ҚОҒАМ: АБЫЗ АҚСАҚАЛ

284

Қазақ қоғамы ықылымнан қариясымен рухани бай. «Қарты бар ел – қазыналы ел»,-деп түсінеді қазақия. Өйткені, бүтін бір қоғамның ақылдария ақсақалдары елдің асылзадасы бола білген. Ел ынтымағы мен бірлігін, тұтастығын тереңінен ойлай білген абыздар ұлт ұйытқысы болған. Бүгінгі қазақ қоғамында да ежелгі абыздардың ізін жалғаған ақсақалдар баршылық. Осындай парасат пайымы биік һәм бөлек қаламыздың ақсақалы Жарылқасын Әзіретбергенов. Еліне айтар басалқы сөзі бар қадірменді Жарылқасын ақсақал 17 баланың әкесі. Сеніңіз. Жақаңның жүрісі ширақ, әлі тың. Кенже ұлы Нұртасты «Алланың 70 жасымда берген сыйы», дейді. Тұла бойы тұңғышы 61 жаста болса, кенжесі 11-де.

Бүгінде отыздан астам немере, жиырмаға жуық шөбересінің қызығын көріп отырған ақсақалға арнайы жолығып, әңгіме-дүкен құрудың сәті түсті. Біздің қойған сұрақтарымызға ол кісі байыппен жауап беріп отырды.

«Біздің ата-бабаларымыз Сырдарияның арғы-бергі бетін, Қаратауды мекендеген көрінеді. Жетінші атамыз Оразгелді датқа болған. Ол кісі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде мәңгілік тыныстап жатыр», — деді қария әңгімесін әріден бастап. – Мен 1940 жылдың қаңтарында Сырдың жағасында дүние есігін ашыппын. Шешем Бексұлу Құрманқызы: «Орыстардың ескі жаңа жылында, қар тізеден келетін суықта туып, сені киізге орап әбден қиналғанбыз», — деп айтып отыратын. Бірақ менің куәлігімде 1939 жылғы 29 маусым деп жазылған. Яғни, мен туылмай тұрып куәлік алған адаммын.

Енді, маған туу туралы куәліктің қалай ертерек берілгенін айта кетейін. Шешем марқұм 18 құрсақ көтерген, бірақ содан үш қыз, бір ұл қалғанбыз, он төрті шетінеген… 1935-1940 жылдар аралығында, әкем марқұм Әзіретберген Сәулебайұлының алпысқа таяп қалған кезі болса керек, бір, үш және бес жастағы үш бірдей ұлы бір күнде науқастан көз жұмады. Содан әкем мең-зең болып қалған ғой… Ән шығаратын, өлең жазатын өнері бар, сондай-ақ, «шабандоз» деген аты да елге мәлім әкем қайғысы ішіне сыймай, Сырдың бойын жағалай кешқұрым айқайлап шауып жүреді екен. Оның бұл ісіне ағайындары: «Әзіретберген бейшараның жан жарасы ауыр болды-ау», — деп түсіністікпен қарапты.

Жас кезімде әкемнің бірталай өлеңдерін құрдастарынан естігенмін. Солардың арасында есімде біреуі ғана қалыпты. Ол:

«Көкпар шапқан ұстайды ердің басын,

Құдайым көрер ме екен көздің жасын.

Ақ жарылқап күн туып бір ұл берсе,

Қояр ем оның атын Жарылқасын», – деген өлең.

Осылай ол ішқұса болып жүргенде, бір күні анам, «Отағасы, жобасы дүниеге перзент келеді-ау», — дейді. Мұны естіген әкем қуанғаны соншалық дереу атына мініп «селсоветке» барады. Ол кезде туу куәлігін сол жер береді екен. Ал, «селсоветтің» бастығы – өзінің досы. Олар да әлгі өлеңді есітіп, бәрі іштей тынып жүрген ғой. Ентелеп келе жатқанын көрген досы:

— Тыныштық па? – дейді.

— Әйелім ұл туды, маған «метіркеңді» бер, – дейді әкем.

