ШЫМКЕНТ БИЗНЕС ЖҮРГІЗУГЕ ҚОЛАЙЛЫ ҚАЛАҒА АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ

137

Серікжан СЕЙІТЖАНОВ, «Саутс-Ойл» компаниясының президенті:

–Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қалалар санатына қосылып, бұл тарихи шешім қаланың болашағы үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашты.

Соңғы бес жылда өнеркәсіп өнімінің көлемі 492 млрд. теңгеден 937 млрд. теңгеге жетті. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 58 мыңнан 110 мыңға дейін өсті. Қала бюджеті 5 жылда 4 есе көбейіп, 146 милиардтан 642 миллиард теңгеге жетті. Мұның бәрі де кәсіпкерлікті жеткілікті түрде қолдаудың нәтижесі дер едік.

Шымкент қаласының мегаполис деген статусқа ие болуы инвесторларға, бизнес өкілдеріне, әсіресе, жас кәсіпкерлерге, жалпы, барлық азаматтарға тың мүмкіндіктер ұсынды. Экономика жылдан жылға дамып, инвестициялық ахуал жылдан жылға жақсарып келеді. Жергілікті билік бизнестің алдындағы кедергілерді жою және инфрақұрылымды дамыту бойынша барынша нәтижелі жұмыс атқаруда.

Бір ауыз сөзбен айтқанда, бүгінде Шымкентте еңбек етемін, бизнес жүргіземін, алға басып, табысты боламын деген азаматтарға барлық мүмкіндіктер бар. Қалада өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты, жаңадан жалпы аумағы 867 гектарды құрайтын 5 өндіріс аймағын құру жұмыстары жүргізілуде.

Мәселен, өнеркәсіп саласын алып қарайтын болсақ, жыл сайын қаншама заманауи, инновациялық өнім шығаратын кәсіпорындар, зауыт-фабрикалар ашылып жатыр. Соның бірі біздің компаниямыздың қаржыландыруымен  ашылғалы отырған – «Стандарт» жеке индустриалды аймағы. Шымкент қаласындағы бұрынғы қорғасын зауытының орнында біз ауқымды жобаны қолға алып отырмыз. Ол негізгі екі бағыттан тұрады: біріншісі, осы аймақта жинақталып қалған 4,5 миллион тоннадай өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу арқылы мыс, күміс концентратын және мырыш оксидін өндіретін зауыт салдық. Бұған дейін қаланың экологиясына, тұрғындардың денсаулығына зиянын келтіріп жатқан өндірістік қалдықтарды өңдеп, кәдеге жаратып жатырмыз.

Жобаның екінші бағыты – «Стандарт» жекеменшік индустриалды аймағын құру. Яғни, біздің компания бұрынғы қорғасын зауытының аумағын тазалап, инвестор ретінде өз қаражатымыздың есебінен барлық инфрақұрылым желілерін жүргіздік. Енді бұл аумаққа заманауи талапқа сәйкес келетін өндірістік ғимараттар, ангарлар саламыз.

Шағын зауыт немесе цех ашуы үшін кәсіпкер мемлекеттен жер алуы керек. Одан кейін ол жер теліміне электр қуатын, жол, су, газ бен кәріз жүйелерін жеткізу деген де өте ауқымды жұмыс. Әрі мұның барын техникалық талаптарға сәйкестендіріп, тиісті органдардан рұқсат алуға тура келеді. Оған қоса, өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкестігін дле растау керек болады. Ал, біздің индустриалды аймаққа келіп, дайын өндірістік ғимаратты жалға алған кәсіпкер осы кедергілер мен әурешіліктен құтылады. Өндірістік құрылғыларын орнатып, жұмысын тез-ақ бастап кетуіне болады.

Алғашқы кезеңде 27 мың шаршы метрлік ангарлар биыл салынып бітеді. Әрі қарай тағы да ғимараттар салып, аймақты кеңейте береміз. Болашақта бұл аймақта шамамен 100 шағын және орта кәсіпорын жұмыс істейді деген болжамымыз бар.

Жалға алу тарифтерін Шымкент қаласының әкімдігімен келісе отырып белгілейміз. Бұл жердегі ең үлкен жеңілдік бизнесмендер Шымкентте ғана жұмыс істейтін «Іскер қала» атты бірегей өңірлік бағдарлама арқылы мемлекеттен көмек алуына болады. Атап айтқанда, алғашқы өндірістік ғимаратты жалға алу ақысының 75 пайызы, екінші жылы 50 пайызы және үшінші жылы 25 пайызы субсидияланады. Осы үш жылдың ішінде бизнес өкілдері аяғынан тұрып, ары қарай өз қамын өзі істей алатын жағдайға жетуі тиіс.

Шымкент қаласында тек қана өнеркәсіп саласы ғана емес, құрылыс та ерекше қарқынмен дамып келе жатыр. Соның айғағы ретінде 5 жылдың ішінде 3 миллион 700 мың шаршы метр тұрғын үйдің салынуын айта аламыз. Қазір әр жыл сайын 1 миллион шаршы метрден астам үй салынып жатыр. Бұл тек халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешіп қана қоймайды. Өткен жылы қала экономикасына 550 миллиард теңге инвестиция салынған болса, соның 200 миллиардтан астам тұрғын үй құрылысына бағытталыпты. Яғни, құрылыс саласы Шымкент экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр десек қателеспейміз.

Бүгінде мемлекет өнеркәсіпті дамыту, шағын және орта бизнесті қолдауға баса назар аударып отыр. Шымкент қаласындағы «Іскер қала» өңірлік бағдарламасындағы қолдау тетіктері кәсіпкерлер үшін тиімді.

Бір ауыз сөзбен айтқанда, Шымкенттің мегаполис статусына ие болуы, оның қарқынды дамуына және инвестициялық тартымдылығының артуына жол ашты.