ЖӘРМЕҢКЕДЕ СЕБЕТІҢ АУЫРЛАЙДЫ

182

Шымкент қаласы Қаратау ауданында әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Атап айтқанда, аудан аумағында апта сайын тұрақты түрде 5 орында жәрмеңке ұйымдастырылып келеді. Бұл туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап өткізілген баспасөз турында Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкеманов мәлімдеді.

Журналистер, ең алдымен, Тұран шағынауданындағы азық-түлік жәрмеңкесінде болды. Мұнда ұн, жұмыртқа, ет, шұжық, сүт өнімдері мен күнбағыс майы секілді ең қажетті өнімдер нарықтан 15 пайызға арзан бағамен сатылып жатыр. Тұрғындар үйіне жақын жерде өтетін әрі бағасы да қолжетімді болғандықтан жәрмеңкеге жиі келетінін айтады. Соның бірі үш баланың анасы Кенжегүл Аяпова:
—Осы шағынауданға көшіп келгеніме бес жылдай болды. Мен декреттік демалыстағы ана болғандықтан ұзақ уақытқа балаларымды тастай алмаймын.Үйдің жанынан жәрмеңке ашылғанына риза болдық. Себебі, бұл жерге келіп уақытымызды ғана емес, қаражатымызды да үнемдеп жүрміз. Азық-түлік бағасы базар бағасымен салыстырғанда едәуір арзан, – дейді К.Аяпова.
Ал, алпыстан асқан зейнеткер Ақмарал Тәукеева жәрмеңкеде сауда жасап, табыс тауып отыр. Қой етін сатумен айналысатын саудагердің тұтынушылары да көп екен.
— Қой етінің келісін 2000 теңгеден сатып жатырмын. Ет бағасының базардан арзан болуының себебі орынға, салыққа ақша төлемейміз. Күнделікті санитар мамандардың тексеруі болады. Барлығы дұрыс болса, рұқсатын береді. Қойды өзіміз сойып, дайындап әкелеміз. Әр жәрмеңкеде шығамын. Өзімнің тұрақты тұтынушыларым да бар. Бүгін әкелген етім кеш болмай сатылып, бітуге жақын. Бізге осындай ыңғайлы жұмыс, ал тұрғындарға жайлы жағдай жасап отырған әкімдікке рахмет айтамыз,-дейді А. Тәукеева.
Қаратау ауданында жәрмеңке аптасына бес күн бойы ұйымдастырылады. Мұнда 500-ге жуық саудагер әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік өнімдерін саудалайды. Олардың ішінде жергілікті шаруалардың да өнімдері бар. Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкеманов бұл іс-шара азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында қолға алынғанын тілге тиек етті.
—Саудагерлердің өнімі талапқа сәйкес шектік бекітілген бағадан 15 пайыздан аспауы керек. Жалпы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың базар бағасынан төмен болуы қадағаланады. Мұнда сауда жасау үшін арнайы тіркеуден өтіп, санитарлық талаптарға сай болған жағдайда ғана сауда жасауға жіберіледі. Ауданымызда жәрмеңке Нұртас, Нұрсәт, Тұран-1, Тұран -2 шағынаудандарында аптасына бес күн бойы ұйымдастырылады, –деді Р.Мүлкеманов.
Мұнан кейін БАҚ өкілдері Қаратау ауданындағы инфрақұрылым желілерінің, атап айтқанда, ойын алаңшалары мен спорт алаңдарының құрылысымен танысты.
— Қаратау ауданының аумағында бүгінде 494 көпқабатты үй бар. Олар 155 аулаға біріктірілген. Қолданыста 128 ойын алаңшасы мен 70 спорт алаңшасы бар. Өткен 2022 жылы ауданымызда 41 аула абаттандырылып, 10 спорт алаңшасы салынды. Бұл жұмыс биыл да жалғасып жатыр. Биыл 34 ауланы абаттандырып, онда 7 спорт алаңшасы салуға 1 миллиард 460 миллион теңге бөлінді, — деді Р.Мүлкеманов.
Қаратау ауданында басқа да бағыттар бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, биыл жалпы ұзындығы 50 шақырымды құрайтын 70 көше орташа жөндеуден өтіп, асфальт төселсе, жалпы ұзындығы 33 шақырымды құрайтын 41 ішкі орамдық көшеге шағал тас төселеді.