— Бәрекелді, құтты болсын!, деген досы қуанып, дереу «метркеге» «Әзіретбергенов Жарылқасын, 29 июнь 1939 жыл», – деп жазып беріпті. Оны «міне ұл», – деп, шешеме береді. Аң-таң болған анам байғұс, «Оның ұл не қыз екенін Құдай біледі ғой», десе, әкем: «Қыз болса да есімін Жарылқасын қоямын, ұл болса да есімін Жарылқасын қоямын», — депті. Анам менен кейін дүниеге бір қыз әкелді. Қазір сол Тұрар деген қарындасым екеуміз бармыз».

Біздің кейіпкеріміз 1945 жылы әкеден айырылады. Шешесі үш қыз, бір ұлын көңіліне медет санап, ерінің соңында қала береді.

Бала Жарылқасынды колхозда бухгалтер болып жұмыс істейтін үлкен әпкесі 1946 жылы Амангелді ауылындағы бастауыш (қазіргі Түркістан ауданы Нұртас ауылы) мектепке алып барады. Шешесі матадан тігіп берген сөмкесін көтеріп жүріп, мұндағы төртжылдық мектепті тәуір бітіреді. Содан ол қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Балтакөл ауылындағы сол кезде «Ағарту» деп аталатын 7 сыныптық мектеп-интернатқа барып оқиды. Бұл білім ұясын мақтау граммотасымен бітіреді. Енді ары қарай Жарылқасын көкенің өз сөзіне кезек берейік.

«7 сыныптық білім алғаннан кейін колхозға келіп еңбекке араластым. Колхоздың тірлігі көп қой. Менің алдымдағы екі әпкем тұрмыс құрып кеткен. Үйде шешем, мен және қарындасым үшеуміз ғана қалдық. Күнде масақ теріп, соның бір дорбасын үйге алып келіп қорек етеміз. Сонымен бірге, қолымыздағы бір сиырымыздың айран-сүтіде біз үшін көл-көсір дүние, — деген Жарылқасын ақсақал аз-кем кідірістен кейін сөзін ары қарай жалғады. — Колхоздың ауыр мехнатына етіміз үйреніп кеткен. Бірақ оқуымды ары қарай жалғастырсам деген ішкі тілегім маза берер емес. Бар арманым Түркістан шаһарына жетіп, білім алу. Сол кезде Түркістанның өзінде мектеп санаулы еді.

Менің оқуға барғым келеді, ал бригадир жібермейді. Ол маған қырманның кіріс-шығысын есепке алып тұруды тапсырған. Бригадир көкем: «Өлмелі шешеңді тастап қайда барасың? Осы жерде жүре бер, кейін бухгалтер болып кетесің», — дейді. Оған көнер мен бе, алдын ала шешеммен келісіп, бір түнде астық тасымалдайтын көлікке мініп, Түркістандағы нағашымның үйіне тартып кеттім.

Мені нағашым мектептерге алып барды. Бірақ сыныптардың барлығы толық екен. Қабылдамады. Алайда, мұның соңы жақсылыққа ұласты. Нақтылай айтқанда, бір кісіден Түркістан педучилищесі студент қабылдап жатыр дегенді естідік. Содан педучилищеге жетіп бардық. Мектепке қабылдана алмай жүргенде білдей училищеге түсіп кетемін деген ой болған жоқ. Тек нағашымның соңынан еріп жүрмін. Сонымен, сол кездері атағы дүркіреп тұрған педучилищеге келіп, аулада тұрған үш кісіге жолықтық. Кейін білгенімдей, олар директор Патшахан Құрбанбаев, оның орынбасары Иса Алтынбеков және мұғалім Махат Қожамбердиев дейтін кісілер екен. Қош, сонымен абырой болып, дайындықсыз келген мен 7 пәннен емтихан тапсырып, орыс тілінен төрттік, қалғандарының барлығынан бестік баға алып, оқуға қабылданып кеттім».

Педучилищені қызыл дипломмен тәмәмдаған жас талап жолдамамен кезінде өзі оқыған Балтакөл ауылындағы «Ағарту» мектеп-интернатына барып, онда 3 жылдай еңбек еткен соң өзі өскен Амангелді ауылына келіп, мектеп директорының орынбасары қызметін атқарады. Сол қарсаңдарда Шымкент педагогикалық институтына сырттай оқуға түседі әрі «Қазақстан мұғалімі» газетінің штаттан тыс тілшісі болады. Сондай-ақ, ол «Лениншіл жас» және «Мәдениет және тұрмыс» сынды мерзімді басылымдарға мақала жазып тұрады. Өстіп жүргенде оған білім беру саласынан партия жұмысына ауысу жөнінде ұсыныс түседі. Біздің кейіпкеріміз сол бір өткен шақ белестерін былайша еске алады.

