ЖҮСІП АТА КЕСЕНЕСІН ЖАҢҒЫРТУ ҚАЖЕТ

291

Жүсіп ата кесенесі — Түркістан қаласынан 25 шақырым қашықтықта, Ескі Иқан ауылының орталығында орналасқан. Жергілікті маңызы бар ескерткіш. Тарихи деректерге сүйенсек Жүсіп ата Қожа Ахмет Ясауидің замандасы, шәкірті, тағы бір аңыздарда жиені болғандығы айтылады. Ол туралы деректер көп сақталмаған.

Аңыз, әпсаналар мен жергілікті көнекөз қариялардың айтуы бойынша Жүсіп атаны жергілікті халық «Ғашық Жүсіп» деп атаған. Оның мәнісі «Аллаға ғашық» дегенді білдіреді. Иқан ауылының жергілікті тұрғыны Иулдаш Нұршиддинұлының жеке мұрағатынан Жүсіп ата туралы бірқатар деректер табылған. Бұл деректерге сүйенсек Қожа Ахмет Ясауи сол заманда Яссы қаласының әкімі қызметін атқарған екен. Әкімнің бұйрығымен Жүсіп ата Иқан ауылына өкіл болып жіберіліпті. Ол кезде Иқан ауылы өзінің жүзімдерімен барлық елге танымал болған. Ахмет Ясауи Иқанға келгенде оған жүзімнің он екі түрінен жегізіпті. Сол кезден бастап Жүсіп ата сопылық ілімді толығымен меңгеріп, жоғарғы кемел дәрежесіне жетіп, әулие атанған екен.

Халық арасында Жүсіп ата туралы аңыз әңгімелер жетерлік. Сондай аңыздардың бірінде: Намазға әзірлік жасап жатқан Қожа Ахмет Ясауидің суын оның шәкірті Хакім ата рұқсатсыз алып жуынып қояды. Бұған ұстазы үндемейді. Келесі күні Ахмет Ясауи Хакім атаны түйеге отырғызып, «Түйе қай жерде тоқтаса, сол жерге түсесің» деп бұйырады. Түйе Хакім атаның айқайына да қарамай, тоқтамай Әмудария, Сырдарияны өтіп Хорезмнен бір-ақ тоқтайды. Ахмет Ясауи барлық шәкірттерін шақырып Хакім атаны кім Хорезмнен алып келе алады деп сұрағанда ешқайсысы үндемейді. Сонда Жүсіп ата тұрып Хакім атаны әкелуге келісімін береді. Сонда Ахмет Ясауи Жүсіп атаға «шатырға шық» деп бұйрық береді. Жүсіп ата шатырға шыққанда, шатыр әппақ түйеге айналады. Жолға шығар алдында Ахмет Ясауи шарт қояды. Хакім атаны әкелер кезде «қолын байлап әкелесің» дейді. Жүсіп ата жол бойы Хакім атаның қолын бос қойып, Түркістанға жақындағанда ғана қолын байлап әкеледі. Хазіреті Сұлтанның алдына келгенде ол Жүсіптің бұл ісі дұрыс емес екендігін айтады. Жаза ретінде Жүсіп атаны үш рет қамшымен ұрады. Жүсіп ата көзі тірісінде-ақ әулиелік дәрежеге жеткен екен.

Жергілікті көнекөз қариялардың айтуынша, 1930 жылдары Жүсіп ата кесенесінде діни кітаптар өте көп болған екен. Өкінішке орай, Кеңес үкіметі орнағаннан соң біршама кітаптар өртеніп кеткен. Бірақ кесене ішінде жерленген тұлғалардың құлпытастары толық сақталған. Олар: Сабыр ата, Құрбан ата, Жүсіп ата, Халил ата (Жүсіп атаның ұлы), Ибраһим ата, Әбдіжалил ата, Асан ата, Әбді Әзиз ата құлпытастары. Кесене ішіндегі жерленген тұлғалар «Жүсіп атаның ұрпақтары немесе шәкірттері болуы», — мүмкін деген тұжырымдар бар.

Көңілге медеу боларлығы Рахмоджан Абдусаттаровтың бастамашылығымен жергілікті кәсіпкерлердің Жүсіп ата кесенесімен оның маңайын абаттандырып, саяхат орталығына айналдырып жатқандығы. Мұнда қазірдің өзінде әлемнің көптеген мұражайларындағы дала даналарының кітаптары мен қолжазбалары, құран кітаптары жинақталған. Қазіргі таңда Қожа Ахмет Ясауи атындағы мемлекеттік қорық мұражайының құрамына еніп, туристердің тоқтайтын бір бағдарына айналуы. Бұл Жүсіп ата кесенесіне Түркістанға келген әрбір саяхатшы мен зиярат етушілерге кеңінен насихатталуы тиіс. Астыңғы іргетасы сызданып, көгеріп, құзданып, мүжіле бастаған Жүсіп ата кесенесіне күрделі жөндеу жүргізіп, қалпына келтіру жұмыстарын жасау кезек күттірмейтін мәселе.