ТҰРАННЫҢ ЖАҢА ТЫНЫСЫ

174

Шымкент қаласының Тұран ауданы биыл жаңадан ашылған аумақ болғанына қарамай, тұрғындарды инфрақұрлыммен қамтуда тындырымды тірліктер атқарып отыр. 21 тұрғын алап пен шағынауданда 220,7 мың халық мекен еткен ауданның халқына қолайлы жағдай жасау, реттеу бағытындағы жұмыстарды аудан әкімі Боранбай Болатбеков баяндап берді.

Шаһар төңірегіндегі елді мекендерді дамыту «Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған бес жылдық даму жоспарына» енгізілген болатын. Шағынаудан жанындағы жаңақұрылыс аумақтарының кеңеюі, халық санының артуымен тағы бір ауданға қажеттілік туындаған еді. Қала орталығының елді мекендерге шалғай орналасуы тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасының төмендеуіне, халықпен кері байланыс орнату, қолайлы орта қалыптастыру ісінің баяулауына алып келеді. Осындай олқылықты болдырмау үшін дер кезінде қолға алынған бастаманың нәтижесінде жаңадан құрылған Тұран ауданы халықпен етене жұмыс жүргізіп, инжинерлік инфрақұрылыммен қамту ісі де жанданды.

Негізінен Тұран ауданының аппараты «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі бастару туралы» заңы мен басқа да заңнамаларға зәйкес 24 функцияны атқарады. Оның ішінде – салық, кәсіпкерлік қызметін дамыту, тарихи және мәдени мұраны сақтау, табысы аз адамдарды еңбекпен қамту, атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге ұсыныс енгізу, әлеуметтік әлсіз топтарға қайрымдылық көмектерін ұйымдастыру, инфрақұрылым тартуға ұсыныс енгізу, жергілікті жерді абаттандыру мен көгалдандыруға, тұрғындарды бұқаралық спортпен шұғылдануға жағдай жасау, жерлеу мен зираттарды күтіп-ұстау секілді міндеттер бар. Одан бөлек, тұрғындармен тығыз байланыс орнату да ең маңызды міндеттердің бірі. Осы жылдың басынан тамыз айына дейін ауданы әкімі Б.Болатбеков тұрғындармен 35 кездесу өткізіп, онда 137 мәселе көтерілген. Тұрғындар аудан басшысына жол, қоғамдық көлік бойынша -35 мәселе, инфрақұрылым – 34, әлеуметтік салада – 9, тұрғын үй бойынша – 8, жерді заңдастыру жөнінде – 6, бейнебақылау мен сапалы интернет бойынша – 6, білім саласына қатысты – 5 және аумақтағы өзге де 34 мәселені жеткізген. Бүгінде тұрғындардың 39 мәселесі шешімін тауып, 98-і бойынша жұмыстар атқарылып жатыр екен.

85 топырақ жолға тас төселеді

–Тұрғындар көтерген мәселелердің ешқайсысы назардын тыс қалған емес. Аудан тарапынан атқарылатын жұмыстардың басым бөлігі азаматтардың өтінімі мен ұсынысы негізінде жоспарға қойылды. Мәселен, 2023 жылы әлеуметтік маңызы бар 12 бағыттан тұратын маңызды жұмыстың кестесі бекітілді. Оның ең негізгі бөлігін көшелерді орташа жөндеу мен шағал тас төсеу, ирригациялық арықтарды салу, балалар ойын мен спорт алаңшасын салу, көшелерді жарықтандыру жұмыстары құрайды. Көшелердің жөнделуіне келсек, биылғы жоспар бойынша елді мекендерде 32,3 шақырымды құрайтын 39 көшеге асфальт төселеді. Жол жөндеу ісінде ең көп көше Құрсай шағынауданында. Аумақта 10,7 шақырым болған 14 көше жөндеуден өтеді. Одан кейін ауданның орталық аумағында – 10 көше, Ақтаста – 1,9 шақырым болған 4 көше, Жаңаталапта – 2, Айкөлде –2, Қазығұрт шағынауданында–1, Қарасу шағынауданыда – 2, Агропром шағынауданында –3 және Карл Маркас шағынауданында 1 көше бар. Бүгінге дейін 15 көшеде асфальт жабындысы төселіп, пайдалануға берілді. Қалған 24 көшеде құрылыс жұмысы қызу жүріп жатыр, – деді аудан әкімі Б.Болатбеков.
Мегаполис көшелерінің жақсы және қанағаттанарлық деңгейде болуы заңдылық. Десе де қала аумағындағы елді мекендерде топырақ жолдар да жоқ емес. Тұран ауданында 85 топырақ жол бар екен. Оның ішінде 16,4 шақырымды құрайтын 40 жол Құрсай шағынауданында орналасқан. Биыл осы жолдарға шағал тас төсеу жұмысы жоспарланыпты. Алғашқы кезеңнің жоспары бойынша қалалық жолаушылар көлігі және автомабиль жолдары басқармасы тарапынан бұл жұмыстар үшін 72,7 млн. теңге қаржы бөлінген. Бүгінге дейін 29 көшеге тас төселіп, қалған көшелердегі жұмыс қыркүйек айында толық аяқталады дейді аудан басшысы. Ал, екінші кезең бойынша өзге шағынаудандардағы 20,2 шақырымды 45 көшеге тас төселмек. Бұл жұмыстар үшін аудан бюджетінен 81,2 млн. теңге қаржы бөлініп, Жаңаталапта – 12 көше, Арғымақта – 6 көше, Ақжарда – 6, Ақтаста – 10, Ақтас-2-де – 11 көшеге тас төсеуге жұмсалады. Қазіргі сәтте 9 көшеде жұмыстар толығымен аяқталған.

«Шымкент келбеті»