ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ПОЛИЦЕЙЛЕРІ 2023 ЖЫЛДЫҢ 1 ТОҚСАНЫН ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

93

Түркістан облысы Полиция департаментінде 2023 жылдың бірінші тоқсанында атқарылған жедел-қызметтің жұмыс қорытындысы бойынша кеңейтілген кеңес өтті. Аталған шараға облыстың бас полицейі Мұрат Қабденов пен оның орынбасарлары, аппарат бөлімшелері мен қалалық, аудандық полиция бөлімдерінің басшылары қатысты.

Кеңес барысында облыстық Полиция департаментінің бастығы М.Қабденов ішкі істер министрлігінің алқа отырысында қаралған ҚР ІІМ М.Ахметжановтың негізгі талаптары мен тапсырмаларын жеткізді. Алдағы кезеңге арналған міндеттерді айқындап, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша нұсқаулар берді.

Бұдан әрі жедел-қызметтік жұмыс қорытындылары туралы департамент бастығының орынбасарлары мен бірқатар бөлімдердің басшылары баяндама жасады. Онда қылмыс пен құқық бұзушылықтардың, оның ішінде ұрлық, алаяқтық, жасөспірімдер қылмысы, есірткінің заңсыз айналымы, сондай-ақ тергеу және жол қауіпсіздігі мәселелеріне қатысты оң және теріс тұстары жіті атап өтілді.

Мәселен полиция полковнигі Қ.Сахов аталған кезеңде кісі өлтіру, зорлау, тонау, қарақшылық, бұзақылық сияқты ауыр қылмыстардың ашылуы жақсарғанын жеткізді. Оған қоса облыс бойынша бөтеннің мүлкін ұрлаудың ашылымы 85,6%-ға жақсарып, мал ұрлығы қылмысының тіркелімі төмендеген. Ал заңсыз айналымнан 100 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленген. Сондай-ақ жол қауіпсіздігі саласы бойынша патрульдік полиция қызметкерлері «Радар», «Арена», «Кибер-шериф» және «Кордон» сияқты техникалық құралдардың көмегімен 40 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған.

Кеңес барысында облыс аумағында қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес, ауыр және аса ауыр қылмыстардың жолын кесу және ашу, азаматтардың конституциялық құқықтары мен мүдделерін қорғау, кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтар мен жол қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмыстарды жандандыру қажеттігі атап өтілді.

Жиын соңында Түркістан облысы ПД бастығы М.Қабденов әрбір басшыға қызметті жетілдіріп, ұйымдастыру мен қоғамдық тәртіпті сақтау жөнінде тапсырмалар берді.