“ЖАНЫ ҚАЗАҚ ТАТЬЯНА ПОЛТАВСКАЯ..”

762

Иә, Татьяна Полтавская да қазаққа бөтен емес..
Елімізге аса танымал болған «Татьяналар триосының» құрамында өнер көрсеткен Татьяна Бурмистрова, Татьяна Мартыненкодан бөлек трионың құрамында жаны қазақ Татьяна Полтавскаяның орны ерек.
Көпұлтты Қазақстан осы Татьянасын да ұмытқан емес. Бүгінде Ресейде тұратын Татьяна Полтавская астанамызда өтетін басқосуларға шақыртылып тұрады.
Кезінде Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атанған Татьяна Дмитриевна 80-інші жылдардың басында өзінің керемет сопрано дауысымен сол кездері дүрілдеген «Алтыбақан» және «Тамаша» телебағдарламаларында да бірнеше рет өнер көрсеткен.
Қазіргі таңда мәскеулік Полтавская: «Қазақ елі – менің туған елім, кіндік қаным тамған жер. Иә, адам ретінде қалыптасып, өнер жолына түскен киелі өлкем ғой. Мен үшін мұнда келу өз үйіме, Отаныма оралумен бірдей. Мен көпұлтты Қазақстанда дүниеге келіп, алаңсыз өмір сүргенімді әр кез мақтан етемін. Мен – қазақ тілін КСРО заманында меңгеріп, қазақ өнерін бойыма дарытқан адаммын. Көп жылдан бері сыртта жүрсем де, қазақ тілінің ырғағы мен иірімін бір сәт те есімнен шығарған емеспін. Қазақ тілінде сөйлеу арқылы қазақ ұлтының бүкіл болмысын танып білдім. Қазақ тілі менің ой-санамды өсірді. Бұл тіл кеше, бүгін, мына жалған дүниеден өткенше жүрегімнің лүпілі секілді жан дүниемде бірге болады. Өмір бойы осылай қалатынына еш шек келтірмеймін. Қазақ елінде тұратын барлық азамат бұл тілді білмей, оқымай ғұмыр кеше алмаса керек. Тіл білудің құдіреті шығар, талай рет қазақ тілінде ән шырқадым. Қазақтың ұлттық киімін киіп сахнаға шығу бақытына ие болдым» дейді.

Сағыныш Асанова
Түркістан облысы