«Жаңылыспасам, 1967 жыл болуы керек, мен сол кезде Түркістан ауданына қарайтын Бүргем ауылындағы «Бүргем» мектебіне (қазір Кентау қаласына қарайды) директор болуға ауысып келдім. Бірақ белгілі бір себептермен бұл қызметке тағайындалуым кешіктірілді. Содан бір жыл бұрын партия қатарына қабылданған едім. Ол кезде мектебімізде 3 қана коммунист бар-тын. Мені «Жассың, газет-журналдарға шығып жүрсің, сенің қолыңнан жазу келеді», — деп мектеп комсомол ұйымының хатшысы етіп қойды. Сөйтіп жүргенде бір күні «Райком шақыртып жатыр», — деген хабар келді. Барған едім, аудандық партия комитеті бөлімінің меңгерушісі Икрам Икрамович Пал деген кісі менен отбасылық жағдайымды сұрай келіп, бірден: «Сені Амангелді колхозына партком етіп сайламақпыз, келісесің бе?» – деді. Абдырап қалдым. Сол уақытта колхоз төрағасы мен парткомның арасында кикілжің болып, жан-жаққа арыз-шағым түсіп, үлкен газеттерге мақалалар шығып, колхоз халқы екіге жарылып жатқан болатын. Осындай дау-дамай ушыққан жерден жүрексініп әрі «Бүргем» мектебіне директор боламын деп жүргендіктен, келіспейтінімді айттым. Мұны естіген, ана кісі ашуланып «Сен неге партияның сөзіне қарсы шығасың, партия сені мектептен де, партиядан да қуады», — деді. Содан амал жоқ, көндім», — дейді Ж.Әзіретбергенов.

Содан аудандық, облыстық партия ұйымдары басшыларының қабылдауында болып, ақырында Амангелді колхозындағы партия ұйымының хатшысы қызметіне бекітіледі. Кейіннен осы колхоздың төрағасы болып ұзақ жылдар қызмет етіп, елдің алғысына бөленді.

Біз әңгіме барысында осыдан біраз жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Оңтүстік Қазақстан облысы халқымен тікелей эфир арқылы байланысқа шығып, тілдескен кезде аталған өңір атынан өзінің сөйлегенін, сол сәтте Президенттің: «Жарылқасын досым, елдің жайы, өз жайың қалай?» деген сөзін еске түсіре отырып, ақсақалдан Мемлекет басшысымен алғаш қалай танысқанын сұрадық. Біздің сауалымызды естіген Жарылқасын көкенің өңінен ерекше бір тебіреністің нышаны анық байқалды.

«Е-е, шырақтарым, бұл сөздерің рас. Менің Президентпен таныстығым сонау 1986-1987 жылдардан басталды. Кеңес өкіметінің басына Горбачев келгеннен соң ел сарсаңға түсті. Кейін партия тарады. Сол бір аумалы-төкпелі кезеңде Шымкент облыстық партия комитетінің (Қазіргі Түркістан облысы 1962-1992 жылдар аралығында Шымкент облысы деп аталған) бірінші хатшысы Валерий Темірбаев деген кісінің қабылдауында болып, елдің жайын жеткізгенмін. Менің сол айтқандарымды ол кісі Нұрсұлтан Назарбаевқа баяндаса керек. Содан 1989 жылдың наурыз айында Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Сөйтіп, республикалық бастауыш партия ұйымның кеңейтілген мәжілісін өткерді. Сол жиында әр облыстан екі кісіден, өндіріс және ауыл шаруашылығы салаларынан бір-бір маманнан іріктеп, құрамында 40-қа жуық адам бар республикалық бастауыш партия ұйымының кеңесін құрды. Кеңеске біздің облыстан мен және Болат Жылқышиев екеуміз мүше болдық. Кеңес әр тоқсан сайын өтіп тұрды. Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі. Мен кеңесте бастамашыл топтың жетекшісі болдым. Жиналыстарда үнемі қазақша сөйлеймін. Сонда Елбасымыз кейбір сөздердің баламасын менен сұрап қалатын… Сол кезде-ақ, Президенттің іскерлігі мен көрегендігіне таңданатынбыз.

