ҚАЖЫНЫҢ ҚҰТТЫ ҚАДАМЫ

147

Сауран ауданындағы мәдени, дәстүрлі іс-шараларды ұйымдастырып, асабалық етіп жүргізуде бүгінгі таңда Әлжан Әбдібекұлына жететін жан болмай отыр. Абай ауылының тұрғындары Әбдібек қажы Бейсенов ақсақалдың отбасын «ғалымдар үйі» деседі. Себебі, бұл киелі шаңырақтан бес бірдей ғалым шыққан. Өмірден озған Әбдібек қажыны «дала академигі» әрі батагөй қария десе, міне оның орнын кіші ұлы Әлжан Әбдібекұлы басып отыр.

— Әлжан Әбдібекұлы, Сіз жақында «Батаменен ел көгерер» байқауында бас жүлдені алған екенсіз. Облыстың бас батагөйіне қалай айналдыңыз?

— Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасына қарасты Облыстық Рухани жаңғыру кеңсесінің «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасы аясында ұйымдастырылған облыстық «Батаменен ел көгерер» онлайн байқауында 1-орынды алдым. Мен жасымнан әкемнің қасында жүрдім. Әбдібек ақсақалдың сүт кенжесімін. Әкем қасынан тастамай өзінің бойындағы бар өнерін үйретті. «Дала академигі» атанған әкеміздің дән өсірудегі тәжірибесі мен тәлімін алып қана қоймай, салауатты өмір салтын ұстанып, дінге ерте бой ұрдым.

«Ата көрген оқ жонар» демекші, Түркістан облысының бас батагөйіне айналғандығымды мақтаныш тұтамын. Мамандығым мәдениет саласы болғасын, өзім де өнерге, ән жырға жақынмын. Ауыл-аймақтың, Түркістан ауданының той-жиындарында келіннің бетін ашатын, той басқаратын өнерім де бар. Өзім жыршы, термешімін. Отбасылық жеке кәсіпкерлік шаруашылығын басқарамын. Үш балам бар. Сонымен қатар, ауылдағы ағайын арасындағы түрлі іс-шаралар мен арағайындық істердің бел ортасында жүремін. Былайша айтқанда, ауылдың медиаторымын.

 

— Техникумда оқып жүргенде «Жігіттің сұлтаны» атаныпсыз. Ол қалай болды?

— 1992 жылы Түркістан индустриалды педагогикалық техникумы ұйымдастыруымен қала және аудан бойынша жастар арасында өткен «Жігіттің сұлтаны» байқауының бас жүлдесінің иегері атандым. Өз оқу орнымның атынан қатысқандықтан болар, барлық оқытушылар да студенттер де қолдау көрсетіп отырды. «Алайда бақ шаба ма, бап шаба ма?,- деген сөз бар. Намысқа тырысып барынша әзірлендім. Жеңімпаз атандым. Мен Түркістан индустриалды педагогикалық техникумын механик мамандығы бойынша тәмамдаған соң Орал қаласындағы Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Мәдениет және өнер факультетінің мәдени-тынығу жұмысы мамандығы бойынша білім алдым. Бүгінде — жыршы, термеші ретінде Сауран жұрты жақсы таниды. «Ақтөбе» шаруа қожалығының жетекшісімін.

 

-Әкеңіздің сізге үйреткен өнер түрлері қандай еді?

