ҰСТАЗДЫҚ — АСЫЛ ІС

135

Ұрпақтарымыздың ұлы мұраты жолында, еліміздің жарқын келешегі жолында талмай еңбек етіп жүрген ұстаздар жайында қанша мақтау айтсақ та артықтық емес сірә. Кемел келешегіміздің бүгінгі кезеңінен де жарқыныр ақ болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға жетелейтін құдіретті күш тек білімге ғана тән.

Яғни, қандай да бір елдің өркендеуі, қоғамда өзіндік орынын ала білуі ол әрдайым білім саласының сапалы даму бағытына тікелей байланысты. Алып мемлекеттер арасынан егеменді еліміз еңсесін тіктеп кез келген бәсекеге сай болса, білімпаз ұрпақтарымыз қабілеттіліктерімен қоғам қажеттілігіне жарап тұрса, бұл – ұстаздардың еңбегінің жемісі.

«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан», — деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының өмірлік азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық. Ұстаз өз даралығымен оқушының санасында мәңгілік тұлға болып қалары хақ. Дүниетанымдық көзқарасы, сенімі — қызметке бейімділігі, кәсіптік білімі мен біліктілігі, қамқорлық көзқарас, сүйіспеншілік сезім, ұйымдастырушылық қабілет, заманға сай жаңашылдық осындай қасиеттердің барлығын ұстаз бойынан айқын көрініс тауып, шәкіртін өзіне баули ала білетін ұстаз — нағыз ұстаз.

Осындай үлгі тұтар ұстаздың бірі, біздің бүгінгі кейіпкеріміз өзінің өнегелі өмір жолын ұстаздыққа арнаған аяулы жан Даулбаева Дүрия Жаңабекқызы. Дүрия Даулбаева Түркістан жоғары көпсалалы, қол өнер колледжінің арнайы пәндер оқытушысы. Ол 1968 жылы 6 ақпанда Түркістан облысы, Түркістан қаласында дүниеге келген. 2005 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Педагогика және бастауыш сынып мұғалімі» мамандығын үздік дипломмен аяқтаған соң 2006 жылдан бастап, Түркістан гуманитарлық-техникалық колледжінде (қазіргі таңдағы Түркістан жоғары көпсалалы, қол өнер колледжі) еңбек етіп келеді. Жалпы білім саласында еңбек өтілі 31 жыл.

2015 – 2018 жылдар аралығында Түркістан жоғары көпсалалы, қол өнер колледжінің колледж әдіскері лауазымын атқарды.

2018 жылдан бастап, қазіргі таңға дейін «Педагогика, психология және жеке пәндер әдістемелері» пәндік комиссиясының төрағасы, арнайы пәндер оқытушысы лауазымын атқарып келеді.

Дүрия Жаңабекқызы – өз ісін жетік білетін, тәжірибелі маман. Ол «Шағын жинақталған мектепте оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыру», «Канбан созылмалы технологиясындағы оқу ынтымақтастығының моделі» әдістемелік оқу құралдарының авторы.

2012 жылы Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Ыбырай Алтынсарин» медалімен марапатталған. 2015 жылы облыстық білім беру саласының дамуына қосқан үлесі мен еңбектегі жетістіктері үшін ОҚО әкімдігінің, 2016 жылы ОҚО білім басқармасының Алғыс хаттарымен, 2017 жылы ҚР қазақ психологиялық қоғамының Грамотасымен, 2018 жылы Түркістан облысы білім басқармасының Құрмет грамотасымен, сонымен қатар 2019 жылы Түркістан облысының білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды. «Үздік оқытушы – 2019» колледжішілік байқауының жеңімпазы атанып, колледж директорының Алғыс хатымен марапатталған. Түркістан облысының білім басқармасының Құрмет грамотасымен, «Педагогтың үздік портфолиосы» Республикалық байқауының жеңімпазы атанып, «ASIA EDUCATION» Халықаралық даму орталығының І дәрежелі Дипломымен, Түркістан гуманитарлық-техникалық колледжінің кәсіподақ ұйымының Алғыс хаттарымен марапатталып, Дарабоз оқу орталығы ұйымдастырған «Сабаққа арналған үздік презентация» атты республикалық онлайн байқауына қатысып, Гран при иегері атанды.

2020 жылы «Үздік автор – 2019» республикалық педагогикалық конкурсының жеңімпазы атанып, «ULY DALA USTAZY» халықаралық ғылыми-педагогикалық журналының Құрмет грамотасымен марапатталды, Республикалық «Рухани жаңғыру» ақпараттық-сараптамалық орталығының «Шығармашыл ұстаз» арнайы номинациясымен, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің республикалық кәсіподағының Құрмет грамотасымен, «Рухани жаңғыру» ақпараттық-сараптамалық орталығы және «Тағылым» республикалық ғылыми әдістемелік журналы ұйымдастырған «Үздік педагогикалық мақала» республикалық конкурсының «Үздік мақала» номинациясы бойынша ІІ орынды иеленіп, ІІ дәрежелі Дипломмен марапатталды.

2021 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай өткізілген «Тәуелсіз елдің тарихы» атты республикалық қашықтық олимпиадасының жеңімпазы атанып, І дәрежелі Дипломмен, «Ustaz tilegi» ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған Халықаралық Педагогика-психология пәнінен ұстаздар арасындағы онлайн олимпиадасына қатысып, Сертификат, Ыбырай Алтынсаринның 180 жылдығына арналған «Ұлы даланың дара ұстазы» атты Республикалық қашықтық олимпиадасының жеңімпазы атанып, І дәрежелі Дипломмен марапатталған.

Білім саласында өзінің біліктілігі мен осындай жетістіктерге жете білген ардақты ұстаз Дүрия Даулбаева өз әріптестері арасында да ерекше құрметке ие жан. Өмірлік жолында жары Саттар Махашов екеуі 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, олардан өрбіген немерелерінің қызықшылығын көріп жүрген аяулы ана, ардақты әже. Біз де Дүрия Даулбаеваға өміріңіз өнегемен өріліп, білім беру жолында еңбегіңіз еселене берсін дегіміз келеді.

Арайлым МЕЙРАМХАНҚЫЗЫ.