ШЫМКЕНТТІКТЕР БІРЛІК МЕРЕКЕСІН ТОЙЛАДЫ

179

Шымкентте “Қиял Әлемі” саябағында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Бірлігіміз жарасқан» атты мерекелік іс шара өтуде.

Саябаққа жиналған көпшілік “Бірлігіміз жарасқан” әні және хореграфиялық композициясымен бастау алған мерекелік іс-шараны көтеріңкі көңіл-күйде тамашалады.
Мерекені Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов арнайы құттықтаумен ашып, қала тұрғындары мен қонақтарына ізгі тілегін жеткізді.
-Бүгін баршаңызды 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын!
Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың бірлігі бекем болса, экономикалық даму, бейбітшілік пен тұрақтылық бар екенін айтып өтті. Елімізде өмір сүріп жатқан барлық этнос өкілдері өз болашағын Қазақстанмен байланыстырады және оның өркендеуі үшін аянбай еңбек етіп келеді. Біздің жалғыз отанымыз бар. Ол — Қазақстан. Бейбіт күнде, шаттыққа толы Бірлік күні құтты болсын!, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Мерекелік кеште Шымкент қалалық мәдениет үйі өнерпаздары және “Айгөлек”, “Шамсинур”, “Еркетай”, “Қаракөз”, “Би таңы”, “Қазына” би ансамблдері, «MEIR» балет мектебі және славян этносынан «Светоч» хоры өнер көрсетті.

Мерекеде “Қазақстан” әні шырқалып 500 шар және 200 көгершін ұшырылды.

Сонымен қатар дәл осы сәтте “Арбат” алаңында “Көгершіндер” көрмесі және мерекелік этно көрме, “Абай” саябағында мерекелік концерт, Зообақта “Цирк” әртістерінің арнайы нөмірлері, “Орталық” саябақта Қуыршақ театрының қойылымы сахналанып бүлдіршіндерге тарту етілді.