ҰСТАЗ

286

Ертең, 1 маусым күні елімізге белгілі заңгер, прокуратура қызметінің ардагері, әділет генерал-майоры Әбдіқадыр Кәрімұлы Кәрім мерейлі 70 жасқа толғалы отыр. Ұзақ жылдар бойы Шымкент қаласында прокуратура органдарында жемісті қызмет етіп, қаламыздың дамуына лайықты үлес қосқан еңбек ардагерін мерейтойымен редакция ұжымы атынан құттықтай отырып, ол кісінің шәкірті, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Абзал Құспанның редакциямызға арнайы жолдаған мақаласын оқырман қауымның назарына ұсынып отырмыз.

«Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін: әкемнен өмір алсам, ал Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым» — деген екен, адамзат тарихындағы ең әйгілі қолбасшылардың бірі Ескендір Зұлқарнайын (Александр Македонский). Ескендірдің бұл сөзі қазақтың, кей деректер бойынша Әл-Фараби айтты делінетін «Ұстазыңды пірдей көр, ата-анаңмен бірдей көр» — деген сөзімен ұштасады екен.

Өз басым ұстаз ұғымын түрлі сатыдағы оқу орындарындағы мұғалімдік қызметтен бөлек қарастырамын. Әрине мектеп жасынан сабақ беріп, тек белгілі бір пәнді ғана емес, оң-солыңды, жақсы мен жаманды айыруды үйреткен жанашыр мұғаліміңнің ұстаз атану мүмкіндігі зор. Бірақ, ұстаз ұғымын тек ресми қызметімен ғана байланыстыру қате болар. Бұл тұрғыда бізге дейінгілер не деді екен деп ғаламтордан іздестіріп көргем. Біздің заманымызға дейінгі ұлы, ұлық тұлғалардың ұстаздары туралы айтқан ойлары өте көп екен. Соларды саралай келе, өзім үшін түйгенім – азды-көпті осы өміріңде сөзі, ісі, тіпті артына қалдырған ұлы шығармасы арқылы, жақсы, адами бітім-болмысыңның қалыптасуына әсер ете алған әр адамды менің ұстазым еді деуге қақылы болсам керек.

Міне, мен үшін осындай жанның бірі әрі бірегейі, белгілі заңгер, прокуратура қызметінің ардагері – Әбдіқадыр Кәрімұлы Кәрім. Әбдіқадыр ағамыз бар саналы өмірін прокуратура қызметіне арнаған және осы салада көптеген лауазымдарға қол жеткізген адам. Бірақ, бұл мақалада мен ол кісінің қызметтерін немесе ресми атақ-дәрежелерін тізбелеп жатпаймын. Мен Әбдіқадыр Кәрімұлының ұстаздық қасиеті туралы бір-екі ауыз әңгіме етсем деп едім.

Ағамыз сонау 2000 жылдардың басында, дәлірек айтсақ 2002 жылы Батыс Қазақстан облысының прокуроры болып тағайындалды. Мен ол кезде Бөкей ордасы ауданы прокурорының көмекшісі қызметінде едім. Облыс орталығынан өте шалғайда жатқан біздер айына бір рет есептік жиналысқа шақырылғанымыз болмаса Оралға көп бара бермейміз. Себебі түсінікті, жол нашар, бір жиналысқа қатысу үшін бірнеше күндік дайындық керек.

Содан не керек, «жаңа басшы мінезді адам екен, талабы өте жоғары екен, айтқанын орындамағанды әй-шәйға қаратпай қызметінен кетіреді екен» — деген сипаттағы хабарлар, орталыққа жақын орналасқан аудан прокурорлары арқылы бізге де жетіп жатты. Көп ұзамай шынында да басшылық құрамдағы біраз прокурор өз қызметтерімен қоштаса бастады. Содан күз айларының басында облыс прокуроры оңтүстік аудандарын жеке өзі аралап шығатын болды. Бізге дейін жолда Ақжайық, Жаңақала аудандары бар, мен бір жақтан, аудан прокуроры бір жақтан ана ауданның прокурорларына телефон соғып, оларды «қалай болды, не болды, жұмыс бабында не сұрайды?» – деп сұрақ астына аламыз. Одан аудан прокурорының кабинетіне жиналып, естіген-білгенімізді ортаға саламыз, тиісінше қызметтік қағаздарымызды туралаймыз. Сөйтіп жатқан кезде Жаңақала ауданынан біздің бағытқа шығып кетті деген хабар да келіп жетті.

