ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 4 ТӘУЛІКТЕ ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙДЫ ЗАҢСЫЗ ТАСЫМАЛДАУҒА ҚАТЫСТЫ 150-ДЕН АСТАМ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ АНЫҚТАЛДЫ

96

Түркістан облысында 15-мамырдан бастап жанар-жағармай материалдарын елден тыс жерлерге тасымалдауға жол бермеу, сондай-ақ тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралдарын анықтау бойынша рейдтік іс-шарасы өтуде.Осы бағыттағы Түркістан облысы тәртіп сақшыларының 4 күндік жұмыс қорытындысы бойынша жалпы 710 жүк көлігі тексерілді.

Нәтижесінде белгіленген талапқа сай келмей, көлігіне қосымша отын бактарын орнатуға қатысты 153 жайт анықталды. Оның ішінде 63 жүк көлігінің жүргізушісіне қатысты Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 590-бабының 7-бөлігімен (тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқару) хаттама толтырылды. Ал ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 5-бөлігімен (Көлік құралын пайдалану қағидаларын бұзу) 85 құқық бұзушыға әкімшілік шара көрілді.

Сонымен қатар ӘҚБтК-нің 590-бабының 8- бөлігімен (рейс алдындағы техникалық қарап-тексеруден өтпеген) 5 жүк көлікке хаттама толтырылса, 12 жүк көлігі айыптұраққа қойылды. Өз кезегінде полицейлер жүргізушілерді жол қауіпсіздігін қатаң сақтауға шақырады. Одан бөлек жанар-жағармайды заңсыз тасымалдауға жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.