-Мен әкемнен өнердің түр-түрін үйрендім. Мені өнерге үлкен деңгейде баулыды. Бала болып, ес білген кезімізден білетініміз, кейбір ауылдағы тойлар әкемсіз өтпейтін. Себебі, көп тойларды әкем жүргізетін. Сонда асабалықпен қатар, жаңа түскен келіннің бетін ашып, беташарды өткізетін еді. Кейде әкем маған қолыма оқтау ұстатып, өзі келіннің бетін ашып, керемет тәрбие беретін. Сонда өзім жас баламын, қолымда келіннің бетін ашуға берілген оқтау. Әкем келін иіліп сәлем салатын үлкендер жайлы өзінің құрастырған ода жыр жолдарын домбырасын қағып-қағып жіберіп айтып жатады. Сөйтеді де пәленшеге «бір сәлем» деген кезде мен қолымдағы оқтаумен иіліп сәлем салғалы жатқан келіннің бетіндегі орамалға оқтауды созып, бетін бүркеп тұрған орамалды сәл ғана көтеріп ашуым керек. Сосын ары қарай жыр жолдары келесі адам жайлы айтылып, жалғасып кете береді. Сондай да, кейде қаптап қызықтап қарап тұрған адамдардың көз жанарынан қаймығамын ба әлде қысыламын ба білмеймін, әйтеуір аздап тосылып тұрып қаламын да, асығыстап үлгерейін деген мақсатта асып-сасып еңкейіп жатқан келіннің тұмсығын бұза жаздаған кездер де болған. Кейіннен өсе келе әкем маған беташарды толықтай үйретті. Ешкімнің көмегінсіз ашқан ең алғашқы беташарым әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Қателеспесем, 1983 жылы жазда ғой деймін. Ол кезде мен 6-шы сыныпты бітіріп, үш ай жазғы демалыстамын. Бір күні әкем, «Ортаншы нағашың Өсербай келіншек әкелетін болды, сол келіннің бетін сен ашасың» – деді. Мен қанша дегенмен жаспын, әбден қысылдым, бірақ болмады. Әкем ашасың деп тапсырма берген соң амалым да жоқ. Беташардың сөзін әдеттегідей әкем алдын-ала реттеп жазып қойған. Оның үстіне анамның ағасы нағашым Әнапия көкем де саспауымды айтып, жақсылап дем беріп жатыр. Нар тәуекел деп айқайды салып тұрып, жаңа түсіп жатқан Сәуле жеңгемнің бетін аштым. Елдің сүйсінгені болар, көбі күліп жатыр, енді бірі қызығып «не деген тамаша мынау» десті. Содан не керек, солай бет ашып кеттім. Бет ашқаным үшін қомақты қаржыға да қарық болып қалдым.

 

— Көпшіліктің алдына шығу оңай өнер емес. Асабалықты қалай меңгердіңіз?

— Мектепте жүргенде кішігірім іс шараларды жүргізетінді шығардым. Бір күні әкем үй ішінде асабалықты да үйретті. Мектеп бітірген соң жайлап, той-томалақтарды жүргізуді де шығардым. Есейгенде ел арасындағы тойларда асабалыққа кірістім. Қазақтың «Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық» тойлары мен құдалықтарын жүргізіп жүрдім. Асабалықты қамтып, ары қарай термеші, жыршы атанып жаттым. Ол кезде үйде жоғары оқу орындарында оқитын бауырларым көп. Бір жағы соларға да көмек болсын, «арттарынан ақша салып тұрайын» деген мақсатпен бет ашу мен асабалықты күшейттім. Әкем тапсырма береді мен соны орындауға міндеттімін. Бірде мынадай жайт болды. Қалада Түркістан индустриалды педагогикалық техникумда соңғы курстарда оқып жүргенімде демалыс күні үйге келдім. Кетерімде үйдегілерден жол қаражатқа ақша сұрап едім, анам берді. Бір кезде әкем «шырағым, мен сені тәрбиелі жақсы азамат болсын, өнерін ары қарай дамытсын. Елге қызмет ететін адам болсын деп жан-жақты көп тәрбие бердім. Сондай-ақ, саған өнерді, бет ашуды, асабалықты не үшін үйреттім? Солар саған өнер де, тіршілік және табыс көзі болады деп үйретпедім бе? Азаматсың, сен сияқты азаматтар ел қызметіне кірісті. Ал, сенің мұның жарамайды шырағым» деп қаттырақ, бірақ мәдениетті түрде айтты.

Бастысы, мен әкемнің әрбір сөзін, әрбір тәрбиесін жүрегіме дұрыс қабылдауға тырыстым. Одан жаман болғаным да жоқ.

 

— «Алып анадан туады» дейді. Анаңыз туралы тоқталсаңыз?

— Анам Ұлпатша Әмірқызы кең пейілді, баршаға мейірімін төккен, жан-жағына шапағаты мол жан. Қазақта «көген алу» деген сөз бар. Осы орайда ел аузындағы бір әңгімені айтайын. Ілгеріде Бақтыбай деген ақын дүниеге мылқау болып келіпті. Бірде нағашысының ешкілерін қасқырға қырғызып алыпты. Содан нағашым ұрысады деп қорқып беталды қашып келе жатса, Базар жыраудың жұртына тап болыпты. Сол жерде ошағын, күлін қазып, сол жерді жылы жер деп пана тұтып ұйықтап кетіпті. Содан қалың ұйқыда жатқанда Базар жырау түсіне кіріп «өлең аласың ба, көген аласың ба»? деп сұрапты. Сонда Бақтыбай «көген алсам байлықтың, дүниенің маған керегі не егер тілім болмаса, одан да өлең алайын» депті. Сонда Базар жырау «онда мынаны жұт» деп аузына түкіріпті. Әрине, нақты дәлел жоқ, бірақ Бақтыбай ақын сол кезде сөйлеп кетіпті. Содан ел аралап жүріп бір елге келіпті. Бір күні ел аралап жүргенінде небір пенделердің басын алайын деп тұрған ханға Бақтыбай ақын кіріп, жазықсыз жандарға араша болыпты. Мұндағы айтпағым, мен ата-анамнан, яғни, анамнан көген, әкемнен өлең алдым. Анамыздың көгендігі соншалықты, дастарханымыз мол болды. Талай келім-кетім қонақтар анамыздың қолынан дәм татқан. Ал, әкем руханияттылыққа, мәдениетке, білімге, парасаттылыққа тәрбиеледі. Қарашаңырақта келім-кетім адам көп, алыс-жақыннан жолаушылар да келіп, қоныстап тұрады.

