ҚЫРКҮЙЕКТЕ ҚҰРСАЙҒА ТАЗА СУ БЕРІЛЕДІ ЖӘНЕ «АҚЖАР» ҚОСАЛҚЫ СТАНЦИЯСЫ – ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ НЫҒАЙТАТЫН НЫСАН

167

Соңғы жылдары Шымкент қаласының тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында өте ауқымды жұмыстар жүргізілді. Магистралды су құбырлары тартылып, ауыз суды тасымалдауға немесе кестемен ғана алуға мәжбүр болып келген қаншама шағын аудандар, тұрғын алаптар мен елді мекендер орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Соның нәтижесінде бүгінде Шымкентте тұрғындардың 98 пайыздан астамы таза әрі сапалы ауыз суды үздіксіз пайдалану мүмкіндігіне ие.
Ендігі жерде ауыз су мәселесі толық шешілмеген санаулы елді мекен қалды. Олардың өзінде құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр. Соның бірі – 25 мыңға жуық халқы бар Құрсай елді мекені.
Осы аптада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Құрсай елді мекенінде жүргізіліп жатқан магистралды суаққы және ауыз су жүйесінің құрылысымен танысты.
Айта кетейік, халықты сапалы ауыз сумен қамту мақсатында 2020-2021 жылдар аралығында 2 кезеңдік жоба түзілген. Олар: Құрсайға тартылатын магистралды суаққы және ішкі орамдық ауыз су жүйелерінің құрылысы.
Екі нысанның да жобалау-сметалық құжаты әзірленіп, бастапқы сатысы мердігер мекеме «Риголит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан 2021 жылы басталған. Бірінші кезең бойынша су жүйелерінің ұзындығы 185 шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта бірінші кезеңнің жұмысы 98 пайызға орындалған. Ал. екінші кезең бойынша су жүйелерінің ұзындығы 151 шақырым болса, мұнда жұмыстың 97 пайызы істелген екен. Қазіргі уақытта Құрсай шағын ауданында жеткізуші магистралды суаққының және ішкі орамдық ауыз су жүйелерінің құрылысы қарқынды түрде жүруде.
Жалпы құрылыс жұмыстары биылғы жылдың қыркүйек айына дейін аяқталып, Құрсай шағын ауданы толыққанды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.
Мұрат Дүйсенбекұлы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарының құрылысын уақытылы аяқтауды тапсырды.

«Ақжар» қосалқы станциясы – энергетикалық қауіпсіздікті нығайтатын нысан

Осы аптада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Ақжар» қосалқы станциясына барып, ондағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Жалпы аумағы 732 шаршы метрді құрайтын «Ақжар» қосалқы станциясының құрылыс жұмыстары 2019 жылдан бастап жүргізілуде. Қазіргі уақытта «Забадам» қосалқы станциясынан «Ақжар» қосалқы станциясына дейінгі қазылған электр кабелінің ұзындығы 12,3 шақырымды құрайды.
Мамандардың айтуынша, станцияда орнатылатын негізгі жабдық 110 кВ трансформаторы екен. Нысанның құрылысы биылғы жылдың қыркүйек айының соңына дейін аяқталатын болады. Нәтижесінде «Ақжар» станциясы арқылы 50 мыңға жуық халық, сондай-ақ сол аумақтағы бизнес нысандары сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіледі. Мұрат Дүйсенбекұлы құрылыс сапасын назарға ала отырып, жұмысты жеделдетуді тапсырды.
Айта кетейік, Шымкент қаласына қарасты 81 елді мекеннің 78-і сапалы электр қуатымен қамтылған. Асар-2 (2-кезек), Қайнарбұлақ және Батыс елді мекенін сапалы электр қуатымен қамту құрылысы 2023 жылы толығымен аяқталады. Бекітілген жоспарға сәйкес, Шымкент қаласындағы барлық елді-мекендер 2023 жылы 100 пайыз сапалы электр қуатымен қамтылатын болады.