ТҮРКІСТАН: АКУШЕР-ГИНЕКОЛОГ ДӘРІГЕРЛЕР БІЛІКТІЛІКТЕРІН АРТТЫРДЫ

506

Түркістан облысының қоғамдық денсаулық басқармасының ұйымдастыруымен акушер-гинеколог дәрігерлерге арналған оқулар өткізілді. Оқуда Астана қаласының «University Medical Center» корпоративтік қорының «Әйел денсаулығы» клиникалық-академиялық департаментінің директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Г.Бапаева және «Экстрагениталды патология қаупі тобындағы жүкті әйелдерді қадағалап қарау» бағдарламасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты К.Тоғызбаева дәріс оқыды. Олар өңір дәрігерлерін акушерлік гинекология саласындағы әлемдік деңгейдегі озық технологиялармен таныстырды.

Түркістан қалалық емханасының базасында «Жүктілік кезіндегі экстрагениталды патология» тақырыбында және №3 облыстық перинаталдық орталығында өткен «Акушерлік тәжірибедегі кезек күттірмейтін жағдайлар» тақырыбындағы шеберлік сыныптарында облысымыздың медицина ұйымдарынан 51 акушер-гинеколог дәрігері біліктілігін арттырды. Дәрігерлер теориялық біліктілігімен қатар, тәжірибеде акушерлік қан кетуде қолданылатын хирургиялық тәсілдерге машықтанды.