АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУДА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ОРНАТЫЛДЫ ЖӘНЕ «АҚЖАР» ҚОСАЛҚЫ СТАНЦИЯСЫ АРҚЫЛЫ 50 МЫҢ ТҰРҒЫН ЭЛЕКТР ЖҮЙЕСІНЕ ҚОСЫЛАДЫ  

157

Бүгін қала әкімі М.Әйтеновтің қатысуымен өткен арнайы жиында адам құқықтарын қорғау мәселелері мен  азаптауға және басқа да келеңсіздіктерге қарсы іс-қимыл шаралары талқыланды.  Басқосуға қалаға жұмыс сапарымен келген ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, сондай-ақ прокуратура, полиция, қылмыстық-атқару жүйесі органдарының басшылары қатысты. Кеңейтілген мәжілістің күн тәртібінде адам құқықтарын қорғаудағы нәтижелі жұмыстар талқыланып,  тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алу мәселелері қарастырылды.

М.Дүйсенбекұлы барлық құзырлы мекеме басшыларын Конституция талаптарын қатаң сақтауға және осы бағыттағы шараларды бірлесе атқаруға шақырды.

Омбудсмен адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының, әсіресе оның өңірлік өкілдіктерінің жергілікті деңгейде адам құқықтарын қалпына келтірудегі маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ Ұлттық превентивтік тетіктің рөлін  арттыруда, азаптауларды болдырмау және олардың алдын алу мәселелерінде жергілікті атқарушы орган өкілдерімен  бірлесе тығыз жұмыс жүргізуге сенім білдірді.

Мәжіліс соңында тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, аталған бағыттарда бірлесе  жұмыс істеуге уағдаласты.

«АҚЖАР» ҚОСАЛҚЫ СТАНЦИЯСЫ АРҚЫЛЫ 50 МЫҢ ТҰРҒЫН ЭЛЕКТР ЖҮЙЕСІНЕ ҚОСЫЛАДЫ

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Ақжар» қосалқы станциясына барып, ондағы құрылыс жұмыстарына бірқатар шолу жасады. Жалпы аумағы 732 шаршы метрді құрайтын «Ақжар» қосалқы станциясының құрылыс жұмыстары 2019 жылдан бастап жүргізілуде.

Қазіргі уақытта «Забадам» қосалқы станциясынан «Ақжар» қосалқы станциясына дейінгі қазылған электр кабелінің ұзындығы 12,3 шақырымды құрайды.

Станцияда орнатылатын негізгі жабдық 110 кВ трансформаторы. Нысанның құрылысы биылғы жылдың қыркүйек айының соңына дейін аяқталатын болады.

Нәтижесінде «Ақжар» станциясы арқылы 50 мыңға жуық халық, сондай-ақ сол аумақтағы бизнес нысандары электр қуатымен қамтамасыз етілуге мүмкіндік алады.

Мұрат Дүйсенбекұлы құрылыс сапасын назарға ала отырып, жұмысты жеделдетуді тапсырды.