«УӘДЕЛЕРДІҢ ОРЫНДАЛУЫН ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА ҰСТАЙМЫЗ»

185

Қазіргі таңда қоғамдағы түйткілді проблемалардың бірі – лудомания тақырыбы екені жасырын емес. Жастар арасында құмар ойынға қызығып, жаман әдеттің шырмауына түскендердің саны артып келеді. Қоғамдағы осы және өзге де мәселелер ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев және қалалық партия филиалының төрағасы Бахадыр Нарымбетовпен өткен кездесуде талқыланды.

Елнұр Сабыржанұлы елімізде еңбекқор, ұқыпты, білімді, белсенді жастардың көп болғанын қалайтынын атап өтіп, мемлекет жастардың болашағына айрықша көңіл бөлетінін жеткізді.
– Жастар арасында орын алған проблемаларды шешуге емес, алғышарттары мен себептеріне көп мән беруіміз қажет. Себебі, салауатты өмір салты, білім алу, кәсіп пен дағдыларды игеруде айтатын дүние көп. Мәселен, жастар бір саланың мықты маманы болуды емес, барынша жеңіл дүниелермен айналасуды алдыңғы орынға қойып жатыр. Соның алдын алу үшін кәсіби дамуға ден қойғанымыз абзал. Өршіп тұрған мәселенің бірі – лудомания тақырыбы. Себебі, қазіргі таңда еліміздің әрбір бұрышында букмекерлік кеңселер салынып, саны жыл санап артып келеді. Жарнамасына көз де, құлақ та үйренді. Жастар оңай жолмен ақша табуды көздеп, құмар ойынның құлына айналып отыр. Осы қауіпті індетпен күресу шараларын күшейту үшін арнайы заң қабылдау мәселесі қаралуда. Сонымен қатар вейп, кальян саудасы да қызып тұр. Бұл – қоғамның дерті. Оларды толығымен шектеу керек деп ойлаймын. Синтетикалық есірткі бойынша заңды жылдың соңына дейін пысықтап, өткіземіз, – деді Е.Бейсенбаев.
Мәслихат депутаттары, басқарма өкілдері, «Жастарды қолдау кеңесі» мүшелері, блогерлер, қоғамдық бірлестіктер, Жастар ресурстық орталығы, жастар ісі жөніндегі комитет төрағалары, мәдениет және спорт саласының жастары қатысқан шара еркін форматта өтті. Вейп пен электронды темекінің, құмар ойындардың жастар арасында таралуын тоқтату бойынша пікірлер айтылып, жаман әдетке қарсы күресу үшін бірқатар жобалар мен ұсыныстар тыңдалды. Жастар арасындағы жұмыссыздық, әлеуметтік мәселелер қозғалды. Сондай-ақ, Елнұр Бейсенбаев Шымкентте партияның жол картасы бойынша салынып жатқан бірнеше нысанды аралады.
Соның бірі – Ынтымақ-2 шағынауданында құрылысы жүріп жатқан жаңа емхана.
Заманауи талапқа сай бой көтерген емханада компьютерлік томография, цифрлы маммограф, УДЗ аппараты орнатылады. Онымен қоса жаңа емдеу орталығы ЛОР комбайн, электрокардиограф, электроэнцефалограф сияқты озық технологияларға негізделген қондырғылармен жабдықталады.
«AMANAT» париясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Б.Нарымбетов, Мәжіліс депутаты Д.Исабеков, мәслихат депутаты, қалалық фракция жетекшісі Қ.Имашев, мәслихат депутаттары Т.Балтабаев, А.Зейнетаев, қалалық партия Атқарушы хатшысының орынбасары Е.Айтбаев та құрылыс нысанында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті.
– «Үшінші қала» статусын алғалы бері Шымкентке жаңа елді мекендер қосылған. Ондағы халықтың басты проблемасы – инфрақұрылым. Әсіресе, тұрғындар таза ауыз су мен жол проблемасымен біздің партияға жиі шағымданады. Сайлауалды уәдемізде осы мәселелерді шешу үшін арнайы «Жол картасын» жасаған болатынбыз. Енді сол уәделердің орындалуын қатаң бақылауда ұстаймыз. Бағдарламада тұрғындардың денсаулығын жақсарту мақсатында жаңа нысандар салынып, халық игілігіне берілуі көзделген. Партия ең бірінші халықтың қажеттілін анықтап, соған сәйкес жүйелі жұмыс жүргізуде. Индикаторда белгіленген барлық тармақтың мерзімінде, сапалы орындалуын қадағалаймыз, – деді Е.Бейсенбаев.
Айта кетейік, Абай ауданына қарасты Ынтымақ-2 шағын ауданындағы 7000 шаршы метрді құрайтын ғимарат жеке инвестордың есебінен салынуда. Жоспарға сәйкес құрылыс мерзімі жыл соңына дейін аяқталып, ел игілігіне беріледі.

САЛТАНАТ ЖАМАЛДИНОВА

«ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ»