ҚАЛА ӘКІМІ Н.ТҰРАШБЕКОВ:«СІЗДЕР КӨРМЕГЕН ПРОБЛЕМАНЫ МЕН КӨРСЕТЕЙІН»

259

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков кешегі жауынды күнді пайдаланып, бірқатар тиісті бөлім басшыларын ертіп, қала аралауға шықты. Алғашқыда биылға жөндеу жұмыстары жоспарланған көшелерді көріп, атқарылуы тиісті жұмыстардың добаларын нақтылады.

«Топырақ көшелердің мәселесін түбегейлі шешу өзекті болып қала береді. Былтыр 185 көшеге тас төселгенімен әлі күнге қала аумағында 127 шақырым топырақ жол бар. Тұрғындардың қандай күй кешіп жүргенін Сіздер көрмесеңіздер мен көрсетейін», — дей келе Нұрбол Әбдісаттарұлы бөлім басшыларын бастап бірқатар көшелерді аралады.

«Жобалар мен жоспарлар осы кезде талқыланып бітуі тиіс. Күн жылынғаннан жұмыс қызу жүргізілуі қажет. Уақытты ұтымды пайдалану нәтижеге тез жеткізетінін назарларыңызға саламын», — деген шаһар басшысы нақты тапсырмалар беріп, орындалу мерзімін бекітті.

Көне Түркістан қаласының облыс орталығы болғалы бері жаңарып, түрленіп, жаңа кейіпке енуі – Тәуелсіз Қазақстанның тарихында алтын әріптермен жазылары анық. Бас-аяғы 3 жылдың ішінде көне қала жаңа сипатта дамып келеді. Нағыз құрылыс алаңына айналған Түркістан бүгінде Үкімет бекіткен Бас жоспарға сәйкес қарқынды дамуда. Әлбетте, бұл ретте қала тізгінін қолға алған Н.Тұрашбековтың іскерлігі маңызды рөль атқарады.

Дей тұрғанмен әлі күнге дейін газ желісі үйінің іргесіне дейін жеткізілгенімен үйіне кіргізе алмай көмір отынын тұтынып отырғандар да баршылық. Оның сыртында қалаға келушілердің тым көбейіп кетуіне байланысты 250 отбасына ғана жететін трансформатор жүйелерін екі есеге дейін тұрғындардың пайдаланып отырғандары кездеседі. Бұл өз кезегінде көше шамдарының сығырайып, кешкі мезгілде бала-шағалардың сабақ оқуларына көптеп кедергі келтіруде. Ол аздай, жауынды шашынды күндері топырақ көшелер батпаққа айналып, тұрғындарды әбігерге салады. Бұндай мәселелердің барлығын жедел қалпына келтіруді қала әкімі тиісті сала басшыларына қадап тапсырды. Уақытын белгіледі. Ендеше әліптің артын бағып көрелік.