63 МИЛЛИОН ТЕҢГЕНІҢ СЕРТИФИКАТЫ ҚАРАЛҒАН
Тұрғын үй сертификаты – ипотекалық бағдарлама және тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін Қазақстан Республикасының азаматтарына берілетін жергілікті атқарушы органның ақшалай міндеттемесінің нысаны болып табылады. Бұл сетрификат белгілі бір санаттарға жататын азаматтарға беріледі.
Олар – мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар. Сонымен қоса, Шымкент қаласы мәслихатының шешіміне сәйкес, сертификат берілетін азаматтар санатына қалалық мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарының, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер жатады.
Өткен жылы 58 отбасыға 43 млн теңгенің сертификаты берілсе, 2023 жылы 72 азаматқа 63 млн теңгенің сертификаты қаралған. Тұрғын үй сертификатының қолдану мақсаты айқын. Ол ипотекалық несиемен пәтер алу кезінде үй құнының бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу мақсатында қолданылады. Яғни, тұрғын үй сертификаты жоғарыда көрсетілген санатқа жататын, төлем қабілеттілігін растаған азаматтарға әлеуметтік көмек немесе әлеуметтік қолдау ретінде беріледі. Тұрғын үй сертификатын алудың өз талап-шарттары бар.
«Заңда көрсетілген талап бойынша, өтініш берушіде және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінің әрқайсысының соңғы 6 ай ішіндегі табысы биылғы қаржы жылына заңнамада белгіленген айлық ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен аспауы тиіс. Айта кету керек, 2023 жылғы күнкөріс мөлшері 70 000 (жетпіс мың) теңгені құрайды. Қарыз сомасы, бастапқы жарнаның мөлшері және ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша ай сайынғы төлемнің сомасы туралы мәліметтерді қамтитын, өтініш берушіге бастапқы тұрғын үй сатып алу үшін ипотекалық тұрғын үй қарызын беруді мақұлдау туралы банктің хаты» — делінген тұрғын үй басқармасы келтірген мәліметте.
Жылдан-жылға халық саны артып отырған Шымкентте баспанаға сұраныс та жоғары. Үй кезегіне тіркелгендердің өсу динамикасына назар салсақ, өткен екі жылда 7,5 мың адамға көбейген. Мәселен, 2021 жылы тұрғын үй кезегінде 42 269 адам болса, 2022 жылы 6,5 мың тұрғын қосылып, 48 603-ке жеткен. Ал, биыл кезекке тіркелгендер саны 49 752 болып тұр. Жыл сайын пайдалануға берілетін пәтер саны 3 мыңға жуықтайды. ҚР Индустрия және инфрақұрылым даму министрлігі баспанамен қамту және тұрғын үй кезегіне тіркелу жөнінде орталық база құруды Парламент Мәжілісіне ұсынып отыр. Министрлік орталық база құру арқылы азаматтардың баспаналы болуын жеделдетпекші. Жоба бойынша азаматтар тұрғын үй кезегіне тұру үшін әкімдікке барудың қажеті жоқ. Оған қоса баспанаға мұқтаж жандар өз статусын дәлелдеп әлекке түспейді. Қалың кезектің қозғалмай кейінгілердің аяқасты алға жылжып кету фактілерінің көбеюінен «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерді тию үшін бір терезе әдісімен жүзеге асып, пәтер екі кезек бойынша үлестіріледі. Кредиттік тұрғын үй балдық жүйе бойынша жүргізіледі. Бұл ретте табыстары қажетті балл санын қамтамасыз ету үшін жеткілікті жинақтауды жүзеге асыруға мүмкіндік бермейтін, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтарды қолдау мақсатында қосымша балдарды енгізу жоспарланып отыр. Яғни, адами факторды болдырмау үшін үй кезегіне тіркеуді әкімдіктен алып, «Отбасы банкіне» беру ұсынылған. Мәселе халықтың да, банктің де жағдайына жайлы шешілер деген сенім мол.