Бөкей ордасы ауданы – қазақ тарихында ойып тұрып алатын ерекше орны бар тарихи жер. Бірақ, жоғарыда айтқанымдай, облыс орталығынан өте шалғайда орналасқан, ара қашықтық 600 шақырымға жуық. Оның үстіне орта жолдағы Жаңақала ауданынан 300 шақырымдай жерге мүлдем асфальт жол төселмеген, қатынасқа қиын жер.

«Қырсыққанда қымыран іриді» дегендей, жаңа басшымыз Ақжайық, Жаңақалаға барғанда керемет болып тұрған ауа райы бізге шығып кеткеннен кейін күрт бұзылмасы бар ма! Содан кешкі бес-алтыдан қалмай келеді деп күтіп отырған адамдарымызды орта жолда көлігі батпаққа батып жатқан жерінен аудан әкімдігі жіберген бес кісілік УАЗ көліктерімен түннің бір уағында алдырыпты. Мен басшымыз келсе жұмыс орнына соғып қалар деп аудандық прокуратурада, үйілген қызметтік қағаздардың арасында отырып, қатты шаршағаннан ұйықтап қалыппын.

Бір кезде қызметтік телефон шыр ете қалды. Тұтқаны көтерсем ар жағынан сол кездегі аудан прокурорының әйелі Гуляның жан даусы шығып жатыр. Оның айтуынша басшымыз сол кезде облыстық құқықтық статистика басқармасының басшысы Бақтияр ағамызбен шопыр үшеуі түнгі екіден өте келіпті. Қарсы алуға шыққан аудан әкімі мен ішкі істер бөлімінің басшысы бірден прокурордың үйіне дайын асқа алып барса керек. Бірақ, аудан прокуроры үй иесі ретінде келген адамдарға қош келдің мен ас алыңызды айта алмай сасқалақтап қалғанға ұқсайды. Соған маған қызметтік көлікті жібергенін, дереу үйге келіп столды басқару керектігін айтты.

Үйге келе байқағаным төрде отырған басшымыздың үстіндегі генералдық кителі (ол кісі қателеспесем Республиканың бас әскери прокуроры болып тұрғанда генералдық шенге ие болған. Прокурорлар әдетте көк түсті форма кисе, бұ кісінікі әскери сұр түсті) малмандай су болған, шамасы жолға ауыстыратын киімін алмай шықса керек. Осы жағдай жолдың қиындығы, шаршағаны бар, генералдың қабағы қатулы. Содан ба дастархан басында ыңғайсыз үнсіздік орнаған, не аудан әкімі, не ішкі істер бөлімінің басшысында үн жоқ. Мен келе өзімді таныстырып, қонақтардан астан алуын сұрап, осындай кезде айтылатын әдеттегі сөздерді айтып жатып, неде болса өзін сөйлетейін деген оймен «Аға, Суворов айтты делінетін, «генерал болуды армандамаған солдат-солдат емес» — деген қанатты сөз бар, бәрімізде өзіңіз сияқты генерал болғымыз келеді, ендеше артыңыздағы біз сияқты жастарға қарата бір тілегіңізді айтсаңыз» — дегенімде ол кісі бүкіл денесімен маған ошарыла қарады. Сөздің әсері болды ма, әлде ыстық ас бойға дарып, көңілі жайланды ма білмеймін, осыдан соң генерал кәдімгідей шешіліп әңгіме айтты, оған қарап басқамыздың да көңіліміз сабасына түсе бастады.

Бұның бәрін тәптіштеп айтып жатқанымның мәні бар, сол күні, анығы түннің бір уағында дастархан басында отырып Әбдіқадыр ағамыздың айтқан бір әңгімесі өмір бойы санамда жазылып қалыпты. Тіпті кейінгі заңгерлік, қоғамдық жұмыстарыма да тікелей әсер еткен еді, енді соған көшейін.

