Өз денсаулығымызды ойлау арқылы өзгелердің алдындағы жауапкершілігімізді сезінуіміз керек

461

Ақпараттық-коммуникациялық орталығында ковид орталықтарындағы науқастардың жағдайы мен жедел жәрдем қызметіндегі ахуал туралы баспасөз мәжілісі өтті.

Брифинг барысында қалалық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Г.Құрманбекова қаладағы эпид жағдайдың күрделенуіне байланысты 103-тегі шақыртулардың күрт көбейгендігін алға тартты.

– Өткен тәуліктің өзінде 2600 шақырту қоңыраулары түсті. Соның ішінде 400-і – пневмония ауруымен ауырған науқастар. Ал нәтижелердің көбісі – өкпесін 70-90 пайызға қабындырып алғандар. Ауыр халдегі науқастардың тыныс жетпей қиналғанын көру жүрегімізді ауыртады. Бұл жерде сын айту емес, шын айту керек. Тығылып тойға барамыз. Тойхананың артқы есігінен кіреміз. Кімге керек біздің жанымыз? Бұл əрекеттермен кімді алдаймыз?!. Өз денсаулығымызды ойлау арқылы өзгелердің алдындағы жауапкершілігімізді сезінуіміз керек. Ковид өршіп тұрған тұста бірігіп, жұмыла күресейік. Бұл ауруды жеңу жалғыз медицина қызметкерлерінің қолында емес. Сіз бен біз бұл ауруды бірігіп жеңуге, денсаулықтарыңызды сақтауға шақырамыз, – деді Гүлнәр Мамытқызы.

Брифинг барысында мамандар бұл індетті жеңудің бірден-бір жолы вакцина екенін алға тартып, қала тұрғындарын екпе салуға шақырды.

Айта кетейік, қалада өткен тәулікте COVID-19 инфекциясын жұқтырған 382 жағдай тіркелді.