БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

11

Түркістанда кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыс, ерте жүктілік пен құқық бұзушылықтың алдын алу және білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланған мәжіліс өтті. Жиынға облыстық басқарма басшылары мен онлайн байланыс арқылы аудан-қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Мәжіліске төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

– Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында білім саласын дамыту бағытында жұмыстар жалғасып жатыр. Білім сапасын жақсарту, саладағы кемшіліктерді жою бағытындағы

жұмыстарды жалғастырамыз. Аудан, қала әкімдігінің жауапты өкілдері өңірдегі ерте жүктілік, жасөспірімдер арасындағы суицид пен қылмыс дерегін азайту бағытында жұмыстарды жүйелеп, нақты жоспармен іс атқаруы керек. Сондай-ақ балалар лагерін жаңғырту, балаларға психологиялық көмек көрсету бағытында жүйелі жұмыс істелуі тиіс. Осы бағытта балалар жасанды интелект арқылы психологиялық кеңеc ала алады. Жобамен барлықтарыңыз танысып, нақты ұсыныстар беріліп, жұмыстар атқарылсын. Осы саладағы жұмыстар қатаң бақылауда болады, – деген облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы тиісті жұмысты уақтылы атқару керектігін жеткізді.

Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова тәрбие саласындағы өзекті мәселелерді баяндап, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды атап өтті. Ол кәмелетке толмағандардың арасында өзіне қол жұмсау фактілері статистикалық деректерге сәйкес, өткен жылмен салыстырғанда төмендегенін айтты.

Осы жағдайларды алдын алу мақсатында Облыс әкімінің Қаулысымен Түркістан облысы білім басқармасының «Түркістан облысының психологиялық қолдау орталығы» коммуналдық мекемесі құрылды. Алдын алу жұмыстарын әрі қарай жандандыру үшін өткен жылы үкіметтік емес ұйымдарды тартуға қаржы қаралып, 2000-ға жуық тәрбие саласына жауапты маман біліктілігін арттырды. Бүгінгі таңда, Облыстық психологиялық қолдау орталығын қолдау және білім беру ұйымдарына антибуллингтік бағдарламаны енгізу мақсатында Жобалық кеңсе құрылды.

Білім басқармасы басшысының орынбасары Жандос Нұрпейісов мектептерді жаңғырту жобасы аясында атқарылатын жұмыстар мен жоспарларды баяндады. Сонымен қатар жекеменшік орта білім беру ұйымдарына қаралған қаржыға тоқталды. Оның мәлімдеуінше, мектептерді жаңғырту жобасына облыстан 115 мектеп енгізілген. 2025-2027 жылдары 115 мектептің ғимараттарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу және асхана, кітапхана, спорт зал, сынып бөлмелерін жабдықтау, қауіпсіздік жүйесімен, пән кабинеттерімен, жиһаздармен қамтамасыз ету жоспарлануда. 2025 жылға жоспарланған 41 мектептің ішінде ағымдағы жөндеумен 15 мектеп қамтылса, 26 мектеп күрделі жөндеуден өтеді.

Одан бөлек жиналыста «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында іс-шараларды жүйелі ұйымдастыру талқыланып, аудан, қалалардағы мектептер мен денсаулық сақтау ғимарттарының ауласына тазалық жүргізу, ағаш көшеттерін отырғызу бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттілігі айтылды. Сонымен қоса, мектептердегі ескі көрнекіліктерді 1 ай мерзімде жаңғыртуды және «Жайлы мектеп» жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды жандандыруды тапсырды.