ҒЫЛЫМДЫ ТӘЖІРИБЕГЕ ЕНГІЗГЕН КӘСІПОРЫННЫҢ МҮМКІНДІГІМЕН ТАНЫСТЫ

213

Қаламыздағы «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і әр тоқсан сайын ақпараттық тур өткізіп тұрады. Екінші тоқсандағы турға қалалық қоғамдық кеңес мүшелері, үй төрағалары мен төрайымдарын шақырып, кәсіпорынның «Диспетчерлік қызмет орталығы», «Су сапасын бақылау зертханасы» «Сарқынды су тазарту құрылғылар кешенінің» жұмысымен таныстырды.

Қаламыздағы «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і әр тоқсан сайын ақпараттық тур өткізіп тұрады. Екінші тоқсандағы турға қалалық қоғамдық кеңес мүшелері, үй төрағалары мен төрайымдарын шақырып, кәсіпорынның «Диспетчерлік қызмет орталығы», «Су сапасын бақылау зертханасы» «Сарқынды су тазарту құрылғылар кешенінің» жұмысымен таныстырды.

Қазіргі таңда, қаламыздағы сарқынды су тазарту кешенінде қосымша имарат салынып жатыр. Бұл кешеннің іргетасы 1983 жылы қаланған. 2017 жылдан мұнда автоматтандырылған жүйемен қатар, биогаз қондырғысы орнатылған. Қаладан, яғни тұрғындар және барлық өнеркәсіп орындары, мекемелерден шығарылатын сарқынды су осы кешенге түседі де, бірнеше өңдеу, тазартудан өтеді. Сол процесстегі газ арнайы қондырғыларға жиналады. Мұнда сонымен қатар күкірт тазарту стансасы іске қосылған. Биогаздан электр энергиясы өндіріледі. Бүгінде кешен өзін толығымен электр қуатымен қамтып отыр.
–Жалпы, қаладан шығарылатын шайынды судың осы кешенде тазартылатын көлемі 150 мың текше метр. Шымкент аумағының күннен-күнге өсуіне байланысты, қосымша 50 мың текше метр шайынды су өңдеуге кешен қуаттылығын арттыру бойынша жұмыстар басталып кетті. Оған Еуропалық қайта құру, Даму банкінен несие алынды және Үкіметтен қолдау көрсетілуде. Нәтижесінде, бүгінде кешен Орта Азия елдерінде баламасы жоқ ауқымды жобаға айналып отыр, — деді кешеннің инженер-технологы Игорь Гасанов.
Кешеннің өзінде және оның маңында ешқандай жағымсыз иіс жоқ. Ақпараттық турға қатысушылар оған көз жеткізді.
– «Су ресурстары-Маркетинг» мекемесінің шаруашылық жұмыстарына қанықтық. Суды реттеу жұмыстарын көзбен көріп, барлық жұмыстар автоматтандырылған жүйеге көшкен екен. Ең маңыздысы, мұнда ешқандай жағымсыз иіс жоқ. Бұрын Темірлан жақтан кіріп келе жатқанда, қаладан шыққан лас сулардың иісі қолқаны алатын. Анарбек Орман басқаратын ұжым ғылымды тәжірибеге енгізіп, Азиядағы үлкен жобаны қолға алған. Енді қала халқы таза суды тұтынып отырса, кәсіпорын мегаполистің экологиясын жақсартуға үлесін қосып жатыр, – деді қоғамдық кеңестің мүшесі Исмаилбек Шалабаев.
Турға қатысушылар бұдан кейін кәсіпорынның 2023 жылға бекітілген инвестициялық бағдарламасына сәйкес, қаладағы Жібек жолы көшесі бойындағы су құбырын реконструкциялау жұмыстарының басында болды.

Жыл басынан бері «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС тұрғын алаптарда су құбыры және кәріз желілерінің тозығы жеткен бөліктерін жаңартуды және ауыстыруды қолға алды. Мәселен, жуырда Күншығыс шағынауданында диаметрі 200 миллиметрлі су құбыры желісі ауыстырылған. Реконструкцияланатын су құбыры желісінің ұзындығы 1400 шаршы метр. Құрылысқа жауапты мердігер – «Қызыл Жебе» мекемесі. Мамандар жаңа желіні төсеу кезінде көлденең бағытталған бұрғылау қондырғысын пайдаланады. Оның тиімділігі сол, жер бетін қопарып, бұзбай, сол аумақты ғана тесіп, желі өткізеді. Осылай, жұмысшылар тротуар мен жолдың беткі қабатын толығымен сақтап қалады.
«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС мердігер компаниялардың жұмыс сапасын жіті қадағалайды. Осы орамішілік желіні пайдалануға бергеннен кейін мердігер кепілді жауапкершілікке тартылады және апатты жағдай туындаса, қалпына келтіру жұмыстарын өз есебінен жүргізеді. Су құбырын қайта жаңарту жұмыстары биылғы шілде айында толығымен аяқталады деп жоспарланған.
Турға қатысушылар мекеме жұмысына өздерінің оң бағасын берді.