САУРАНДА БАСПАСӨЗ ТУРЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

177

Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың тапсырмасына сәйкес «️Сауран — Жібек жолының жауһары» атты баспасөз туры өтті. Оған облыстық телеарна мен басылым журналистері қатысты. Баспасөз туры аудандағы туризмді дамыту мақсатында ұйымдастырылды.

БАҚ өкілдері ауданның тарихи-мәдени орындарында болды. Оның бірі Ескі Иқан ауылындағы Жүсіп ата кесенесі. БАҚ өкілдері кесенені тамашалап, зиярат етті. Жүсіп атаның тарихынан мол ақпарат алды. Тарихи деректерге сүйенсек Жүсіп ата Қожа Ахмет Ясауидің замандасы, шәкірті, тағы бір аңыздарда жиені болғандығы айтылады. Ол туралы деректер көп сақталмаған. Аңыз, әпсаналар мен жергілікті көнекөз қариялардың айтуы бойынша Жүсіп атаны жергілікті халық «Ғашық Жүсіп» деп атаған. Оның мәнісі «Аллаға ғашық» дегенді білдіреді. Кесенеге демеушілер есебінен жөндеу жұмыстары жүргізіліп, абаттандырылған. Жыл санап мұнда келушілердің саны артуда. Қолдау тапса, кесенеге тағы да жөндеу жұмыстары жүргізілуі мүмкін.

БАҚ өкілдері мұнан соң соңғы үлгіде салынған AVICENNA-A» медициналық орталығында болды. Жобаға 2 млрд. 400 млн теңге инвестиция тартылған. Құрылтайшысы А.Усманкулов. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы басталған. Орталықта басы ауырып, балтыры сыздап келген науқасқа барлық жағдай жасалынған. Ота жасау бөлмелері бар. Онда заман талабына сай лазерлік индескапиялық соңғы үлгідегі аппараттар қойылған. Жан сақтау бөліміне бір мезетте 4 адамды қабылдауға қауқарлы. Соңғы үлгідегі аппараттармен жабдықталған. Сонымен қатар физотерапия, оңалту, зертхана бөлмелері бар. Емхана тәулігіне 500 адамды қабылдай алады. Емханаға қосымша құрал жабдықтарды алуға кәсіпкерлікті қолдау ұлттық жобасы аясында жеңілдетілген 7 пайызбен 700 млн.теңге несие алған.

Ауданда «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Жоба арқылы 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиеге қол жеткізгендер қатары күн санап артып келеді. Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі несиені мал шаруашылығына алуда. Солардың бірі — жылқы бордақылау ісін қолға алған Оранғай ауылының тұрғыны Е.Досжанов. Ол алдымен «Қарызсыз қоғам» бағдарламасы арқылы қаржылық сауаттылығын арттырып, бизнесті жүргізудің қыр-сырын үйренген. Кейіннен «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға өтінім беріп, 7 млн теңге көлемінде несие алған. Аталған сомаға Батыс Қазақстан облысынан 20 бас қарабайыр жылқы алып, мал бордақылауға кіріскен. БАҚ өкілдері мемлекеттен несие алып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған Е.Досжановтың тыныс-тіршілігімен танысты.

Мұнан соң, БАҚ өкілдері баспасөз турының соңғы нүктесі, ауданның символына айналған Ескі Сауран қалашығында болды. Көне шаһардың тарихымен танысты. Шамамен ХІV ғасырда салынған екінші Сауранның орны Түркістан қаласынан Қызылордаға қарай өтетін теміржолдың бойымен 45 шақырым жерде сақталған. Археологиялық зерттеулер кезінде Уәсифи жазған медресе мен кәріз құбырларының орындары табылды. Сондай-ақ шаһарда болған жұма және айт мешіттерінің қалдықтары қазылып, олардың сақталған бөліктері қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қазба кезінде шаһардың бас қақпасы мен оның сыртынан қазылған орға салынған аспалы көпірдің тұғырлары табылды. Қорғаныс қабырғасын қоршай қазылған терең ордың ішіне кезінде су жіберілген. Арнайы салынған қазба 48 қатар қаланған кірпішпен нығайтылған терең ордың тереңдігі үш метрден астам екендігін көрсетті. Қаланы қоршаған жаудың талай жауынгерлері осы ормен қабырғаны ала алмай жер құшқан. Қазба жұмыстары кезінде қабырғаға қадалған және ордың ішіне құлаған жебенің темір ұштары көп табылады.

Баспасөз турынан соң аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев журналистерге ауданның экономикалық дамуы мен әлеуеті туралы сұқбат берді. Алдағы атқарылар жұмыстарды екшеді.

Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі