ЖАСТАР ОРТАЛЫҒЫ — ЖАҢА БАСТАМАЛАР ҚАЗАНДЫҒЫ

144

Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Өмірханұлы Садибаев аудан жастарымен кездесті. Онда Мемлекет басшысының Жолдауындағы жастардың бастамашылығына қатысты тұстары сараланды.

«Адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалды. Әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі артты. Қоғамның саяси мәдениеті мүлде жаңа сипатқа ие болды. Алайда нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмауымыз керек. Осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажет. Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет», — дейді Президент.

Осыған орай саурандық жастар алдында атқарылатын үлкен міндеттер тұр.

Бұл туралы кездесу барысында Сауран аудандық жастар орталығының басшысы Айгерім Ералықызы сегіз айлық жұмыстың қорытындысы және алдағы бастамашылық істері бойынша баяндама жасады. Сондай-ақ күн тәртібіндегі мәселелер мен алдағы ауқымды жоспарларды жүзеге асырудың маңызды мәселелері талқыланды.

Кездесуде мамандар көкейлеріндегі сұрақтарды қойып, тұшымды жауап алды. Серік Өмірханұлы жастарды жалықпай еңбек етуге, жастар саясатын әрі қарай да жандандыра беруге және ауданның дамуы жолында өздерінің жастық жігерімен өңірдің дамуына сүбелі үлестерін қосуға шақырды. Алда атқарылар жұмыс жөнінде өз ойымен бөлісе келе, кезек күттірмейтін мәселелерді нақтылап айтты.

-Қолда бар ресурстарды барынша сақтай отырып, Мемлекет басшысының Жолдауындағы берілген нақты тапсырмаларды жүзеге асыру бүгінгі күннің басты міндеті,- деді Серік Өмірханұлы.