АУЫЛ ІШІ АБАТТАНДЫРЫЛУДА

163

Қазіргі таңда Қазақстанның ХХХ жылдығы ауылында жалпы ұзындығы 43 шақырым ауыз су құбырлары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Бүгінгі күні ауылға сапалы ауыз су тәулік бойы қаладағыдай тұрақты жеткізілуде. Жаз айларында ауыз судан ауылдың төменгі жағына су берілуде біраз іркіліс болды. Алайда, қазіргі уақытта ауызсу жетіспеушілігін реттеу мақсатында Алтынсарин көшесінің бас жағында орналасқан су ұңғымасын ауызсу магистраліне қосу жұмыстары жүргізілу үшін жобалық сметалық құжаттамасы әзірленді. 2019 жылы Шаға және 2018 жылы Бершінтөбе ауылындағы жүргізілген ауыз су жүйесі пайдалануға берілді. Сенбіліктер өткізіліп, көшелер, алаңдар уақытылы тазаланып тұрады.

Қазақстанның ХХХ жылдығы, Шаға және Бершінтөбе ауылдарына газ құбырлары тартылып пайдалануға берілді. Қазіргі күні тұрғын үйлерді газ құбырына қосу жұмыстары толық тартылып, іске қосулы.

Биыл ауыл ішіндегі алты көшені жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда Молда-Мұса, Аманкелді, Т.Рысқұлов, Новай1,2 және С.Шакиров көшелері жарықтандырылады. Қазіргі кезде Новай1 және С.Шакиров көшелеріне жарықтандыру жұмыстары толығымен жүргізіліп, іске қосылды. Ал, Фурхат, Темірқорған, Тағайлы ата, Жастар көшелеріне мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес мердігерлер анықталып, қазіргі уақытта асфальттау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Фурхат, Тағайлы ата, Жастар көшелеріне асфальт төселді. Бұл жұмыстардан бөлек Қазақстанның ХХХ жылдығы ауылына төрт дана трансформатор, Шаға ауылына екі дана, Бершінтөбе ауылына екі дана трансформаторлар орнатылады.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында бізге нақты тапсырма берді. «Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн.

Мемлекеттің баға реттеу мәселесіне шектен тыс араласуы агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Бұл мәселені де шешу керек.

Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы ахуалды тұрақтандыру ісінде қазіргіден де маңызды рөл атқаруға тиіс. Бұл мекеме қажет кезде интервенция жасап, бағаның өсімін тежеп отырады. Азық-түлік корпорациясы нарықтағы жекеменшік иелерінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін, оны сақтайтын және сататын толыққанды желі құруына жәрдемдесуге тиіс», — деп нақты қадамдарды нұсқауы диқандар мен мал өсіруші мамандарымызды өз істеріне бұрынғыдан да гөрі зор жауапкершілікпен қарап, сапалы әрі өңделген өніммен қамтамасыз етуге жұмылдыра түсті.