ШЫМКЕНТ: КОНТЕЙНЕРЛЕР ОРНАТУ БОЙЫНША ЖАҢА ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

271

Шымкентте қала тазалығы күн тәртібіндегі мәселе. Қаланы таза ұстау, қоқыстарды дер кезінде тасымалдау, тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, қала аумағында бүгінде 610 қоқыс алаңшасы, 2627 қоқыс контейнері, 205 сеткалы контейнер, 125 фракция (құрғақ және дымқыл) контейнер орнатылған. Сондай-ақ, құрамында сынап бар қалдықтарды жинауға арналған 50 контейнер, нан қалдықтарын жинауға арналған 200 дана бөшке қажетті орындарға қойылған.

Шаһарда Ақтас-1 елді мекенінде ауданы 29 гектарды құрайтын қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жұмыс істеп тұр. Жауапты мамандар осы жылдың 1-ші тоқсанында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 26,3 пайызды құрады, дейді. Айталық, қоқыс полигонына әкелінген қатты тұрмыстық қалдықтар көлемі 52 813,22 тонна, сұрыптауға жіберілген қоқыс көлемі 13 870,803 тоннаға жеткен. Қазіргі уақытта жеке тұлғалардың ірі көлемді қоқыс пен құрылыс қалдықтарына арналған көлемі 8 текше метрлік контейнер орнату бойынша жаңа жоба қолға алынбақ. Бұл үшін бос жер учаскелерін анықтау жұмыстары басталды.

Атап өтсек, биыл қалдықтарды фракциялар (құрғақ және дымқыл) бойынша жинау үшін 125 контейнер, құрамында сынап бар қалдықтарды жинауға 50 жаңа контейнер сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар, қала тұрғындарының мәдениетін қалыптастыру және экологияны жақсартуда қалдықтарды сұрыптауға арналған заманауи мобильді пункттер орнатылатын болады.