МИНИСТРЛІК ҰЙЫМДАСТЫРҒАН БАЙҚАУЛАРДА ТОП ЖАРҒАН ШЕНДІ АРУЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

164

ҚР ІІМ министрлігі полиция қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастырып, олардың қоғам алдында мәртебесін арттыру, қызметін кеңінен насихаттау мақсатында түрлі бағытта байқаулар ұйымдастырып отырады. Ал мұндай қоғамдық іс-шараларға Түркістан облысының полицейлері үнемі белсенді қатысып, жүлделі орындарды қанжығалап келеді.

Мәселен министрліктің тапсырмасына сәйкес «Полиция күнін» мерекелеу шеңберінде республикалық «Міндет.Абырой.Ерлік» атты ішкі істер органдары мен бөліністерінің қызметкерлері арасында көркемөнерпаздардың вокалдық байқауы өткен болатын. Байқауға Түркістан облысының атынан Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкері полиция капитаны Айгүл Қалиева қатысты.

Патриоттық рухты көтеретін «Алия» әнін нақышына келтіре жанды дауыста орындаған түркістандық полицей, өзінің орындаушылық шеберлігі мен деңгейі, сахналық костюмімен көзге түсіп, жүлделі ІІІ-орынды иеленді. Аталған жеңімпаз әнші аруымызға ҚР ІІМ М.Ахметжановтың арнайы диплом, статуеткасы Полиция департаментінде өткен шарада салтанатты түрде табысталды.

Сонымен қатар министрлік ұйымдастырған «Бұрымды қыз» фото-байқауына қатысып, Түркістан облысының намысын қорғаған полицей аруларымыз да жүлделі болды. Нақтырақ айтсақ, Түркістан қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының туристерге қызмет көрсету жөніндегі қызмет инспекторы полиция лейтенанты Алмагүл Сәрсенбекова, Созақ аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімі ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы полиция аға лейтенанты Арна Бейсенбіге ҚР ІІМ-нің арнайы дипломы табыс етілді.

Аталған шенді аруларымыз ұлттық нақыштағы және нысанды киім үлгісімен кәсіби суретке түсіп, погондағы бұрымды қыздардың нәзіктігі мен қайсар мінезін қатар сипаттап, республика көлемінде ерекше көзге түсті. Республикалық байқауға өңірлік Полиция департаменттерінің атынан 30-дан астам ару қатысып бақ сынасты. Соның ішінде түркістандық қос аруымыз топ жарып, арнайы марапатқа ие болды. Ендеше, сұлу да, сымбатты сақшы аруларымызғдың қызметтеріне сәттілік, бақ пен береке тілейміз! Мереке құтты болсын!