ҚЫСҚА МЕРЗІМДІ ОҚУ – КӘСІПКЕ ЖОЛ

201

Қаламызда мемлекеттік бағдарламалар аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтіп, өз кәсібін дөңгелетіп отырғандардың қатары артып келеді. Ал шымкенттік жас кәсіпкер Бахрам Жамалов «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы арқылы өзінің «Cultura Barbershop» деп аталатын ерлерге арналған шаштаразында былтыр үш айлық курста 15 шәкіртті оқытып, олардың жұмысқа орналасуына себепкер болған.

–Шымкентте мұндай жобаның бар екенін алғаш рет өзімнің тұрақты клиентімнен естідім. Мүмкіндікті пайдаланып, керекті құжаттарды жинап, өткіздім. Комиссия шешімімен менің жобам өтті. Осылайша, кәсіптік курста шәкірттерге білген-түйгенімді үйреттім. Қарапайым халық немесе шағын кәсіп иелері мұндай жобаның барын біле бермейді. Сондықтан бұл кеңінен насихатталуы керек секілді, – дейді Бахрам Жамалов.
Аталған жобаға биыл да жалғасын тауып жатыр. Жұмыс беруші мекемелерде 760 адамды кәсіптік оқытудан өткізу жоспарланған. Дәл қазіргі уақытта 800-ге жуық азаматтың өтініші мақұлданып, 35 жұмыс беруші мекеменің ұсынысы қаралыпты. Бұл туралы Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекованың төралығымен өткен комиссия отырысында айтылды. Онда жұмыс беруші компаниялардың тәжірибесі, біліктілігі мен адамдарды оқыту және жұмыспен қамтуы сараланды.
– Бірінші кезекте – азаматтардың еңбек құқығының қорғалуына мүдделіміз. Жұмыс беруші мекемелер де сол жауапкершілікті сезінуі тиіс. Олар оқытқан азаматтарын кемінде бір жыл жұмыспен қамтуға міндетті. Жұмыс берушілер арасында кезінде қайтарымсыз грант алып, кәсібін дөңгелеткен кәсіпкерлер де бар. Мемлекеттің қолдауымен аяққа тұрып, бүгінде жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға деген ниеттері қуантады, – деді басқарма басшысы
Балмаржан Нарбекова.
Сондай-ақ, жұмыс беруші компанияларды іріктеуде олардың салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды тұрақты түрде жүргізілуі, жалақы бойынша берешегінің жоқтығы және бір жылдан аса қызмет ететін материалдық-техникалық базасының болуына назар аударылды.
Жалпы, кәсіптік оқытудың ұзақтығы 3 ай мерзімді құрайды. Оқу аяқталғаннан кейін жұмыс беруші жұмыссыз азаматты әлеуметтік келісімшарт негізінде жұмысқа орналастыруға міндетті.
Жобада құрылыс жұмыстарының шебері, дәнекерлеуші, компьютер және түрлі техникалық құрал операторлары, балабақша қызметкерлері, тігіншілер мен жол-құрылысы көлігінің машинисі сынды мамандықтар бойынша кәсіптік білім беруге басымдық берілген.
Айта кетейік, оқуға 18 жастан зейнет жасына дейінгі, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде тұрған жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Үміткердің мүгедектігі болған жағдайда, мүгедектікті оңалтудың жеке бағдарламасында жұмысқа қабілеттілігіне дәрігердің рұқсаты болуы қажет.

«Шымкент келбеті»