 

— Сіздің қажылыққа барған сапарыңызда әкеңізді арқалап, Меккені айналып шыққаныңызды аңыз етіп айтады. Осыны өз аузыңыздан естісек.

-Әкемен бірге қажылыққа бару, әкемен бірге Меккеде жүру, әкемен бірге қажылық амалдарын орындап шығу — екінің біріне нәсіп бола бермейді. Аллаға мың да бір шүкіршілік етемін! Бауырларымның ынтымағының арқасында, әке-шешемнің арқасында осындай қажылыққа барып келдім. Себебі қариямыз 80-ге тақап қалған шағы, жүріп-тұруы қиынға соғатын болды. Ол жерде күннің ыстығы бар, сондай жерлерде әкеге бала серік екен. Содан әкеммен бірге ілесіп, менде қажылық сапарға аттандым. Біздер сияқты басқа да көптеген кісілер барды. Меккеде парызымызды орындап жүрміз. Солардың ішінде жасы егде қариялардың көбі қиналып қалып жатты. Байқаймын, бір ақтаулық қария әкем екеумізге күнде қарап қояды. Менде әкеммен бірге Аллаға құлшылығымды және әкемнің жағдайын да жасап, өз шаруамды орындап жүрмін. Еңкейіп әкемнің аяқ киімін кигіземін, сүрініп қалса сүйеп тұрғызамын. Ас ауқатына қараймын. Әсіресе, күн ыстықта адамдардың көбі шөлден қиналады. Сондықтан, шай қайнатып беремін. Ақтаулық қария осының бәріне қарап жүреді. Бір күні әкем сүрініп қалғанда мен ұстап қалып құлатпай қалғаным бар еді. Сонда Ақтаулық қария жылап қалды. Сол жердегі кісілер «ата сізге не болды?»,- деп абыр-сабыр болды да қалды. Дәрігерлер ол кісіні қарап жатыр. Сондағы қарияның әкеме қарап айтқаны «әй қария, сен бақытты жан екенсің, бала-шағаңды жақсы тәрбиелеген қария екенсің. Көрдің бе қандай керемет. Келгеніңе қанша күн болды, мына балаң сенен бір елі қалған емес. Мінекей бала деген осындай адал, парасатты, руханиятты болса әр әкенің арманы осы емес пе!?» – деп айтты. Қарияның айтқан сөзінің астарында көп мән жатқанын сонда қатты ұқтым.

Қағбаны айналуға келгенде «әкем жарамайды-ау» деп қатты уайымдадым. Адам деген өте көп, ығы-жығы нөпір. Жақындап келгенде әкем қысылып қалды. Содан әрең дегенде үйтіп-бүйтіп шеткерірек алып шығып, әкемді біраз демалдырып алдым. Тобымыздан ажырап қалмайын, нар тәуекел деп сол жерде бүкіл көпшілік қарап тұр, әкемді арқалап алып Қағбаға қарай беттеп адамдардың арасына кіріп кеттім. Қысылып жүріп әйтеуір айналып келіп, әкемді Қағбаға жеткіздім. Әкем сол жерде Қағбаны тәу етіп, менің арқамда тұрып маған бата берді. Сонда басқа да ұлттар бізге қарап, тәнті болды. Қазақстаннан барған біраз кісілер «мінекей қандай керемет, әкені Меккеге арқалап апару деген осы екен ғой!» деп риза болып жатты.

Бастапқыда, әкемді арқама салғанымда ол қысылыңқырап, «қой, қой, деп ұялып, қашқақтап еді. Біраздан соң арқама жақсылап жабысып алды. Өзіне ұнап та қалған сияқты (күледі…). Әрине, бұл мен үшін үлкен құрмет, үлкен бақыт және қайталанбас несібе, қайталанбас тәрбие!

