ТҮРКІСТАНДА ҚР ПАРА ПАУЭРЛИФТИНГ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ФИЛИАЛЫН АШУ ЖОЛДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

10

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов ҚР Пара пауэрлифтинг федерациясының президенті Қанат Құдайбергенмен кездесті. Басқосуда пара спорт түрлерін дамыту, өңірдің пара спортшыларын Паралимпиадаға дайындау мәселелері талқыланып,Түркістан қаласынан федерацияның филиалын ашу мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары спорт саласын дамыту бағытындағы

ұсыныстарға ашық екенін жеткізіп, қолдау білдірді.

– Түркістан облысында пара пауэрлифтинг спорты қарқынды дамып келеді. Өңірде мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған «Сауран» спорт клубы жұмыс

істейді. Спорт клубында осы бағыт бойынша 48 спортшы тіркеліп, шынығуда. Біз бұл бағыт бойынша ұсыныстарыңызды қолдаймыз. Халық тығыз орналасқан өңірде потенциал жоғары. Ғимарат, жаттығушылар бойынша мәселені шешуге мүмкіндігіміз бар, – деді Зұлпыхар Жолдасов.

Қанат Құдайберген федерацияның жетістіктерімен бөлісіп,алдағы мақсаттары туралы баяндады.

– Түркістан қаласы қарқынды дамып келе жатқан өңір. Жаңа спорт нысандары да көптеп ашылуда. Осы қаладан Пара пауэрлифтинг федерациясының филиалын ашуды көздеп отырмыз. Федерация жоғарғы бағаға ие. Спортшыларымыз биік белестерді бағындырып келеді. Спортшылардан бөлек, жаттықтырушылар мен төрешілерді де дайындаймыз. Федерация құрамында 2 халықаралық дәрежедегі төреші бар. Бұл спорт түрін Түркістан өңірінде де дамытуға ниеттіміз. Сіздерден қолдау күтеміз, – федерация президенті.

Былтыр облыстың пара спортшылары Қазақстан Республикасының чемпионатында 14 алтын, 7 күміс, 6 қола жеңіп алды. Одан бөлек, Дубайда өткен Әлем Кубогында 2 алтынға қол жеткізді.