АУДАН ӘКІМІ АЗИЯ ЧЕМПИОНДАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ
Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев ағайынды Төребек және Кемелбек Молдаштарды қабылдап, оларды жеңістерімен құттықтап, құрмет көрсетті. Сауран ауданы, Шаға ауылдық округінің тумасы Төребек Молдаш спорт саласында көптеген жарыстарда биік белестерді бағындырып жүр. Бүгінде Төребек Молдаш белбеу күресінен спорт шебері атанған.
Жуырда еліміздің бас қаласы Астанада өткен Әлем біріншілігінде топ жарған Төребек Молдаш Қазақстан Республикасының жеңімпазы атанған. Әлем чемпио-натына жолдама алып, сол жолдамамен Әлем бірінші-лігінде 75 кг салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер атанды. Ал, інісі Кемелбек Молдаш дзюдодан Кувейтте өткен ересектер арасындағы Азия кубогының қола жүлдегері, самбодан Монғолияда өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы атанған. Ағайынды Төребек пен Кемелбек Молдаштар әлемдік деңгейдегі жарыстарда атой салып жүрген балуандар.
Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшыларға алдағы уақытта ел намысын қорғап, биік белестерді бағындыра беруіне тілектестігін білдірді. Сонымен қатар, ауданның спорт саласының дамуына қосқан үлесі үшін арнайы Алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.
“Сауран-ақпарат”.