«ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ» КММ-НІҢ САУРАН АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНА ЖАҢА БАСШЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сауран аудандық филиалына жаңа басшы тағайындалды. Жаңа басшы Раматуллаев Арсылан Серікұлын «Қоғамдық келісім» КММ-нің Түркістан облысы бойынша басшысы Эльмира Жанғазиева аудандық ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің төрағаларына таныстырды.
Эльмира Ұласбекқызы жаңа басшының алдағы атқаратын жұмыстарына табыстар тіледі. Еліміздің ынтымағы мен бірлігін нығайту жолында бірлесе қызмет етуге шақырды.
Ал, филиал басшысы аудандағы этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісімді нығайту бойынша жоспарларымен таныстырып, сенім білдіргендері үшін ризашылығын білдірді. Мемлекеттік этносаясатты тиімді жүзеге асыру барысында күш біріктіріп, бірлесе жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді.
Раматуллаев Арсылан Серікұлы 1988 жылы Сауран ауданы, Майдантал ауылында дүниеге келген. 2011 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін тәмамдаған. «Майдантал-2022» ЖШС-ның директоры, Сауран аудандық мәслихатының VIII шақырылымдағы депутаты. Мекеменің жаңа басшысы бұған дейін бірқатар жауапты қызметтерді абыроймен атқарған, сондай-ақ өңірдегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі