НӘЗІР ТӨРЕҚҰЛОВ – ТІЛ ЖАНАШЫРЫ

593

Қазақ зиялыларының саңлақтар тобына жататын, өзінің көпқырлы талантымен ерекшеленген, өзінің қарымды еңбегінің арқасында мемлекет пен қоғамның дамуына елеулі еңбегі сіңген ұлы тұлғалардың бірі – Нәзір Төреқұлов.

Нәзір Төреқұлов сол кездегі өзекті болған тіл мәселесіне де көп тоқталған. Ол: «Тіл деген кабинетте жасалмайды. Қазақ секілді езілген ұлттың тілі үкімет кеңсесіне кіріп, күн сайын жұмсауда болса ғана белі, буыны қатаяды. Қазақ тілінің кеңсеге емін-еркін кіріп-шығуы одан арадағы «тілмаштарды» қуып шығарар еді» деп жазады. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін қазақ жеріндегі барлық мекемелерде іс-жүргізу процесі орыс тілінде жүргізілетін. Сонау 1920 жылдары Нәзір Төреқұлов білім беру мекемелерінде әрбір мемлекеттің жастары өз ана тілдерінде оқытылуын әділетті түрде талап еткен.

Нәзір Төреқұлов 1921 жылы өткен Түркістан Республикасының Х съезінде оқыған қорытынды баяндамасында: «Оқыту саласында түркі тілдес жастар үшін аз жағдай жасалған. Әр түрлі курстарда оларға өздеріне беймәлім тілде сабақ беріліп, барлық түркі жастары түрлі қиындықтарды бастан өткеруде» дей келіп, «Жергілікті халықтың тұрмыс ерекшеліктері мен тіліне жақындау мақсатында Кеңес үкіметі не істеді?» деп сұрақ қояды. Бұл өткір мәселеге оның өзінің берген жауабы да назар аударарлықтай: «Осы салада әлі де жұмыс жасалмағанын айта кету керек. Жергілікті халықтың жағдайына қарап барлық шаралар олардың өздерінің мемлекеттік тілдерінде жүргізілуі тиіс. Әрбір диқан, әрбір еңбекқор шаруа Кеңес үкіметінің қамқорлығын сезінуі керек» деп қорытындылайды.

Тарихтан белгілі бүкіл кеңестік дәуірде Қазақстан аумағында қазақ тілі шын мәнісінде мемлекеттік тіл ретінде қалыптаса алмады. Тек Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана көптеген қиындықтарға қарамастан мемлекеттік тіл ретінде қолданысқа енді. Сөйтіп тіл мәселесін шешу үшін 1997 жылы 11 шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңы» мемлекеттік тілдің бекітілуіне күшті серпін берді. Осы заң Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі, ұлтаралық тілі орыс тілі және тағы басқа тілдердің ережелері мен заңдастықтарын растайтын және реттейтін нормалар жиынтығы болып бекітілді.

Жалпы, осылайша 1920 жылдардағы қазақ зиялылары мен Нәзір Төреқұловтың тіл жөніндегі армандаған мақсаттары орындалды. Алайда тіл мәселесі жайлы қазіргі таңда да әлі де маңызы жойылмаған мәселелер бар екендігі шындық.

Айгүл ИСАБЕКОВА,

Нәзір Төреқұлов музейінің аға ғылыми қызметкері.