ҚУАТТЫ ҚАЗАҚСТАН

262

Бүгін ҚР Президенттігіне үміткер Қ.К.Тоқаевты қолдау жөніндегі коалициясының Сауран аудандық қоғамдық штаб төрағасы аудан жастарымен «Қуатты Қазақстан» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Кездесу барысында 20 қараша күні өткен сайлау нәтижесімен бөлісіп, баршамызға ортақ жеңіспен құттықтады.

Кешегі сайлау науқанында көпшіліктің қолдауына ие болған, 82,45% -бен жеңіске жеткен Қ.К.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасындағы жастарға қатысты алдағы жоспарлары жайлы ақпарат беріп, жастарға жасалатын жағдайлар жайлы тарқата айтты.

— «Жастар — қай заманда, қай елде болмасын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Олар қай кезде де, қай қоғамда да белсенді буын өкілдері. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастырады. Олардың жаңа белестерге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына себепші болады. Ал жаңа идея қазақ елінің жаңаруына бағыт алып, “Әділетті Қазақстан” болуына нық қадам бастайды. Тек бізде ғана емес, әлем жұртшылығы жастардың алып күш иесі екендігін мойындап, олармен санасады. Кешегі өткен сайлау науқаны соның дәлелі. Енді алдағы 7 жылдықта жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту мақсатында жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Соның ішінде ауыл жастарына баса мән берілетін болады. Сондай-ақ, 2,5 пайызбен несиелендіру жұмыстары қолға алынып, білім алу үшін оқу ақысын несиелендіру шаралары жүргізілетін болады. Жатақхана мәселесі де өз шешімін таппақ. Бүгінде осы сынды бірқатар жоспарлар айқындалған», — деді штаб төрағасы Сағынбек Асылбекұлы.

Сонымен қатар, олардың қызығушылық танытқан кәсіпкерлік саласына тоқталып, «Қоғам үніне құлақ асатын үкімет құруды бүгіннен және өзімізден бастау керек», — деген штаб төрағасы жастардың ұсынысын тыңдай келе, алдағы сәрсенбі күні аудандық кәсіпкерлік бөлімі мен палата мамандарымен бірге қайта жолығуға уәделесті.