ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСТАҒЫ БАЛАЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ БОЙЫНША БРИФИНГ ӨТТІ

215

Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Бағланбек Айтпаев «Жазғы демалыстағы балалардың қауіпсіздігі» тақырыбындағы брифингке қатысты. Облыс полицейлерімен атқарылған жұмысты баяндап, жиналған журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Полиция полковнигі Б.Айтпаев: «Жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен құқығын қорғау полиция қызметкерлерінің күн тәртібінен түспейді. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жолын кесу мақсатында, «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» және «Жасөспірім және жауапкершілік» жедел-профилактикалық іс шараларын өткіземіз.

Мәселен жыл басынан бері жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған 142 кәмелетке толмаған мен тұрғын үйден тыс жерде жүрген 3 402 жасөспірім анықталды. Олардың ата-аналары мен заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жасы кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін 68 мекеме иесіне Әкімшілік кодекстің 132-бабымен хаттама толтырылды.

Құқық бұзушылыққа бейім 329 кәмелетке толмаған мен бала тәрбиесіне немқұрайды қарайтын 243 қолайсыз отбасы есепке алынды. Ал жасөспірімдерге қарсы жасалған қылмыстар 2 пайызға төмендеді. Осы ретте ата-аналарға демалыс кезінде балаларыңыздың қайда жүргенін қадағалап, түнгі уақытта өз беттерінше үйден тыс жерлерде болуына жол бермеңіздер деп ескертемін. Себебі осы уақытта балаларыңыз қылмыс жасауы немесе қылмыстың құрбаны болуы мүмкін»-деп атап өтті.

Одан бөлек бүгінде облысымызда жалпы 17 жазғы лагерлер қызмет көрсетуде. Олардың барлығына полиция қызметкерлері бекітіліп, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында тәулік бойы кезекшілікке түсуде. Сонымен қатар тәртіп сақшылары шомылу кезінде сақтық шараларын қабылдауға шақырады. Осы бағытта полиция, төтенше жағдайлар қызметкерлері бірлесіп, үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Егер де, тыйым салынған жерлерде шомылу деректері анықталған жағдайда, Әкімшілік кодексінің 364-бабымен жауапкершілікке тартылатын ескертеміз.

Сондықтан балалардың демалыс кезіндегі қауіпсіздігі толық сақталуы үшін ата-ана, қоғам, тиісті мекеме қызметкерлері полицейлермен бірлесіп, алдын алу шараларын қабылдау туралы ұсынысын жеткізді.