Әңгіме арасында генерал менен қазір аудан бойынша қандай тексерулер жүргізіп жатқанымды сұрады. Мен жер мәселелері бойынша деп жауап бердім. Шамасы сұраққа тиісті назар аудармай, жауабымның қысқа, шолақ шыққаны ұнамады білем, генерал жер туралы заңнаманың орындалуына аса маңыз беру қажет екендігін айтып келіп, сөзін былай жалғады: «Баяғыда жаратушы Алла барлық жер бетін мекен қылған ұлт пен ұлысқа жер таратыпты. Сол жиынға атамыз қазақ әні-міні деп жүріп кешігіңкіреп барса керек, сөйтсе барлық әдемі, нулы-сулы жерлер үлестіріліп қойғанға ұқсайды. Таулы жерлер кавказдық ағайынға, орман-тоғай орысқа, мұхит-теңіз еуропалықтарға деген сияқты. Ұлық Алла атамыздан «енді өз қалауыңды айт» дегенде, ол атпен шауып жеткенінше дейін жер беруін сұрапты. «Ал, ендеше шап» депті ұлық Алла. Содан атамыз қазақ атына міне шауыпты. Сол шапқаннан шауып отырып Атыраудан Алтайға дейін шапса керек, осы кезде аты болдырып құлап, ары қарай атамыз жаяу жүгіріпті, өзініңде әлі құрып, құлап бара жатып, басындағы тымағын лақтырыпты дейді. Осының бәрін көріп тұрған ұлық Алла атамыздың ниетіне риза болып, қазаққа осы кең байтақ жер бұйырыпты. Оның ішіне өзен-көлі, теңізі, орман-тоғайы, тіпті Швейцариядай әдемі Бурабайыда бар» — дей келе Әбдіқадыр Кәрімұлы «Абзал, бұл енді аңыз-әпсана түрінде бізге жеткен әдемі әңгіме сияқты көрінер, бірақ бұның астарында үлкен мән-мағына жатыр. Ата-бабамыз осы арқылы жердің қаншалықты құнды, киелі екендігін айтып, мына сіз бен бізге оны аманаттап отыр, сондықтан басқа-басқа, бірақ жер мәселесіне келгенде бейқам болма» -деп сөзін тәмамдады.

Генералдың келгенінен келедісі көп әңгіме болғаны бар, қандай адам екен деп толқып күткеніміз бар, әрі өзіміз жиырмадан енді асқан өрімдей жас, әсершіл кезіміз, одан бөлек, әр сөзге маңыз беріп, баптап сөйлетіні, әрі сұсты, әрі келісті түр-кескіні, осының бәрі қосылып, бұл әңгіме өзіме қатты әсер етті. Сол күні ұйықтай алмай, таңды көзбен атырдым. Осыдан кейін, жерге қатысты мәселе бола қалса, өз басым елден ерек елеңдеп тұратын болдым.

Араға бірнеше жыл салып, Әбдіқадыр Кәрімұлы қызмет бабымен басқа облысқа ауысты, одан соң ағамызбен кездесудің сәті түсе қоймады. Ол кісі кеткен соң көп ұзамай мен үшін прокуратура саласында ары қарай қызмет етудің еш мәні қалмағандай көрінді де, өз еркіммен арыз жазып, адвокатура саласына ойыстым. Бұл 2006 жыл болатын. Осыдан арада он жылдай уақыт өткен кезде, ел арасында ауыл шаруашылығы жерлері Қытай инвесторларына беріледі екен деген әңгіме гу ете түсті. Мәселенің анық-қанығын білеміз деп алашапқын болып жүргенде, бір азаматтар желіге Шығыс Қазақстан облысының мыңдаған гектар жерін көрші елге ұзақ мерзімді жалға беру туралы Үкімет Қаулысын жариялап жіберді. Бұл бұқараға отқа май құйғандай әсер етіп, сол жылдың мамырында Қазақстанның барлық өңірінде жаппай митинг басталды. Мен Орал қаласындағы белсенді ұйымдастырушының бірі ретінде әкімшілік қамауға алындым, бірақ артынша босатылып, сол кездегі Президенттің ұсынысымен, ауыл шаруашылығы министрлігімен бір жұмыс тобында 2017-2019 жылдар аралығында, жер кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізуге атсалыстым. Екі жыл бойы ақысыз, қоғамдық негізде қызмет атқардым. Жұмысымыздың нәтижесінде жаңа жер кодексінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге мемлекеттік меншік құқығы бекітіліп, шетел азаматтарына жалға берілмейтіні туралы норма көрініс тапты. Ал былтырғы жылғы реформа нәтижесінде ол норма бас заңымыз – Конституцияға да енгізілді! Биылғы сайлауға бір мандатты округтен өзін-өзі ұсыну тәртібімен түсіп, батыс қазақстандықтардың басым бөлігінің қолдауымен Мәжіліс депутаты атанған күннің ертесіне «Аманат» партиясының басшылығы «Жер аманаты» комиссиясына қоғамдық жұмысқа шақырғанда, ойланбастан өз келісімімді бердім.

Осылайша, бір кездері Әбдіқадыр Кәрімұлының дастархан басындағы айтқан бір әңгімесінің өзі, менің заңгерлік, қоғамдық жұмысымның өзегіне айналды…

 

Абзал ҚҰСПАН,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты