БАЛА АЛПАМЫСТЫҢ АРМАНЫ ӘКЕ ЖОЛЫН ЖАЛҒАУ

229

Армансыз- адам қанатсыз құспен тең демекші, әр адамның жан дүниесінде тамыр жайған арманы бар. Ол арман- адаммен бірге өседі, өркендейді. Бала кездегі арманның кіршіксіз таза әрі оның орындалатынына деген сенімнің болатыны қандай ғажап! Бойында ізгілік пен мейірімнің нышаны бар кезкелген бала өскенде өзгелерге көмек пен игілігін тигізетін маман иесі болғысы келетіні жасырын емес. Бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отырған осындай ізгі ойды мақсат тұтқан бүлдіршініміз Сағадат Алпамыс Азаматұлы.

10 жасар Алпамыс болашағын құқық қорғау саласымен байланыстырады. Себебі ата-анасы осы салада қызмет атқарады. Алпамыс отбасында үш ағайынды. Өзінен кейін бір інісі және қарындасы өсіп келеді.

Болашақта мен әкем сияқты батыл полицей болғым келеді,- деп бөлісті Алпамыс.

-Менің отаным –Қазақстан Республикасы. Мен Жетісай қаласында тұрамын. Қазір таңда Б. Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының 3 сыныбын бітірдім. Менің арманым және болашақ мамандығым полиция қызметкері болып, заң бұзушылықтармен күресу және қоғамда тәртіптің болуын қадағалау, халқымыздың тыныштығын сақтап, жақсы өмір сүруіне қызмет ету. Себебі әр адам баласы өз отанын сүю керек. Ол әр азаматтың міндеті. Еліне адал болып, адал қызмет ету керек, -деп ата-анам да, ұстаздарым да үнемі айтып келеді.

Осыдан бір жыл бұрын мен ата-анамның рұқсатымен олардың жұмыс орындарына барған болатынмын. Қолыма камера алып, қызметтеріне сюжет дайындадым. Олардың бір күндік жұмыстарын көріп қайттым. Онда тәртіп сақшыларының қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мен қылмыстардың алдын алу бағытында қызмет еткенінің куәсі болдым. Тіпті тұрғындардың ата-анама алғыс айтқанын естіп, қуандым. Сонда полиция мамандары қиын да жауапты жұмыстарын асқан жауапкершілікпен жасау керектігін түсіндім.

Менің осы мамандықты таңдау себебім — халқымның жанашыры болғым келеді. Және де қылмыстардың санын азайтқым келеді. Мен болашақта полция бөлімшесінің бастығы болсам деймін. Бұл да менің алдыма қойған арман мақсаттарымның бірі. Мектептегі мұғалімдерімнің, ата-анамның көмектерімен, еңбектерімен өзімнің ынтаммен осы арманыма қол жеткізетініме сенемін.

Әкем, мықты полиция болу үшін көптеген кітаптар оқып, спортпен тұрақты шұғылдану қажет екенін, ешқашан ешкімнен ештеңе рұқсатсыз алмау керек екенін ұғындырып отырады. Өзіме жан-жақты болған ұнайды. Мектептегі түрлі іс-шараларға белсенді қатысамын. Хоббиімнің бірі ән айтып, көркем сөздерді мәнерлеп оқу. Спорттан да құр алақан емеспін.

Әкем — Азамат Салтөреев пен анам — Дина Аубакирова екеуі Жетісай аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторлары полиция майоры шенінде қызмет атқарады. Олар жиі түнгі рейдтік жұмыстарына шығып кететін күндері болады.

Осындай да үйдің үлкені болған соң үй шаруасының жеңіл жұмыстарын өзім жасап отырамын. Кей кездері балабақшадағы қарындасымды өзім алып қайтып, інім екеуіне қарайласамын. Әкем мен анам әрдайым маған сенім артқан соң, барлығына жауапкершілікпен қарауды үйрендім,-дейді кішкентай Алпамыс.

Біз де, өз кезегімізде өмірге деген құлшынысы осы кезден тым биіктен бастау алған кішкентай Алпамысқа арман-мақсаттарың орындалсын деп тілек тілейміз. Адамның болашақтағы өміріне қанат бітірген-арман.

Армандарың орындалсын, Алпамыс!