ТҮРКІСТАНДА «ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ-2023» МАРАФОН-БӘЙГЕСІНІҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

113

Түркістанда «Ұлы дала жорығы» бәйге-марафонының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Дүбірлі доданың жабылу салтанаты «Түркістан-арена» стадионы маңында ұйымдастырылды.
Салтанатты шарада «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Кәрібек Дәулет, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Құранбек Сарсен, Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Әлімқұлов Еркеғали, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Салжанов Исламбек, «JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Тұрлыбеков Бақытжан құттықтау сөз сөйлеп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.
Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов дүбірлі доданың Түркістан өңірінде аяқталуының мәні зор екеніне тоқталды.
– Түркі әлемінің орталығы Түркістанға қош келдіңіздер. «Ұлы дала жорығы» додасының сәтті аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын. Бір тарихи дерек бар. Жылқы ең алғаш қазақ даласында қолға үйретілген. Бабаларымыз байтақ даланы аттың үстінде жүріп қорғаған. Сондықтан ат спортын дамытудың маңызы зор. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаймын. Азаматтарымыз аттан түспесін! – деді аппарат басшысы.
Жетісу облысының командасы 18 000 000 теңге көлеміндегі жүлдемен марапатталады. Ақтөбе облысы командасы 2-ші орын үшін – 16 000 000 теңге, ал 3-ші орын иегері Алматы қаласының командасы 9 000 000 теңгені қанжығасына байлады. Төрешілер шешімімен мәреге 4-інші болып келген Абай облысының командасына 5 000 000 теңге берілді.
Он төртінші күннің қорытындысы бойынша командалардың жалпы уақыты:
Жетісу облысы – 93 сағат 47 минут 43 секунд
Ақтөбе облысы – 95 сағат 06 минут 37 секунд
Алматы қаласы – 104 сағат 23 минут 57 секунд
Абай облысы – 112 сағат 12 минут 46 секунд
Сонымен қатар бұл кезеңде Маңғыстау облысының Адай жылқысы рекорд жасады. «Рекорд» командасындағы 21 жастағы Мағжан Абдолұлы 1300 шақырымның соңғы 50 шақырымын бағындыруға таңғы сағат 7:10-да аттанып, Түркістандағы мәре сызығын 08 сағат 44 минут 09 секундта бірінші болып кесті. Астанадан Түркістанға дейінгі 1300 шақырымды бастан-аяқ 1 атпен еңсеруді мақсат еткен «Рекорд» командасының құрамы Астана қаласы, Маңғыстау мен Жетісу облыстарының шабандоздарынан құралған.
Мәреге жетісулық шабандоз екінші болып келсе, артынша астаналық шабандоз жетіп, «Рекорд» командасы діттеген мақсатын орындады. 1300 шақырымды 1 атпен бағындырған азаматтар 1-орын үшін 2,5 миллион теңге, 2-орынға — 2 миллион теңге, 3-орынға — 1,5 миллион теңге көлеміндегі сыйақы алады.
«Рекорд» командасының нәтижесіне тоқталсақ, Маңғыстау облысының жылқысы 1300 шақырымды 98 сағат 44 минут 47 секундта бағындырды. Ал Жетісу облысының тұлпары 100 сағат 04 минут 34 секундта еңсерді. Үшінші, астаналық сәйгүліктің уақыты 104 сағат 28 минут 11 секундты құрайды. Сонымен бірге командасы жарыстан шығып қалса да, жорықты өз еркімен жалғастырып, 1300 шақырымды жеке дара бағындырған 10 шабандоздың әрқайсысына төрешілер шешімімен 1 миллион теңге көлеміндегі қаржылай сыйлық бекітілді.
Бұл ғана емес, екі апталық аламанға қатысып, аттылы шабандоздармен бірге 1300 шақырымды бағындырған Бейнеу ауданының тумасы, Қазақстанның құрметті құрылысшысы, елге белгілі велошабандоз Раббим Борашовқа да төрешілер “Ең үздік жанкүйер” номинациясын белгіліп, 1 000 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлық тағайындады. Айта кету керек, Маңғыстаудың «Көкмойнақ» командасына жанкүйер велошабандоз бұған дейінгі марафон-бәйгеге қатысып, Түркістанға дейінгі 1 200 шақырымды бағындырған еді.
Жалпы 5-19 қыркүйек аралығында марафоншылар елордадан Түркістан қаласына дейін 1300 шақырымнан аса қашықтықты басып өтті. Марафон 14 сатыға бөлінген. Еліміздің 19 өңірінен марафонға 1 командадан қатысты. Марафонға қатысушыларға Ұлы Дала рухын сезінуге және киелі жерлеріміз – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға зиярат жасауға мүмкіндік туды.
Аламанның жабылуында Түркістан облысының өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынды. Сайысқа қатысушылар мен ұйымдастырушылар Түркістан облысы әкімдігіне ризашылықтарын білдірді.
Марапаттау рәсімі кешкі сағат 18:30-да «Түркістан-арена» стадионында өтеді. «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің бас серіктесі – «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі