БАҒБАНДАРҒА БАРЫНША ҚАМҚОРЛЫҚ ҚАЖЕТ

140

Аудан әкімі Ғани Рысбеков Иассы ауылдық округінде бау-бақша өсіру бағытында атқарылатын жұмыстарға тоқталып өтті. Ауданда қарқынды бау шаруашылығын дамыту 350 га тапсырма берілсе, орындалғаны 513 га, 146,6 % құрады. Иассы ауылдық округінің жері шұрайлы, Түркістан да, Кентау қаласы  да өте жақын орналасқандықтан қарқынды бау шаруашылығын дамытуға өте қолайлы мекен.

Алайда, дихандар соңғы жылдары су тапшылығының орын алуы бау өсіруге кедергі келтіріп отырғандығын алға тартты. Олардың айтуынша, мемлекеттік мекемелер мен қиыршық тас өндіретін кәсіпорындар жайылым мен суармалы жерлерді тарылтып барады. Бұған байланысты аудан әкімі малды Қарабұлақ ауылындағы малшылар секілді қорада ұстауға кеңес берді. Егер де мал азығынан тапшылық көрсе, жақында Шорнақта бір гектар жер бөлінген комбикорм –құнарлы мал азығын өндіретін кәсіпорын ашылатындығын айтып, одан жергілікті кәсіпкерлер арзандатылған өнім алуға болатындығын жеткізіп, кәсіпкерлерді қуантып қойды.

Кәсіпкерлердің су тапшылығына қатысты сұрақтарына жауап берген аудан әкімі, суға қатысты шаралар кешенді түрде атқарылып жатқандығын жеткізді. Бүгінгі таңға, Сауран ауданына қарасты 12 ауылдық округте 35 елді мекен бар. Оның ішінде 2009-2019 жылдары 31 елді мекенге Түркістан қаласының және Кентау қаласының тарапынан ауыз сумен қамтамасыз ету құрылыстары жүргізілген. Орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 99,6%-ды құрап отыр.

Мәселен, Түркістан магистралды каналының Қарашық учаскесіндегі гидротехникалық құрылыстарына (Дюкер арығы. Яғни,каналдың астынан өтетін арық) ағымдағы жөндеу, механикалық тазалау жұмыстары жүргізіледі. Биылғы жылы Иассы ауылдық округіндегі  Ескі Шобанақ  каналын күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында жобалық сметалық құжаттама әзірленеді. Оранғай ауылдық округіне қарасты Қосқорған су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында жобалық сметалық құжаттама  әзірленеді. Мұның барлығы таяу арада шешімін табады.

Сауран ауданы бойынша елді мекендердегі 2011-2018 жылдары құрылыс жұмыстары жүргізілу барысында жобаға енбей қалған және жаңадан қоныстанған аумақтарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, 8 нысан бойынша аудан әкімінің қаулысы шығарылып, сәулет жоспарлау тапсырмасы әзірленді. Жобалау-ізденіс жұмыстарының сметасы әзірленіп, қаржы бөлдіруге «Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына» тапсырылды. 8 нысан бойынша жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге жалпы – 108,013 млн.теңге қаржы  бөлдіру қажет.

Соның ішінде, «Сауран ауданы, Иассы ауылдық округі, Еңбекші Дихан елді  мекенінің  ауыз сумен қамтылмай қалған аумағына ауыз су жүйелерінің құрылыс жұмыстарын  және жобалау  жұмыстарын жүргізуге» — 3833,37 мың теңге қарастырылып отыр.

Иассылықтардың көгілдір отынмен қамтылуы жайы да таяу арада шешілмек. Аудан әкімінің айтуынша,табиғи газбен қамту мақсатында Иассы ауылдық округі, Еңбекші Дихан және Шойтөбе елді мекендерін табиғи газ құбырымен қамтамасыз ету құрылысына — 43122,23 мың теңге жұмсау көзделіп отыр.

Иассылық дихандармен емен-жарқын әңгімелескен аудан әкімі Ғани Рысбеков алдағы уақытта осы айтылған жобаларды жүзеге асыру барысында жергілікті тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстары ескерілетіндігін, Президент Жарлығына сәйкес, өзі мен бөлім басшылары ауылға жиі ат басын бұратындығын айтты. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген міне осы.

Ескендір ЕРТАЙ.