АСПАНДА КҮН СӨНБЕСІН…

245

Бала – өмірдің жалғасы, мәні мен сәні. Шаңырақты шаттыққа бөлейтін, ерлі-зайыптылардың ортасында сыйластық пен сүйіспеншіліктің дәнекері де бала. Дегенмен елімізде бір балаға зар болып отырған қаншама отбасы бар. Редакциямызға да бала асырап алғысы келетіндер машақаты көп тірліктің жолын сұрап жиі хабарласады. Өз тарапымыздан осы жайды зерделеп көрдік.

Бала асырап алу – адам өміріндегі күрделі әрі жауапты қадам. Бөтен бала үшін шынайы ата-ана болу оңай емес. Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттіктің мәліметіне сүйенсек, еліміздегі 123 балалар мекемесінде 4500-дей бала тәрбиеленіп жатса, 2000-нан астам азаматтан бала асырап алу бойынша өтініш түскен. Тағы осы агенттіктің айтуынша, бала асырап алу үшін құжаттар дайындау – оңай әрі қысқа үрдіс. Бала асырап алуға қажетті құжаттар тізімі электронды үкіметтің Egov.kz сайтында орналасқан. Ол жерде қолданыстағы заңға сәйкес бала асырап алушы ата-аналардың тұрғын үйі болуы маңызды, немесе жалдап отырғанын растайтын құжат болуы шарт. Екіншіден, күнкөріс деңгейі мен табысы белгілі мөлшерден төмен болмауы керек. Үшіншіден, наркологиялық және психологиялық диспансерде есепте тұрмаған, сотталмаған деген құжаттар назарға алынады. Сондай-ақ басқа балаларға қатысты ата-аналық құқығынан айырылмаған болуы шарт. Бұл құжаттармен бірге асырап алғысы келген бала 10 жастан асқан болса, баланың пікірі де есепке алынады. Сөйтіп, қамқоршы органдар 10 күн ішінде тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларға тексеру жүргізіп, 5 күн ішінде нәтижесін хабардар етеді. Құжаттардың толық пакетін жинағаннан кейін бала асырап алу процесі кемінде екі айды алады. Өтініштер мен құжаттарды республикалық деректер банкі арқылы тапсыру керек. Иә, барлығы оңай секілді. Өмірде бұл жағдай қандай?

Дегенмен бала асырап аламын деген шешім оңайлықпен келмейтін дүние. Түрлі қиыншылықтардан өтіп, баланы асырап алған отбасылар көбіне түрлі себептермен баланы қайта өткізіп жатады. «Әне-міне жаңа өмір бастаймын, отбасым болады» деген үміттегі бала үшін бұл өте ауыр соққы. Міне, осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында, бала асырап аламын деушілерге психологиялық қолдау көрсету үшін жер-жерлерде балалар үйі жанынан 3 айлық асырап алушы ата-аналар мектебі ашылған. Қазіргі таңда асырап алу құжаттары ішінде осы мектепті оқып бітіргені жөніндегі де сертификат сұралады. Бұл мектептерде арнайы тренерлер сабақ өтеді. Сабақ онлайн түрде жүргізіледі. Сабаққа толық қатысқаннан кейін бала асырап алуға дайын деген сертификат беріледі.

– Дайындық мектебіне ата-ананың екеуі де қатысуы қажет. Осы сатыға келгенде көпшілігі қиналады. Себебі көбісі баланы асырап алуға жағдайымыз жетсе болды деп санайды. Бірақ алда кездесетін психологиялық жайларды ойланбайды. Дайындық мектебінің мақсаты – ата-ананы бала асырап алуға психологиялық тұрғыда әзірлеу. Баланың дүниетанымын тануға, түсінуге жағдай жасау. Өйткені балалар үйінде өскен баланың түсінігі бәрібір өзгеше болады. Қазіргі кезде осы мектептен өту өте маңызды. Баланы құшағына басамын деген ата-анаға міндеттелген дүние. Бала асырап алатын ата-аналар көп жағдайда жаңа туған сәбиді немесе 2-3 жасар бүлдіршінді алғысы келеді. Есін білмеген бала тез бауыр басып, өз баламыздай болады деп сенеді. 6-7 жастан асқан баланы алуға жүрексінеді. Десе де, ол балалар да ата-ана жылуын аңсайды. Міне, мектеп осындай мәселелерді ата-анаға ұғындырады, – дейді мамандар.

Осы орайда қаламыздағы мамандандырылған бөбектер үйі мен №3 өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларға қолдау көрсету орталықтарына барып, тыныс-тіршілігін бағамдап қайттық.

Бөбектер үйі сонау соғыс жылдарынан бері жұмыс істейді. Денсаулық сақтау басқармасына қарайтын ұйымды ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар, жалғызбасты аналардың, ата-ана құқығынан айырылған азаматтардың балалары және ерекше балалар тәрбиеленуде. Қазіргі таңда мұнда 34 бала бар.

– Қиын жағдайға түскен аналарды қолдап, тастанды балалардың санын азайту мақсатында орталықта 2002 жылы «Үміт» бөлімі ашылған. Қиын жағдайға түскен аналардың балалары осы бөлімде уақытша Үкімет қарауында болады. Анасы қалаған уақытында келіп, баласымен уақыт өткізе алады. Қазіргі балалар үйлерінде бала санының азайып, тіпті кейбірінің жабылуына осы «Үміттің» үлесі зор. Олай дейтініміз үш жылда етек-жеңін жинаған, жұмыс тауып, тұрмысын түзеген ана ешуақытта баласын тастамайды.
Қазіргі таңда елімізде жетім, тастанды балалардың азайғанына расында қуанамыз. «Үміт» тобындағы балалардың да осы жерде тұрақты қалып қойғаны болмады. Қазіргі таңда орталығымызда тәрбиеленіп жатқан 34 баланың әрқайсысының өміртарихы әртүрлі. Бұрын орталық 80 орынға лайықталса, бала санының азаюына байланысты қазір орын саны 50 азайды. Орталықта бүлдіршіндерге барлық жағдай қарастырылған. Денсаулығында кінәраты бар балаларға жыл он екі ай ем-домы үзілмейді. Сондықтан балалардың басқа ерекше балаларға қарағанда дамуы жақсы. Алайда ана мейірімінің орны бөлек. Біздің елде асырап алушылар көп жағдайда сау бала асырап алғысы келеді. Бала асырап алушылардың барлық құжаты заңға сай болса баланы беруге әрдайым дайынбыз. Жылына орталықтан 5-6 бала отбасын тауып кетіп жатыр. Бала асырап аламын деген ата-аналар оның қиындығына да дайын болуы керек, – дейді бөбектер үйінің бас дәрігері Ғалымжан Айнабек.

Ғалымдардың зерттеуінше сәби туғаннан 6 жасқа дейінгі аралықта оларға ерекше қамқорлық көрсетілуі тиіс, себебі дәл осы аралықта бала тұлға болып қалыптасады. Бөбектер үйіндегі тәрбиеші педагогикалық қызметкер рөлін ғана атқармайды, ол көбінесе балаға ана орнына ана болады. Оны бағып-қағып, бөбектердің тұлға болып қалыптасуына зор үлес қосады десек қателеспейміз. Жылы орын, таза төсек ата-ана мейірімі мен аялы алақанын бере алмасы анық. Десе де орны басуға тырысқан мекеме қызметкерлерінің еңбегі ерен.

Қаламыздағы №3 өмірлік қиын жағдайдағы балаларға қолдау көрсету орталығына да жолымыз түсті. Аталған орталық 1937 жылы ашылған. Мекеме таза, жатын орындары мен киім сөрелері жинақы, жылы. Мұнда 3-4 жастан балалар 18 жасқа келгенше тұрады. Сыйымдылығы 50 орынға лайықталған. Қазір мұнда 40 бала тәрбиеленуде. Үштен асқан балалар қабылданатын орталықта бір қуанарлығы тәрбиеленушілердің ең кішісі 8 жаста екен. Балалар бөлмелерінен түрлі кітаптар мен шахмат тақталары мен домбыраны көріп қуанып қалдық. Тәрбиешілердің айтуынша балалардың бос уақыты болмайтын көрінеді. Ән айтып, би билеп, бірге өсіп келе жатқан жас буын бір үйдің балаларындай тату. «Болашақта кім болғыларың келеді?» деген сауалға жеткіншектердің көпшілігінен «программист болғымыз келеді» деген жауап алдық. Бұл балалардың заман талабына бейімделгенінің белгісі.

– Орталығымызда бүгінгі күні 40 бала тәрбиеленіп жатыр. Балалардың басым бөлігі қаламыздағы «Смарт инновация» мектебіне барады. Біздегі балалар естерін біліп қалған, өз ойларын айтып, жеткізе алатын жаста. Сондықтан олардың пікірімен санасамыз. Асырап алған ата-ана «баланы үйге әкелдік, тамағы тоқ, көйлегі көк болса болды» деп ойлайды да, өз жұмыстарымен айналысып кетеді. Есін біліп қалған балаға да мейірім, көңіл керектігін ұғына бермейді. Осыдан келіп, бала мен ата-ана арасында түсініспеушілік туындап, оның соңы баланы қайта өткізуге әкеледі. Бала асырап аламын деген ата-аналар екі-үш ай жұмысын ысырып қойып, бар көңілін балаға бөліп, баланың сол үйге бауыр басып кетуіне бар жағдайды жасау керек, – дейді орталық басшысы Лаура Жарылқапқызы.

Баланы алу қиын, қайтару оңай. Статистикаға сүйенсек, бір жылда асырап алынған балалардың 80 пайызын қайта балалар үйіне өткізеді екен. Орталықтан 2022 жылы 5 бала отбасына беріліп, олардың екеуін қайтарылған. Бұл жағдай ата-ананың психологиялық дайын еместігін аңғартады дейді мамандар.

– Баланы асырап алғаннан кейін де, ата-аналарға көмек беруге дайынбыз. Осы жағынан дайындық мектебінің берері мол. Отбасын таптым деп үміттенген баланың мінезін, қиыншылығын көтере алмай, балалар үйіне қайта өткізу бала үшін үлкен соққы. Баладағы «бұдан кейін ешкімге керек емеспін» деген ойда агрессияға бейім етеді. Осындай қайта келген баламен жан-жақты жұмыс жүргіземіз. Сондықтан бала асырап алғысы келетін ата-аналарда жауапкершілік болса дейміз. Бала дүкеннен ала салатын зат емес. Асырап алушылар – ол балаға толыққанды мейірімге бөлейтін отбасы болуға дайын болғанда ғана шешім шығарса дейміз, – дейді орталық мамандары.

Адам өмірінің мәні – бала. Ол өзгенің қаны болса да, әрбір бала тәтті, қылықты болады. Сондықтан, жетімсіреп қалған бүлдіршіндердің жүзіне күлкі, бойына қуаныш сыйлау үшін басты нәрсе құжатқа емес, жүректегі сенімділік пен махаббатқа байланысты болса керек.