ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖОЛ АПАТЫНАН 9 АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ

201

Бәйдібек аудандық полиция бөліміне ағымдағы жылдың 17 шілде күні сағат 09:00 шамасында Шаян ауылы маңында жол-көлік оқиғасы болғандығы туралы хабарлама келіп түсті.

Жол апаты орын алған аймақты тексеру кезінде облыстық маңызы бар «Екпінді-Созақ» тас жолы бойында «Nissan», «Toyota Camry» және «Volkswagen Grafter» маркалы үш автокөлік соқтығысқаны анықталды. Апат салдарынан көлік құралдары өртенген. Нәтижесінде 9 адам қайтыс болып, 13 адам ауруханаға жеткізілді.

2 адам медицина көмегінен бас тартты. Алдын ала мәліметтер бойынша «Nissan» автокөлігі қарсы бағытқа шығып кеткен. Оқиға орнына бірден Түркістан облысы ПД басшылығы барды.

Қазіргі тада жол-көлік оқиғасы бойынша Бәйдібек АПБ-нің полицейлері жұмыс жасауда. Болған оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.

Бұл факт ҚР ҚК 345-бабы «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша СДТБТ-ға тіркелді.

Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелері мен жылдамдық режимін сақтауға шақырады. Жүргізушілер, сақ болыңыздар!