Бір отырыста Елбасы менен «Қай жылы туғансыз?», – деп сұрады. Мен «Куәлікте 1939, ал өзім 1940 жылы туғанмын», — деп өзімнің дүниеге қалай келгенім туралы оқиғаны айтып бердім. Содан ол кісі: «Оу, екеуміз түйдей құрдас екенбіз, досым екенсің ғой», деп күлді.

Содан партия тарқады, Қазақ КСР-нің Президентін сайлау өтті. Сайлауға белсене қатыстық. Нұрсұлтан Назарбаев басым дауыспен жеңіп шықты. Осылайша байланысымыз артты. Пленумдарда, алқалы жиындарда Президенттің шақыртуымен қатысып, биік мінберде сөйлеп жүрдім. Иә, еліміздің тәуелсіздігін жариялаған уақыттарда Президентпен бірге болдық. Сол тарихи сәттердің ішінде жүргенімді өзіме берген Алланың бағы шығар деп ойлаймын кейде. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елдің атынан сөйлеп, негізгі мәселелерді шешуге қолғабыс білдірдік. Баршаға мәлім, алғашқыда Елбасы «Алдымен экономика, содан соң саясат» деген ұстаныммен іс-әрекет жасады. Міне, қазір соның берекетін көріп отырмыз.

Жалпы, мен Елбасымен 1989 жылдан 1991 жылдың соңына дейін бірге болдым. Содан бері Тұңғыш Президентіміздің ойлау дәрежесіне тәнті болып келемін. Кейде «Нұрекеңнің болашақты болжай білетін ерекше қасиеті бар-ау», — деп ойлаймын. Мәселен, 1989 жылы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан мықты ел болады, бізге тек бірлік керек. Ішкі татулығымыз мықты болса, басқасының бәрі жақсы болады», — дейтін. Айтқаны айдай келді.

Сұхбаттасу барысында көпті көрген, түйгені мол Жарылқасын ақсақалдың қоғам өміріне белсене араласып жүргені, сондай-ақ, жаңадан отбасын құрып, шаңырақ көтерген жастардың тілеуқоры екені анық аңғарылып тұрды. Ол кісінің ел болашағына, ұрпақ тәрбиесіне қатысты айтары көп.

«Негізінде, отбасында ерлі-зайыптылар үшін ең бірінші сыйластық керек. Өзара қырқысып, ұрсысып жататын некелі жұптан бала қандай тәрбие алады. Біздің бала алдындағы ата-аналық бірінші парызымыз киім-кешекпен, ас-ауқатпен қамтамасыз ету емес, тәлімді, лайықты тәрбие беру екенін ұққанымыз дұрыс», — дейді ашыла сөйлеген ақсақал.

Міне, бұл Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы, бүгінде 83 жасқа аяқ басқан Жарылқасын Әзіретбергеновтің ғибратты әңгімесі.

Жарылқасын Әзіретбергенов өмірінде екі рет отау құрыпты. Бірінші жұбайы, педагогика саласында қызмет еткен ардақты ұстаз Үрліхан Сыпатайқызы ауыр дертке шалдығып, бақилық болады. Алғашқы жарын бүгінде сағынышпен еске алып отыратын Жарылқасын ақсақал кейіннен, яғни, 53 жасында Ұлбосын Орынбайқызымен бас қосады. Қазіргі таңда біздің кейіпкеріміз Ұлбосын апаймен бірге 7 бала тәрбиелеп отыр. «Әрбір баланың өз орны, өз бағыты бар ғой. Менің балаларымның арасында ғалым да, ұстаз да, қызметкер де, жұмысшы да бар», – дейді бүгінде ұл-қыздарын мақтан ететін ақсақал мерейі тасып.

«Қариясы бар ел – қазыналы ел» дейтін қазақтың көргенді, батагөй ақсақалдары аман болғай!

Асқат СӘДІБЕКОВ,

журналист.