Енді сол ұрпағыма жалғасса деймін. Әрбір отбасы әкені құрметтеп, сыйласа деп ойлаймын. Әкені демалыс орындарына, шетелге т.б жерлерге апарып жатады. Ал енді Меккеге арқалап апару деген ол сөзде ғана бар сияқты. Іс-жүзінде көрсетіп жатса ол отбасында жақсылық, сарқылмайтын бақыт, бейбітшілік болады деп ойлаймын.

 

— Қарашаңырақтағы ұл қандай болуы керек?

— Қарашаңырақтағы бала деп жатамыз. Қарашаңырақтағы баланың қызметі: ол ата-ананың қас қабағына қарау, оның әрбір сөзін бақылау, оған демеу болу, оған күш қуат беру. Екінің бірінде әке мен шеше қартайғаннан кейін көп нәрсені көтере алмай қалады немесе болмашыны көтере алмай шаршайды. Сонда соларға дәнекер боп отыру. Мәселен, анамызға дастархан жайлы, көген (үй ішіндегі тұрмыстық, дастархан байлығы) жайлы, не болмаса тіршілікке қатысты сұрақтар қойып, ал әкемізге жүрегіне жақын өлең, өнер, парасат жайлы жаңалық айтып, басқа да түрлі нәрселер туралы сұрақтар қойып, әке-бала болып бір-бірімен дәнекер болып отырса, сонда қарт кісілердің көңілдері көтеріңкі болып, бір-бірімен ұрыса да бермейді. Сонда шаңырақтың ырысы ұзағынан болады. Сол шаңыраққа көптеген қонақтар келумен болады. Қонақ ырыс-құт әкеледі. Мәселен, ел аралаған, өзі шаруаларымен жүрген ат үсті жолаушылардың бәрі «бұл елден ат байлайтын жер, түсетін үй бар ма екен» – деп келеді екен. Сонда ынтымағы жарасқан, шаңырақтағы баласы жайлы болса, жолаушылар сол жерді «қарашаңырақ» деп атын байлап түстеніп, демалып, батасын беріп, ризашылықпен тарқасады екен. Ал, енді дәстүрдің озығы бар, тозығы бар дейді. Көптеген дәстүр қарашаңыраққа байланысты болады. Бала кезімізде әкеміз «әне, қария келді, атынан түсір, атын арқандап жем бер» деп жататын. Сонда біз ерінбей келген кісіні атынан түсіріп, атын байлап, жемдеп батасын алып жататынбыз.

 

— Сіз енді ұрпақтарға өсиет айтатындай жасқа да жетіпсіз. Жастарға не айтар едіңіз?

— «Ата-анаңа не істесең алдыңа сол келеді» дейді. Балаларым менің істеген іс-әрекетіме қарап, әкені қалай қадірлеймін деп соны үйренсе екен. Ол кейінгі ұрпақтарына соны үйретіп, әрі қарай тіршілік солай мәдениеттілікпен, дәстүрмен жалғасса екен деймін. Сонда еліміздің тіршілігі мәдениеттілікті сақтайды. Осы жерде мен өзім 20 жылдан бері талай той жиындарда сырнаймен де (гармон, баян) домбырамен де айтып жүрген Құлыншақ Кемелұлының «Ұрпаққа айтқан өсиеті» атты өлеңдерінен өзім терме етіп алған жырдан үзінді айтып кетсем деймін:

Дәм татып талай жерді-ау араладым,

Ойға сап көп нәрсені-ау шамаладым,

Қанша бар болса да, бай қалтырауық,

Кедейдей мәрт адамды таба алмадым…

Көп көрдім жаман қандай, жақсы қандай?

Өзіне ішіп-жемге қимайтұғын.

Көп көрдім жомарт қандай, сараң қандай?

Сараңдар көп жинайды-ау арам малын-ай.

Жақсы әйел күйеуіне серік болар,

Ісімен ауыл-аймақ еліне ұнар.

Үйіне қонақ келсе жатырқамас,

Ерінің әрбір қимылын көзбен ұғар.

Кез келсе, шайпау әйел, бағың тайған,

Таусылар үйірі талмай амал-айлаң.

Үйіңе қонақ келсе ұяларсың,

Орынсыз шу шығарса ол қу шайтан.

Болған соң ақындық, біреу қасиетім

Ұрпаққа бұл айтатын өсиетім

Жақсы жағын сөзімнің ұғып алғын,

Жақсы сөз жақсы адамдай өсіретін».

«Адам ұрпағымен мың жасайды».

Қаймағы бұзылмаған қазақшылық қалпымызды көзіміздің қарашығындай қорғайық дегім келеді.

 

— Сұхбатыңызға үлкен рахмет!

 

Ләззат САРЫБАЕВА.