сыртында жарамсыз жерлер 14161 гектарға жетіп отыр. Негізінен жергілікті тұрғындар егіншілікпен және малды бордақылауымен айналысады. Ауыл шаруашылығының негізгі қорына тартылған инвестициялардың нақты көлемі жылдан жылға өсе түсуде. Себебі Иассы ауылдық округі облыстық деңгейдегі жолдың бойына орналасқан. Кентау қаласы да Түркістан қаласы да жап-жақын. Олардың базарына жету көп қиындық әкелмейді.
Ауыл шаруашылығы жоспар бойынша 325 млн. теңге инвестиция тарту көзделсе, қазіргі таңда орындалғаны 328,2 млн. теңгеге жетіп, жоспарлы тапсырма 101% орындалды.
Атап айтқанда, Идирисов шаруа қожалығының төрағасы Хасан Идирисов 132 млн, теңгенің инвестициясын құйса, Тәжібай ата шаруа қожалығының төрағасы Бахрам Тәжібаев 196,288 мың теңгені қарқынды баудың көшеттерін алуға, тамшылатып суарудың құрал жабдықтарына және бағаналардың құжаттарына жұмсады.
Тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына тартылған инвестициялардың нақты көлемінің индексі жоспар бойынша 10 млн. теңге деп белгіленсе ол меже жүз пайызға орындалды. Оны орындаған Көктонды ата ауыл шаруашылық өндірістік коперативінің төрағасы Әбсадық Мырзакаримов.
Ауыл шаруашылық саласында ауыл округі бойынша егістік жерді игеру жоспары 1120 гектар болса, орындалғаны – 1353 гектарды құрады. Қазіргі таңда 487 гектар жоңышқалық жайқалып тұр. Күзді және жаздық бидай алқабы 195 гектарды құрайды. Көкөніске 116,6 гектар, бау-бақшаға 117,6 гектар бөлінген. Сонымен бірге сүрлемдік жүгеріге 30,4 гектар, дәндік жүгеріге -96,8 гектар, мақтаға — 283,8 гектар, мақсарыға — 13,8 гектар, картопқа екі гектар жер қарастырылған. Диқандардың ала жаздайғы еңбектері есесімен қайтуда. Мұнда жалпы бидайдың өнімділігі әр гектардан 30 центенрден айналуда. Жоңышқаны үш мәрте орып алып жатқандар бар. Яңни, әр гектардан 68,4 центнерден айналуда. Сүрлемдік жүгерінің әр гектарынан 240 центнерден түсуде. Оның сыртында бау-бақша, жүзім, жеміс-жидек көздің жауын алады. Жерді ұқсата пайдаланып, өнімін қалдықсыз шығаратын диқандар байлыққа кенелуде.