Ерсұлтан Әмірбек: “Ө-ӨЛЛ-Ә-Ә-Ә”, ШЫМКЕНТКЕ МЫҢЖЫЛҚЫ КЕПТІ..”
Шымкенттіктер шын қуанып, шын таңырқағанда “ө-өллә-ә-ә” дейтіні бар емес пе?.. Сол айтқандай үшінші мегаполистің бүгінгі үлкен әңгімесі “ө-өлл-ә-ә-ә”, Шымкентке дәрігер Мыңжылқы жұмысқа кепті” деген сөз “гу-гу” болып жатыр. Сүйінші жаңалыққа Шымкентте шын қуанбаған адам жоқ шығар сірә… Әрине, Мыңжылқыға құдай күніңді түсірмесін, бірақ өмір болған соң “ауру-сырқау” боп тұрады емес пе? Сол мезетте жақыныңа жанашыр, білікті дәрігердің болғаны қандай жақсы… Алтын қолды дәрігерді Шымқалаға шақыртқан қала әкімдігіне рахмет! “Сөзіңді біреу сөйлесе, тілің қышып бара ма?” демекші… Талай наухасқа шипа сыйлап, алғыс арқалаған Мыңжылқы бауырымыздың бары мен нарын Шыңғыс мырза секілді біз де “тәптіштеп” айта алмаспыз…
Шыңғыс Мұқан: Шымкентке тағы бір мықты қоныс аударды.
Бұл жолы денсаулық сақтау саласының жолы болды.
Дарынды дәрігер, қолы алтын нейрохирург Mynzhylky Berdikhojayev келді Шымкентке!
Мыңжылқыны өткен жылдан бері қызғалдақ-қалаға шақырып жүрміз. Былтыр басталған келіссөз бүгін сәтті аяқталды.
Бердіқожаев атақты “Совминканың” нейрохирургия бөлімінің жетекшісі. Мыңжылқыны бүкіл Қазақстаннан іздеп келеді. Консультациясына кезекке тұрады. Тіпті бір-бірінен естіп Қырғызстан мен Өзбекстаннан да науқастар Мыңжылқыны іздеп келеді. Шетелдіктерге жасалған әр отасы 20 мың долларға бағаланады. Ол қаржы елге келеді, денсаулық саласына келеді.
Қазір қаржы науқастың ізінен жүреді. Егер науқастар Оралдан немесе Семейден ота жасау үшін Шымкентке келетін болса, қаржы да Шымкентке келеді.
Шымкенттің әкімдігі медицина туризміне де көп көңіл бөліп отыр. Бұл, енді, басы. Санаулы жылдардан соң халықтың көбі Шымкентке келіп емделетін болады. Қазір мемлекеттік-жекменшік әріптестік арқылы Шымкентте 1000 төсекорындық суперзаманауи, сервисі 5 жұлдызды қонақүйдей аурухана салу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Іске қосылған соң, Түркия немесе Кореяға емделуге баратындар аттың басын Шымқалаға бұратын болады.
Жалпы, Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласының алдында тұрған міндет мынадай. Қаладағы ауруханалардың бір бөлімі болса да республикалық дәрежеде қызмет көрсете алуы тиіс. Біздің №1 аурухана трансплантология бойынша, №2 аурухана нейрохирургия бойынша маманданған саласының Қазақстандағы «нөмір бірінші» болуға тиіс.
Медицина туризмін дамыту үшін мамандарымыз мықты болуға тиіс. Ал мықтыларды Шымкентке шақыру оңай емес.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов айтқандай, Шымкент — астана болмаған алғашқы және әзірше жалғыз республикалық қала. Алматы 70 жыл Қазақстанның астанасы болды. Алматыға заманында бүкіл Кеңес кеңістігінен мамандар келді, қаржы құйылды, қаланы көтерді.
Нұр-Сұлтан қаласы соңғы 24 жылдан бері бой түзеп келе жатыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен жастар ағылды.
Елдің астанасына ақша тарту да, адам тарту да қиын емес. Табиғи тартылады. Ал облыс орталықтары мен Шымкент сияқты астана болмаған қалаға Нұр-Сұлтан мен Алматыдан мамандарды шықарып көріңіз…
Сол үшін Шымкентке келген әр мықтыға қуанамыз, жетістік көреміз.
Мықтылар ғана қалаларымызды мықты қалаларға айналдырады, мықтылар ғана елімізді мықты етеді.
Мықты болу үшін әр адам өз саласындағы компетенциясы жоғары болуға тиіс. Бір сөзбен айтқанда, сөздің емес, істің адамы болуы керек. Қазақстанды қарқынды дамыту үшін асылы қолынан іс келетін адамдар қажет.
Шымқаланы шынайы республикалық қалаға айналдыру стратегиясы жалғасын табады. Өз салаңыздың нөмірі біріншісі болсаңыз, Шымкентке беттеңіз.