ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫНЫҢ КЕШІ ӨТТІ

143

Түркістан төрінде «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханамызда қоларба би спортынан әлем чемпионы Ермек Қалымбетовтың «Бәрі мүмкін» атты бенефис шоуы өтті. Салтанатты кешті Ермектің ата-анасы Жорабек Асырұлы мен Шолпан Әбдіжәліқызы Қалымбетовтер ашып берді.

Сондай-ақ, облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова құттықтау сөз сөйледі.

Жиында халықтың ерекше сүйіспеншілігіне бөленген азаматтың жеке өмірінен бастап, қоғамдағы орны мен шығармашылығы туралы бейнетаспа көрсетілді. Кеш иесінің орындауындағы әсем әндер мен билеген билері көпшілік көңілінен шықты. Сонымен қатар әріптес-достары да сахнада бірге өнер көрсетіп, халықтың қошеметіне бөленді. Ал әлем чемпионатына бірге қатысып жүрген әріптесі Айдана Мұқановамен биі өнердің шексіз екенін дәлелдеді.

Айта кетейік, Ермек Қалымбетов Түркістан облысы Сайрам ауданында 1991 жылы 10 қарашада дүниеге келген. Рухы биік Ермек өмір жолының қиындығына қарамастан ерен еңбегінің арқасында жеткен жетістігі орасан зор. Ол 2009, 2010, 2011, 2012, 2013 жылдары Қазақстан Республикасының түрлі спартакиядаларының чемпионы, 2016 жылы Қазақстан Республикасының атынан Қытай халық республикасының Автономиялық мемлекеті Тайбэй елінде өткен Азия чемпионы, 2019 жылы Қазақстан Республикасының паралимпиада чемпионы титулдарын иемденді. 2017-жылы Әлем чемпионатына жолдама алуға қатысып 1 орынды иемденген, Бельгияда өткен әлемдік додада 22-мемлекет арасынан 5-орын жүлдегері, 2018 жылдың қыркүйек айында Тайвань мемлекетінің астанасы Тайбэй қаласында Әлем чемпионатына жолдама алуға қатысып, тағы да 22 мемлекеттің қатысушылары арасынан І орын алтын медальды жеңіп алған.

2019 жылы сәуір айында Голландия мемлекетінде өткен Халқаралық спорттық қоларба би жарысының екі түрінен 1-ші және 2-ші орын, алтын және күміс медальдарды алып, әлем чемпионатына жолдаманы ұтып алады, 2019 жылы қыркүйек айында Ресей мемлекеті Санкт-Петербург қаласында өткен қоларба би жарысынан Әлем кубогінің 3-ші орын қола медаль жүлдегері, Қытай мемлекетінің автономиялық мемлекеті Тайвань елінде халықаралық спорттық қоларба би жарысының 2-ші және 3-ші орын күміс және қола медаль иесі, 2019 жылдың 27-қараша мен 1-желтоқсан аралығында Германия мемлекетінің Бон қаласында өткен мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы спорттық қол арба би жарысынан Әлем чемпионатының 3 орын қола жүлдегері иесі, 2021 жылы Италияда қоларба би жарысынан 2-ші және 3-ші орын күміс және қола медальдарды иеленеді. 2022 жылдың қыркүйектің 12-сі күні Словакияда өткен қоларба би жарысының Әлем Кубогынан 1-ші және 2-ші орынды иеленіп, Словакия аспанда Қазақстанның көк туын желбіретіп, әлемге әнұранды тыңдатып, қоржынға бір алтын, бір күміс медальді салып қайтты.

Бүгінгі таңда Ермек қазақ елінің көк туын өзге мемлекеттердің қөгінде желбіреткен, мемлекеттің әнұранын өзгелерге тыңдатқан мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы шексіз мүмкіндік иесі, үлкен мативатор, рухы мықты, қайсар жан, әрқашан өзінің керемет ерік-жігері мен батылдығымен таң қалдыруда. Осы тұста айта кетсек, Ермек бүгінгі таңда Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «№5 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында» тұрақты жұмыс жасауда. Осыншама қым-қиғаш жұмысының тығыздығына қарамай, ұжыммен тығыз байланыста.

Еңбекқорлығының арқасында ұжымда құрмет пен беделге ие.

Жанерке ЛЕТАЕВА,

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының «kitap and Relax» бөлімінің кітапханашысы.