ЕСКІ ИҚАН — ҒҰЛАМАЛАР МЕКЕНІ

329

Осыған орай, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі журналистер жорығына төрт бағдарды бекітті. Алғашқысы Ескі Иқан аумағында орналасқан Жүсіп ата кесенесін тамашалау. Себебі, Мемлекет басшысы Жолдауында: «Еліміздің туристік әлеуетін де пайдалану керек. Туризм осындай серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді»,-деп шындықты жасырмай жариялады. Соның нақты көрінісі Жүсіп ата туристік сапар орталығының жұмыс істей бастағанына қарамастан әлі күнге дейін мұны Түркістан облысына ат басын тіреген саяхатшылар мен зиярат етушілердің хабарсыз болуы. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін журналистерді Жүсіп ата сапар орталығын бастан-аяқ ұйымдастырған жергілікті кәсіпкер Рахмоджан Абдусаттаровтың өзі бас болып кешенді атқарылған жұмыстарымен таныстыруы болды.

Журналистерді қатты таң қалдырғаны адамзаттың дамуына сүбелі үлес қосқан ежелгі ғасырлардағы ондаған ғұлама ғалымдардың, дала даналарының Ескі Иқанның құнарлы топырағынан шығуы. Туғанына 830 жылдан асып бара жатқан Қауамеддин-Әл Итқани-Әл Фараби-ат Түркістанидан бастап оннан астам көрнекті тұлғалардың алтын жалатылған бояулы бюстілері қаз-қатар тұр. Оның әрқайсысының өзі ғылыми орталықтың зерттеуіне сұранып тұрған ғұламалар. Ең өкініштісі бұлардың барлығының өмірбаяны мен атқарған қызметтері, тарихқа қалдырған мұралары өз елімізде сақталмағандықтан Рахмоджан Абдусаттаров әлемнің мұражайларынан тірнектеп жинаған. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Құм астында қалған қайран бабаларымыздың теперішті тағдыры мен білім қуып кезген ежелгі шаһарлардағы іздерін зерттеуді болашақ ғалымдарға тапсырып, журналистер табан тіреген Жүсіп ата кім болған, кесенені кім тұрғызған деген мәселеге тоқталайық.