БОЛАШАҚҚА ҚАДАМ – ЖАСТАРҒА МАМАНДЫҚ ТАҢДАУДА БАҒЫТ БЕРЕТІН ЖОБА

196

Шымкентте «Болашаққа қадам» жобасы жалғасып жатыр. Жоба аясында қаладағы мектеп оқушылары арасында кезекті семинар өтіп, мектеп бітіруші түлектер «Бал Текстиль» кілем фабрикасының жұмысымен танысты.

 

Алдымен қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы және Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен №65 мектепте 9-11 сынып оқушылары арасында мамандық таңдау бойынша семинар өтті.
Алғаш сөз алған Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың басшысы Мұратжан Шотанов жастарға мамандық таңдауда осындай жобалардың берері мол екенін атап өтті.
– Жобаның мақсаты – бітіруші түлектерге мамандық таңдауда жол көрсету. Жастарды қолдау, болашақта мамандық алуына жағдай жасау, сапалы білім беру мәселесі Президент Жолдауында айтылды. Соған байланысты, Шымкентте осындай үлкен жоба қолға алынды. Жоба аясында жастарды қаладағы кәсіпорындармен таныстырып, өндіріс орындарына қандай мамандықтар керек екенін, олардың жұмыстарының маңыздылығын, не өндіріп, не ұсынатыны жете түсіндіріледі. Бұдан бөлек, түрлі семинар мен тренингтер ұйымдастырылып келеді. Бұл қаламыздағы әр жасқа болашағында пайдалы дүние болатынына сенеміз, – деді Мұратжан Шүкірханұлы.
Бітіруші түлектерге мамандық таңдауға және NEET санатына жататын жастарға мамандық таңдау бағытында коуч-тренерлер түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, өз кеңестерін ұсынды.
Кәсіби бағдар беру мақсатында қолға алынған жобаға қонақ ретінде қатысқан спикерлер баяндама жасап, оқушыларға дұрыс мамандық таңдаудың маңыздылығын түсіндірді.
Семинар барысында «Бізге мамандықты ата-анамыз таңдап қойған. Бірақ мен ата-анаммен келіспеймін. Өзім қалаған оқуымды оқығым келеді» деген оқушылар көп болды. Мамандық таңдау – өмірдегі ең маңызды қадамдардың бірі. Өйткені, әр тұлға бала кезінен бастап болашақта кім болатыны жайлы ойланады.

–Біз жүрегіміз қалаған мамандықты таңдауымыз керек. Өйткені, әрқайсымыз қалаған мамандығымыздың иесі болып, табысты болғымыз келеді. Ал жұмысымыз жақсы жүріп, табыс көп болу үшін адам өз мамандығын сүю маңызды. Яғни ынтамен, құштарлықпен, сүйіспеншілікпен орындалған жұмыс нәтижелі болады, — деді семинарда сөз алған психолог-маман Марал Жұмагелдіқызы.
Бұдан кейін оқушылар «Бал Текстиль» кілем фабрикасының өндіріс барысымен танысты. Өндірістегі автоматтандырылған жүйе және ондағы қызметкерлердің жұмысымен жіті танысқан бітіруші түлектер жобаның мамандық таңдауда серпін бергенін атап өтті. Олар осындай үлкен фабриканың дизайнері, IT маманы болсам деген ойларын жасырмады.
– Фабрикада 450 ден астам маман бар. Жылда қаламыздағы оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, жеңіл өнеркәсіп саласын бітірген түлектерді жұмысқа тартамыз. Болашақта өндірісімізді кеңейтсек, мамандар көптеп керек болады, – деді өндіріс басшысы Нұрғали Тоқсанбай.
Қалалық жастар ресурстық орталығы жастарға бағыт беретін жобамен қаладағы мектеп оқушыларын толығымен қамтуды жоспарлап отыр.