ШАҺАРДА 19 ЖЫЛУ ҚАЗАНДЫҒЫ ҚЫСҚА ДАЙЫН 

204

ҚР Премьер-Министрі Ә.Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында егін жинау науқаны және алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелері пысықталды.

Шымкент аумағында бүгінде ауыл шаруашылығына жарамды жер көлемі 56,6 мың га құрайды. Биыл егістік жерлердің 27,5 мың гектары игеріліп, әртараптандырудың нәтижесінде дәнді-дақылдар – 11,4 мың га, майлы дақылдар – 3,6 мың га, мал азықтық дақылдар – 8,9 мың га, картоп – 0,5 мың га, көкөніс және бақша дақылдары – 3,1 мың га алқапқа егілді. Егістіктен 87,1 мың тонна өнім жиналады деп күтілуде. Күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізу үшін дихандарға 44,3 тонна жанар-жағармай жеңілдетелген бағамен – 245 теңгеден босатылады.

Бүгінде қалада жылу беру маусымына дайындық жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. Жалпы, республика бойынша 593 шақырым жылу желілеріне жөндеу жұмыстары жоспарланып, бүгінде оның 64,4 пайызы жөнделген. Жұмыстар 50-ден 75% дейін орындалған өңірлер арасында Шымкент қаласы бар. Мегаполисте қолданыстағы жылу жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
№1 қазандықтың жөндеу жұмыстарын 20 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланған. Бөлек орналасқан 23 жылу қазандығынан бүгінде 19-ы қысқы маусымға дайын, қалған қазандықтар бойынша әзірліктер 15 қыркүйекке дейін толық аяқталады. Сондай-ақ қаладағы 2076 көпқабатты тұрғын үйдің жылу жүйелерінің дайындығын күшейтіп, 1 қазанға дейін аяқтау жоспарланған.
Премьер-Министр жергілікті әкімдерге тиісті министрлікпен тығыз байланысып, егістіктердегі шараларды уақтылы жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ осыған дейін жылу беру маусымында жіберілген кемшіліктерді ретке келтіріп, дайындықтарды күшейтуді ескертті.
Жалпы, қаланың қысқа дайындық жұмыстарының барысы, күзгі жиын-терімге қатысты шаралардың барлығы да М.Дүйсенбекұлының тікелей бақылауында. Бұл ретте апта сайын тұрақты мониторинг жүргізіліп отыр.

«Шымкент келбеті»